Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Дәрігерлерге, медицина саласына деген мемлекеттің қамқорлығы нәтижесінде барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелерінің базасы жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жылдан-жылға медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы артуда.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінде Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұрғындары мемлекеттік қамқорлықтың тағы бір шарапатын көрді. Бұған дейін көрші ауылдардың медициналық бекеттеріне қатынаған тұрғындарға жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Алғабастағы 1607 тұрғынға енді 5 медицина мамандары дәрігерлік көмек көрсетеді.

Сондай-ақ, 34 жылдан бері ауыл тұрғынының ыңғайластырылған жеке тұрғын үйін жалдап жұмыс істеп келген Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Қарой елді мекенінің дәрігерлері де жаңа ғимаратқа кірді. 1400-ге тарта тұрғыны бар аталмыш ауылда 4 ақ желеңді қызмет көрсететін болады. Аудан басшысымен өткен есептік кездесулерде айтылып жүрген өтініштерінің орындалып, медициналық бекет салынғанына тұрғындар дән риза.

Ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында қазығы қағылып, құрылысы басталған қос ғимараттың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат депутаттары Мақсат Айнабеков, Хамит Дүйсебаев, «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, тұрғындарды құттықтады. Денсаулық сақтау нысандарындағы заманауи үлгідегі әйелдерді қарап-тексеру, екпе егу, профилактикалық қарау, дұрыс тамақтану мектебі, дені сау бала, стерилизация, қақырық жинау, тұрмыстық шаруашылық және дәріхана бөлмелерін аралап көрді.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жаңадан 5 фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілген болса, биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған 7 нысанның 5-і ел игілігіне тапсырылды. Алдағы күндері тағы 2 нысан тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*