Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында мақта кластерін дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Аймақ басшысы «Cotton Makta» ЖШС мақта шикізатын өңдеу зауытының және «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының жұмыс барысымен танысты.

«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 90 мың тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге.

Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта дақылын еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасаған. Шаруа қожалықтарынан қабылданған мақта шикізатының 1 келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250-270 теңге аралығында бағаланған. Биыл 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген.

Мақта кластерін дамыту бұл өңірлік экономиканы қолдайтын стратегиялық бағыт. Мақта шаруашылығы – Қазақстанның оңтүстігі үшін экономикалық, әлеуметтік әрі өндірістік тұрғыдан ерекше маңызға ие сала. Әсіресе Түркістан облысындағы Жетісай және Мақтарал өңірлері осы бағыттың орталығы саналады. Мақта тек ауыл шаруашылығы өнімі ғана емес, ол – тұтас өндірістік тізбекті қамтитын, қосымша құн қалыптастыратын үлкен экономикалық жүйе. Сондықтан мақта кластерін дамыту – өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды міндет.

Бүгінгі күнге дейін 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталса, қалған бөлігі Түркия мемлекетіне жөнелтілуде.

Мақта кластері – егіс алқаптарынан басталып, мақта талшығын өңдеу, жіп иіру, мата тоқу, дайын тоқыма және тігін өнімдерін шығару сияқты бірнеше кезеңді қамтитын жүйе. Мұндай кешенді модель шикізатты тек сатумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы жоғары табыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салада жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік дамиды, бюджетке түсетін түсім көлемі артады.

Облыс басшысына «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы да баяндалды. Қазіргі таңда өндірістік нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Бұл бастама толық іске асса, кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіреді. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшылары мен басқарма басшыларына, аудан әкіміне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар беріп, мақта кластерін дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін айтты.

 

« – Мақта өсірудің табысты болуы ең алдымен технологияға байланысты. Су үнемдеу жүйелерін енгізу, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану – өнім сапасын арттырудың негізгі жолдары. Сонымен бірге цифрлық бақылау, агроаналитика, смарт-фермерлік жүйелері еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтады. Жалпы өңдеу саласын дамыту – басты басымдықтардың бірі.  Мақта өнімін терең өңдеу – кластердің негізгі өзегі. Мақта тазалау зауыттарын жаңғырту, жіп иіру және мата өндіру кәсіпорындарын көбейту, тігін және тоқыма фабрикаларын дамыту арқылы ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейтуге болады. Бұл жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға жол ашады.» – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

 

Мақта кластерін дамытуда мемлекет қолдауы үлкен рөл атқарады. Инфрақұрылым тарту, субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, арнайы экономикалық аймақтар мүмкіндіктерін пайдалану – инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Мемлекет, кәсіпкерлер және фермерлер арасында өзара әріптестік орнағанда ғана кластердің тиімділігі артады. Халықаралық нарыққа сапалы, стандартқа сай дайын өнім шығару – басты мақсаттардың бірі. Брендтік тоқыма және тігін өнімдерін дамыту, сыртқы нарықтармен тұрақты байланыс орнату арқылы Қазақстан мақтасының беделін көтеруге мүмкіндік бар.

Мақта кластерін дамыту – тек ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру емес, өңірлік өнеркәсіптің дамуы, жаңа өндірістердің ашылуы, халықтың табысының артуы деген сөз. Жүйелі жоспар, заманауи технология, инвестиция және тиімді басқару – табысты кластердің негізгі кепілі. Осы бағыттағы нақты жұмыстар өңір экономикасына жаңа серпін беріп, елдің агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайта түседі.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*