Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері өтті. Этноауыл аумағында ауданнан шыққан танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі қойылып, жиылған қауым аудан мәдениетімен кеңінен танысты.

Бұдан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, ауылшаруашылық өнімдерінің және ұлттық тағамдардың көрме жəрмеңкесі халыққа ұсынылды. Қалаға келуші туристер ұлттық астан дәм татып, өз пікірлерін білдірді.

Шарада «Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді» атты салт-дəстүр, əдет-ғұрыптардан көріністер сахналанды. Көне салт-дәстүрлер дәріптелді. Қазақ руханиятының төл тұмары саналатын терме, халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламалар көрсетілді. Мархабат Байғұттың «Машаттағы махаббат» повестінен көше театры стилінде «Мақталы» халық театры музыкалық-сахналық қойылымды сомдады.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, бес асық, гір тасын көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрестен көрермендер мен спорт мектебінің мамандары арасында жарыстар ұйымдастырылды.

Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Екі күнге созылған мәдени шара «Керуен сарай» алаңында өткен мерекелік гала-концертпен қорытындыланды. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов қатысып, ізгі лебізін арнады.

Мың жарым жылдан астам тарихы бар, қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған киелі Түркістан қаласының аспан астында аудан әншілері «Қызғалдақты –Түлкібас», «Саржайлауым», «Қазақстаным» атты әндерді шырқаса, бишілері «Айгөлек» сынды би қойылымдарын қалың жұртшылыққа паш етті.

Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібастықтар қазақы мәдениет пен көне салт-дәстүрлер дәріптеп, ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіп, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттай білді. Аудан өнерпаздары алаңды думанды ән-биге бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына көңілді кеш сыйлады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*