Отырар ауданының Көксарай ауылында туған жерге деген жанашырлық пен сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болған игі бастама қарқын алып келеді. Ауыл жастары мен жасы жетпістен асқан қарияларға дейін бірлесіп, елді мекенді көркейтуге білек сыбана кірісті. Кіреберіс күре жолдың бойына көшет отырғызылып, қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауыл ішіндегі көшелерді көгалдандыру ісі де назардан тыс қалмаған. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясының мақсатымен үндесіп, Көксарай ауылының экологиялық жағдайын жақсартуға әрі келбетін көркейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы екеуміз атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет егу ісіне атсалыстық. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың белсенділігін атап өтіп, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін жоғары бағалады. Мен де, “AMANAT” партиясының Отырар аудандық филиалының және аудандық мәслихаттың төрағасы ретінде, Көксарай ауылында бастау алған бұл ортақ істің ауданымыздағы елді мекендерге үлгі боларына сенемін. Тазалық пен тәртіп, ынтымақ пен ұйымшылдық – ауылдың көркеюінің басты кепілі. Ауыл тұрғындары мен белсенді азаматтардың еңбегіне өз атымнан және аудандық мәслихат депутаттарының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Бірлесе атқарылған еңбек – туған өлкенің дамуына қосылған үлкен үлес.
Қоғамдық шара аясында 15 шақырым аумақ қоршалып, 8000-ға жуық көшет отырғызылды. Алдағы жылдары бұл бастама жалғасын тауып, екі жыл ішінде егілген көшеттер санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл – Көксарайдың келешегіне жасалған маңызды инвестиция. Ауылына жанашыр азаматтары бар елдің еңсесі әрқашан биік болады! Ауыл – біздің түп тамырымыз, береке-бірліктің бастауы, ұлттық құндылықтың тірегі. Ауыл көркесе – ел көркейеді, ауыл дамыса – мемлекет күшейеді. Сондықтан ауылды көркейтіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін ең алдымен тазалық пен тәртіп, ынтымақ пен ұйымшылдық керек. Бұл – жай сөз емес, ауылдың нақты болашағын айқындайтын басты қағидалар.

Тазалық – мәдениеттің өлшемі. Тазалық – тек қоқыс жинау емес, ол қоршаған ортаға жанашырлық, өз үйіңе, өз еліңе деген құрмет, ұрпаққа аманат қалдыру мәдениеті. Ауламыз таза, көшелеріміз таза, арығымыз ашық болса – ауылымыздың келбеті де, тұрғындардың денсаулығы да жақсы болады. Әр адам «тазалық – меннен басталады» деген ұстаныммен жүрсе, ауылымыз әрдайым көрікті, шырайлы болып тұрады. Ал, тәртіп дегеніміз барлық жерде дамудың негізі болып саналады. Тәртіп бар жерде жұмыс ретімен жүреді және жауапкершілік артады, қоғамда өзара құрмет қалыптасады. Тәртіпсіз өскен ортада береке болмайды. Жолда, қоғамдық орындарда, тұрмыста тәртіп сақталса, ауыл өмірі жеңілдейді, тіршілік жүйелі болады. Осы тұста ауылдың тынысы мен жүрегі ынтымақ пен бірлік екенін айтқым келеді. Қазақ «бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Ынтымағы жарасқан ауылда дау аз, түсіністік көп болады, ортақ іске бәрі атсалысады және бір-біріне қолдау көрсететін қоғам қалыптасады. Көксарай ауылының тұрғындары да осындай игі істердің үлгісіне айналып отыр. Бірігіп, бір бағытта еңбек еткен халық қашанда мықты болады. Ынтымақ бар жерде қиындық жеңіледі, бастама жүзеге асады, игілік орнайды. Ауылдың ұйымшылдығы жоспарлы жұмыс, ортақ мақсат, нақты әрекеттерден көрініп тұр. Еріктілер қозғалысы, сенбілік, қоғамдық кеңестер жұмысы – бәрі ұйымшылдықтың көрінісі.

Ауылымыздың тазалығын сақтауға, көркейтуге және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысып жүрген барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамыз! Туған жерге деген жанашырлық, ортақ іске деген жауапкершілік – нағыз азаматтық ұстанымның көрінісі. Ортақ еңбектің нәтижесінде таза, әсем ауыл болуға қадамдар жасалуда. Сенбілікке қатысып, көшелерді тазалауға, арықтарды ашуға, қоқыс жинауға, жас көшеттер отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына үлес қосқан әрбір тұрғынның еңбегі зор. Ауылдың көркеюі тек биліктің емес, халықтың да қолдауына байланысты. Осы тұрғыда тұрғындардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі, ортақ іске жұмылуы – ауылдың ең үлкен байлығы. Осындай ұйымшылдық пен бірліктің арқасында ауылымыздың келбеті жақсарып, тазалығы сақталып, көркі артты. Бұл – бәріміздің ортақ жеңісіміз.Тазалыққа үлес қосып, елді мекеніміздің көркеюі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген әрбір азаматқа алғыс айта отырып, алдағы уақытта да осы игі дәстүрді жалғастыра беруге шақырамыз!
Ұзақов Уалихан Жамалханұлы – “AMANAT” партиясының Отырар аудандық филиалының және Отырар аудандық мәслихатының төрағасы.