Сондай-ақ, әр аптаның сенбісінде мемлекеттік қызметкерлер де игі іске қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына қатысады. Атап айтсақ, Мақтаарал ауданында республикалық акция аясында 750-ге жуық мемлекеттік қызметші, түрлі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысып, бірлесіп табиғатты қорғау ісіне үлес қосты.
Сенбілік барысында негізгі назар ағаш егу мен көгалдандыру жұмыстарына аударылды. Ауданның түрлі аумақтарында мыңнан астам көшет отырғызылып, елді мекендердің жасыл желек қорын арттыруға маңызды қадам жасалды. Іс-шараны тиімді ұйымдастыру үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен жұмысқа қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілді.

Тек көшет егіп қана қоймай, сенбілікке қатысушылар үлкен жолдардың бойы мен қоғамдық орындарды тазалап, аудан аумағын қоқыстан арылтуға белсене атсалысты. Бұл жұмыстар тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, туған жердің тазалығына деген жауапкершілігін арттыруды мақсат етті.
Аудан әкімі Бақыт Асанов атқарылған жұмыстарды арнайы аралап, сенбілік барысын өз бақылауына алды. Ол көшет егу жұмысына өзі де белсене қатысып, жастармен пікір алмасып, талды дұрыс отырғызу тәсілдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімнің айтқанындай, әрбір отырғызылған көшет – ауданның болашақ экологиялық әл-ауқаты мен көркем келбетіне қосылған үлес. Айта кетейік, аудан басшылығы алдағы уақытта да осындай игі шараларды жалғастырып, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер де бұл бастамаға қолдау білдіріп жүр. Солардың бірі Сарыағаштық кәсіпкер, «Сұңқар Мед» клиникасының бас директоры Сұңқар Бердалыұлы демеушілік көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар, тал көшеттері және сырлау материалдарын қамтамасыз етті. Бұл абаттандыру жұмыстарының сапалы әрі тиімді жүргізілуіне мүмкіндік берді. Сенбілік барысында аллея аумағы қоқыстан тазартылып, құрғақ шөптер мен сынған орындықтар ретке келтірілді, ағаштардың түптері босатылып, суғарылды, арнайы қоқыс жәшіктері сырланды, шырша көшеттері отырғызылды. Әр талдың түбі қопсытылып, суарылды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар сырланып, жаңартылды. Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері іс-шараға белсене қатысып, аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды. Сенбілік Сарыағаш қаласының көркейуіне үлес қосып қана қоймай, жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруға бағытталған игілікті шара болды.

Сондай-ақ, Арыс қаласында да жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтіп, қала әкімі Қайсар Маңқараев бастаған ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары Құрметті азаматтар аллеясына көшеттер отырғызды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы ұйымдастырып, жер телімдерін әзірледі. Игі іс «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп ағаш отырғызылды. «Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы.
Одан кейін Арыс–Шардара автожолының бойында мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер.Жаппай ағаш отырғызу шарасы қала экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.

Мемлекет басшысының бастамасы тек тазалыққа шығу емес, оны келешек ұрпаққа насихаттауымен де маңызды. Бұл бағытта «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінде қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды.Іс-шараға Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Н.Садыков, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев және оқу ордамыздың белсенді студенттері қатысты. Кездесудің мақсаты – студенттермен тиімді кері байланыс орнату, экологиялық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында Нұрбек Садыков қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық заңнама талаптары туралы кең көлемде ақпарат берді. Азаматтардың экологиялық құқықтары мен міндеттері жайлы түсіндірме жасады. Студенттер тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға нақты және толық жауаптар ұсынды. Кездесу барысында жастардың экология саласына деген қызығушылығы мен белсенді ұстанымы байқалды. Аталған іс-шара қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтуға, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарауды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды. Одан бөлек, “Таза Қазақстан” акциясы аясында өңірдің білім ордаларында сынып сағаттары өткізіліп тұрады.

Қорыта айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы – бұл бір күндік шара емес, бұл өмір салты. Ол қоршаған ортаны қорғауға, халықтың денсаулығын сақтауға және елдің көркеюіне бағытталған маңызды бастама. Әрбір азамат тазалыққа өз үлесін қосқанда ғана Қазақстан шын мәнінде таза, көрікті әрі жайлы елге айналады. Таза орта – дені сау ұлттың, жарқын болашақтың кепілі.