Түркістан облысы мәслихатының депутаты Мағауия Тұрысбеков туған жерге қамқорлығын білдіріп, Созақ ауданына 5 арнайы техниканы тарту етті.
Бұл техникалар көше тазалығымен коммуналдық қызметтердің сапасын арттырудағы мүмкіндік береді. Тракторлар арнайы қоқыс тасымалдауға арналған жетек, көше сыпыру және қар тазалауға қажетті жабдықтармен толықтырылған.
Осындай игі іске аудан тұрғындары мен ақсақалдары алғысын білдіріп, Мағауия Сексенбайұлының демеушілігімен жүзеге асырылған жұмыстарды жоғары бағалады. Енді жаңа техникалар ауданның әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек.
Облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбеков өз сөзінде: «Бұл бастама – тек аудан үшін ғана емес, бүкіл еліміздегі экологиялық тазалықты жақсартуға бағытталған үлкен жобаның бір бөлігі. Бұған дейін ауданда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы аясында сенбілік жұмыстарына атсалысып, тал егу жұмыстарын жүргіздік. Сол сәтте ауданымыздағы техникалық құралдардың жетіспеушілігі байқалды. Осы мәселені шешу үшін тазалыққа қажетті техникалар жеткізуді көздеп, бүгінгі күнге сәті түсті. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп атап өтті.
Айта кетейік халық қалаулысы бұған дейін көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баспана сыйлаған болатын. Сондай-ақ, Жыныс ата ауылына мешіт салып берді. Жалпы Мағауия Сексенбайұлы көптеген қайырымды істерді атқарып, жақсы істерге демеу болып жүретін азамат.