Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып келеді. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аймақтағы бірнеше маңызды нысандардың құрылыс, көгалдандыру және инженерлік жұмыстардың орындалу барысын ұдайы аралап, жұмыс қарқынын басты бақылауға алған.

Алдымен жаңа қала аумағындағы құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын толық жою және нысандардың сыртқы қоршауларын ретке келтіру жұмыстары назарға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болып, жауапты сала өкілдерімен тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады. Шахар басшысы құрылыс нысандары тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізуді және қоршаған ортаны қорғауды, қоқыс қалдықтары дер кезінде тазалауды тапсырып, жауаптыларға ескертулер жасап келеді.

Қаладағы негізгі магистралды бағыттардың бірі – Саттарханов даңғылы мен Әуежай тас жолы бойында да көгалдандыру жұмыстары қызу қарқынмен жалғасуда. Жалпы әуежай мен Саттарханов даңғылы бойына 15 000 түп раушан гүлі отырғызылуда.

Сондай-ақ, Жібек жолы тұрғын үй кешеніне апаратын 26-көшеде жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жол сапасы, инфрақұрылымдық стандарттардың орындалуы және жұмыс кестесіне сәйкестігі мұқият тексеріліп, тараптардан тиісті ұсыныстар берілген.

Айта кетейік, 5,2 гектар аумақты қамтитын «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы да белсенді түрде жүріп жатыр. Арендалық және кредиттік үйлерден тұратын бұл жобада 344 пәтер қамтылған. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде бітіру бағытында жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар нысанның аймағын абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы 5000 орындық мешіттің құрылыс, абаттандыру жұмыстарын да басты назарға алып отыр. Қазіргі таңда қасбет және мұнара толық дайын, инженерлік жүйелер тартылып, терезелер орнатылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30-дан астам жұмысшы мен 9 техника жұмылдырылған. Алдағы уақытта мешіт аумағында жасыл желек көлемін арттыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы негізі жолдардың бірі- Айналма жол бойына қоршау орнату және Б.Майлин көшесіндегі реконструкциялау жұмыстарының мәселесі қаралып, тиісті сәулеттік ұсыныстар зерделенді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өндірістік парк пен арнайы экономикалық аймақ аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды аралап, инфрақұрылымды ретке келтіру және тазалық деңгейін күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бүгінде мұнда 5000 түп ағаш отырғызылып, кіші өндірістік 5 ғимараттың құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

« – Түркістан – тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл еліміздің рухани астанасы, тарих пен мәдениеттің тоғысқан қасиетті мекені. Осындай киелі шаһарды көркейту, абаттандыру және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – уақыт талабы әрі әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Түркістанды абаттандыру – бұл тек жол салу немесе көгалдандыру ғана емес, бұл тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, туристерге қолайлы жағдай жасау, қала келбетін жақсартып, халықаралық деңгейдегі мәдени орталыққа айналдыру. Көгалданған көшелер, тынығу орындары, таза аулалар – халықтың денсаулығына, көңіл-күйіне, өмір сапасына тікелей әсер етеді. Түркістан көркейсе – өңір дамиды, өңір дамыса – ел экономикасы нығаяды.» – дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы

Қала инфрақұрылымын дамыту дегеніміз: сапалы жолдар, тұрақты жарық және газ жүйесі, таза ауыз су мен кәріз жүйесі, қоғамдық көлік қызметінің жақсаруы, қауіпсіздік, цифрландыру және коммуналдық қызметтердің қолжетімді болуы. Аталған бағыттағы жұмыстар облыс орталығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Тиісінше инфрақұрылым дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылып кәсіпкерлік өркендейді, инвестиция тартылады, қала бюджеті көбейеді және жастарға мүмкіндік пайда болады. Сонымен бірге, туристік әлеует артады. Түркістанға келген әр қонақ қала мәдениетін, тазалығын, тәртібін көріп, жақсы пікір қалыптастырады. Бұл – халықаралық деңгейдегі беделдің қалыптасуына мүмкіндік береді. Одан бөлек қаланы абаттандыру жұмыстары экологиямен тікелей байланысты. Көгалдандыру, саябақтар салу, көшелер мен арық-атыздарды қоқыстан тазалау – табиғатты қорғаудың маңызды бөлігі. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалатын игі іс деп айтуға болады.

Расында Түркістанды көркейту – тек биліктің жұмысы емес, баршаның міндеті. Әр тұрғын таза ұстауға, тәртіп сақтауға, жасалып жатқан жұмыстарға қолдау көрсетуге үлес қосса – қасиетті шаһар нағыз заманауи, жайлы, тартымды қалаға айналады.

@Ақерке Исманова – TAQ.KZ ақпараттық агентігінің тілшісі.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*