Түркістан қаласы — қазақ халқының рухани құндылықтары мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын айшықтайтын, 1500 жылдан астам тарихы бар руханияттың ордасы. Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының бүгінде тарихи нысандары да жетерлік. Түркістан ежелгі тарихтан сыр шертеді. Бүгінде тарихи орындарды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Бұл бағытта «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары да қазақ халқының рухани астанасы болған қаланың рухани құндылықтары мен ел тарихын дәріптеп келеді. Музейдің тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы С.Салходжаев өткен кезеңдердегі маңызды деректермен бөлісті.
-Түркістан қаласы — Ясы деген атпен II-XIVғғ аралығында өмір сүрген бекіністік қалашықтың өмірінің жалғасы болып табылады. Жүздеген жылдар ағымында қала өркендеді, бет-бейнесі өзгерді. Бүгіндері XIV-XIX ғғ. аралығындағы Ескі Түркістан шаһарының орны 88.7 га аумақты алып жатыр. Шекарасы бойынша қала қорған қабырғалар және орлармен қоршалған. Қамал қабырғасының жалпы ұзындығы 3 км-ге жуық, оның 11 мұнарасы болған. 1875 жылғы Түркістан қаласының жоспарында 5 қақпаның топографиялық түсірілімі бар. Олар: Дарбаза, Мүсәллә, Тәкиә, Жеті ата және Иқан қақпа. Бұл Орталық Азияның орта ғасырдың соңындағы ірі қалаларының бірі. Ол дәстүрлі түрде төрт әкімшілік бөлікке бөлінген, оларды ақсақалдар басқарған. XIX ғ. 60 жылдары Түркістан қаласында 20 махалләлік мешіт, 2 медресе, 22 су диірмені, 15 шеберхана жұмыс істеген. 1864 жылы халық саны 5000-ға жуық болған. Қазіргі танда Көне Түркістан қаласының аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім, Есім хан, Тәуке хан кесенелері секілді бірқатар Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан.
Ал, Цитадель қамал қабырғасы республикалық маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласының ежелгі тарихынан сыр шертетін тарихи орынды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Цитадель қамал қабырғасы (ХVІ-ХІХғғ.) — Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігін қоршай орналасқан фортификациялық құрылыс түріне жататын ескерткіш. ХVІІІғ. бас жағында жасалған Түркістан қаласының фортификациялық құрылысы жайлы алғашқы сызбада қала мұнарасы қорған қамалмен қоршалған. 1947 жылы А.Н.Бернштам жетекшілігіндегі экспедиция Түркістан қаласының цитаделі мен шахарістанының сақталынып қалған қамал қабырғаларының жоспарын түзеді. Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген.
Қазба барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылады. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979жж. реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген. Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі.
С.Салходжаев — «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы.
Тарихшылар мен ғалымдар тұран даласының ежелгі тарихы біздің елдігіміз бен бірлігіміздің, ата-бабадан дарыған дархан пейіліміздің, рухы асқақ айбынымыздың белгісі екенін айтады. Осы тұста филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Балтагүл Оспанова Түркістан мен қазақ халқының ғұмыры біте қайнасқан, ұдайы үндескен, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, бөле жаруға болмайтын тарих екенін айтады.
-Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда. Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы деуге болады. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі. Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.
- Шавгар – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап, Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылдан бастап, Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың небір хандары мен билері жерленген.
- Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы. Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық Мемлекеттік тарихи-мәдени «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайын» айтуға болады. Тарихи мұражай қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рабия Сұлтан Бегімнің мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т.б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, алғашқы тарихи мұражайлардың маңызы ерекше.
- Ортағасырлық Түркістан қаласының маңызы, мұнда ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары сақталған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3,5 шақырымға жуық. Жер қабаттарын зерттеулер бойынша, қаланың қамалы Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVII ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістанның бақыты. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Яссауи тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауидің бейітінің үстіне салынған. Бұл ғимаратты XIV ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Ол – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстардың бірі. Оның негізін жамағатхана, қабірхана, мешіт, үлкен және кіші Ақсарай, кітапхана, асхана, құдықхана және хужра бөлмелерін құрайды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш.
- Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін 1598 жылы тарих сахнасына Есімхан шығады. Ол кесене жобасында төртбұрышты, оның қасбеттері-фасаттары плиткалармен қапталған. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда, бұл құрылыс XVII ғасырда салынған. Кесенеге қазақ ханы, кейінгі ортағасырлық Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері Есім хан 1628 жылы жерленген. Есім хан бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға қатысқан, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған батыр. Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене.
- Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Жобасында төртбұрышты. Ол ішкі 8 қырлы және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілхайырдың әйелі болған.
- Қылует жер асты мешіті. (ХІІ-ХІХ ғасырлар) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстікте, 150 метр қашықта орналасқан. Оның салынуы Ахмет Яссауидің есімімен тығыз байланысты. Құрылыс ХХ ғасырдың 40-жылдарында толығымен бұзылып, қыштарын зауыт салуға қолданылған. Археологиялық, архитектуралық зерттеулерге сәйкес 1941 жылы жасалған макетке сүйене отырып, Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген. Құрылыстың ең көне бөлігі – ғартхана (XII ғ.) бөлмесі болып табылады. Жер бетінен 4 метр тереңдікте орналасқан бұл бөлменің көлемі 1,5 х 1,5 метр. Ахмет Яссауи пайғамбар жасына толған соң, қалған өмірін жер астында өткізген.
- Ортағасырлық шығыс моншасы. (XVI ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 150 м қашықта орналасқан, 7 бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген. 1979 жылдан бастап, оның негізінде Шығыс моншасы мұражайы ашылған.
- Құмшық ата жер асты мешіті. (ХІІ ғасыр) Ахмет Яссауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым қашықта орналасқан. Жер асты мешіті сопылардың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Ол да күйдірілген қыштан салынған. Сопылардың діни рәсімдер өткізуіне арналған. Құмшық Ата мешіті екі бөлмелі, ұзынша келген (10 м-ге жуық) ені тар дәлізді, шыға берісінде есігі бар үңгір құрылыс. Шаршы шикі кірпіштерден қаланған. Түкпірдегі мекен-жай көлемі 2х2 м-ге жуық, биіктігі 1,6 м, төбесі шатырлы күмбезбен көмкерілген. Оған іргелес диаметрі 2,5 м және биіктігі 2 м-дей дөңгелек пошымды үй күмбезделіп жабылған. Дәлізі иірлі келген, негізгі құрылыс күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезбен көмкерілген. Төбенің орта деңгейінен құдық тәріздес, диаметрі 1 м-дей, дәлізге жарық түсетін ойық жасалған. Жер асты мешітіне кіретін есік қирап қалғандықтан, баспалдақтың сатылары анықталмаған. Мешіт пен дәліздің қабырғасы шаршы пішінді күйдірілген кірпіштен өрілген. Бөлме қабырғаларында шырағдан қоюға арналған шағын қуыстар бар. Құрылыстың ішкі құрылымы сыланбаған. Жер асты мешіті Х-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әулие Құмшық Атаның есімімен байланысты айтылады. Зерттеулер Құмшык Ата мешіті ХІІ ғасырдан бастап халық жиналып, діни уағыздар рәсімі өтетін орын болғанын растайды
- Гауһар ана кесенесі. Тарихи деректер бойынша, Гауһар ана – Қожа Ахмет Яассауидің қызы. Гауһар ана бейіті – тарихи-архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі. Кесене Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлігі жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Гауһар ана кесенесінің ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабірдің орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қаббірдің жанынан зиратшыларға арналған үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған.
- Әлқожа ата кесенесі. Кесене ХІІ-XV ғасырлар шамасында салынған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен шығысқа қарай 2,5 км жерде Ә.Тұтқабаев көшесінің бойында орналасқан. 1997-1999 жылдар аралығында өзінің сәулеттік ерекшеліктері толық сақталып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қабірхана, жамағатхана және бастырмадан тұратын ескерткіш күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабірхана мен Жамағатхананың бөлмелері күмбезделіп жабылып, төрт жағынан терезе ойықтары орнатылған. Бастырмасы айнала төрт қырланып, кірпіштен өрілген. Халық аузындағы аңызға қарағанда, Әлқожа ата Қожа Ахмет Яссауидің күйеу баласы, яғни Гауһар ананың күйеуі болғандығы айтылады. Жалпы қорғау аймағы 3,0 гектар.
- Жұма мешіті. Республикалық маңызы бар ескерткіш болып табылады. Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығының құрамына кіреді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 125 метр қашықтықта, «Қылует» мешітінің жанында орналасқан.
- Шілдехана. XII-XIV ғасырлардағы сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ескерткіш қиратылып, 1980 жылы қалпына келтірілді. Шілдехана – бұл жартылай жер асты ғимараты, оның сақталған бөлігі жер астында, беткі жағынан 2 м тереңдікте орналасқан.
- Цитадель – қамал қабырғасы. Қамалдың, рабадтың және Қожа Ахмет Яссауидің айналасындағы бекініс қабырғасы XV-XIX ғасырлардан бері келе жатқан мұраға жатады. Ескерткіш қамал қабырғасының жұрнақтары болып табылады. Қабырғаларды қала қабырғаларына іргелес шамамен 150 метр болатын шұңқырмен қаптаған. Қабырғаның сақталған бөліктері биіктігі 10 метрге дейін көтерілген.
- Қақпалар. Халық арасында «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі, ХІХ ғ. қалған Жеті ата, Тәкиә, Мүсәллә және Дарбаза қақпаларының дәл орындары анықталып, археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қақпалар ортағасырлық Түркістан кезінде тұрғызылған.
- Хан ордасы. Бұл жер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 300 метр қашықтықта орналасқан. Ең алғашқы ақпаратты XVIII ғасырдың соңында құрастырылған орыс археологиясының жетекшісі Д.г.Мессершмидт картасынан табуға болады. 1875 жылғы қала жоспарымен 1954 жылғы картамен салыстыра отырып, жоспар-сызбаларымен бір хан ордасының нақты орналасқан жерін көруге болады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі ғимараттардың XVII ғасырдың соңында немесе XVIII ғасырдың бірінші жартысында салынғанын көрсетті.
- Күлтөбе ескі қаласының орны. Күлтөбе ортағасырлық Түркістан қаласының шығыс жағында, Қ.А. Яссауи кесенесінен оңтүстікке қарай 480 м жерде орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі 235 м. Сопақша келген, биіктігі 9 м, аумағы 150х120 м ауқымды төбешік болып келеді. Ескерткіштің топографиясы күшті өзгеріске ұшыраған. Күлтөбеде алғашқы болып археологиялық қазба жұмыстары 1972-1974 жж. Т.Н.Сенигова басқарған Түркістан отряды арқылы жүргізілді. Белгілі археолог Е.А. Смағұловтың пікірінше, қала б.з.д. ІІ ғ. Жібек жолымен қатар қалыптасқан.
Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де, киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.
Өткен жылы Түркістанға 1300-ден астам туристер келген. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.
Ежелден рухани астана болып саналған түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.
Түркістан халқына және киелі қаланы арнайы көруге келген, саяхаттаушы туристерге барлық жағдайды жасау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі қолға алынып, шаралар жүргізілуде. Айта кетсек, сәулетті «Керуен-сарай» кешені іске қосылған. «Керуен-сарай» шығыстық жаңа үлгіде салынған. Келген қонақ, туристерге барлық жағдайы қарастырылған. 40 мың шаршы метрге созылған аумақты жағалай, айналдыра салынған толық қолайлы қонақ үйлер, дәмханалар, ойын-сауық орындары, түрлі аттракциондар, т.б ерекше көз тартады. Зәулім сарай 510 орындық «Облыстық Драма театрының» сұлулығы көз тартады. Бүгінде театр ұжымы өз жұмысын бастап, алғашқы қойылымдарымен көрермендерін қуантуда. Қала ортасынан бой көтерген ерекше сәнді «Амфитеатрдың» өзі не тұрады. Бейне бір ашық, жан-жағынан еркін кіретін дала театры ма дерсің! Сонымен қатар, Түркістанда «Хазірет Сұлтан» Халықаралық әуежайы пайдалануға берілді. Түркістаннан ұшаққа міне алады, Түркістанда ұшақтан түсе алатын жағдай түркістандықтардың өмірбойғы қолжетпес арманы еді. Бұл арманға да Алла жеткізді! Осындай қажетті нысандар қала туризмін дамытуға елеулі серпін берді. Осы жұмыстар, жалпы туризмді дамыту бойынша мәдени-рухани орталықтың жұмысының қарқынды дамуына әсер етуде.
Сонымен қатар, өткен жылы жоспарланған инвестициялық жобалар жайында айта кетсек. Оның ішінде “Түркістан-Молл” ойын-сауық орталығы – 12,5 млрд.тенге, “Отау” ойын-сауық орталығы – 5 млрд. тенге, “Medina palace” қонақ үйі – 3 млрд. тенге, “Мұз айдыны” спорт кешені – 4 млрд. тенге,“Теннис” орталығы – 2,2 млрд. тенге, “Макдональдс” тамақтану орталығы – 0,8 млрд. тенге, “Тұңғыш Президент” Паркі – 14 млрд. тенгеге салу жоспарланған.
«Туризм» бағыты бойынша Түркістан қаласында да бірқатар іс-шаралар атқарылған. Соның ішінде Туристерге қызмет көрсету орталығында «Жас қолөнершілер байқауы» өткізілді. Қала тұрғындары мен туристерге арнап, сәуір айында Туристерге қызмет көрсету орталығының мультимедия залында «Оңтүстікфильм» киностудиясының тарихи-мәдени фильмдерінің апталығы өтті.Түркістан қаласы кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі 200 балаға сыйлықтар ұйымдастырылды. «Керуен-Сарай» көпсалалы кешенінің қолдауымен 150-ге жуық балаларға арнап аттар шоуы және де аттракциондарға тегін билеттер ұйымдастырылды. «Visit Centre» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар мен ардагерлерге арнайы электрокарлар бөлініп, қызмет көрсетуде.Екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мәдени-рухани орталықтан банкоматтар қызметі ұйымдастырылуда.Түркістан қаласына туристерді тарту мақсатында, жарнамалық бейнеролик дайындалып, әлеуметтік желілерде таратылды.Түркістан қаласы тамақтану орындарының басшыларымен кездесулер өтіп, тағамдар бойынша мәзірлерді бірдейлендіру және 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірлеу жұмыстары атқарылды.
Түркістан туризмді дамытуда қолөнершілік түрі туристік индустрияның қажетті құрамдас бөлігі болып келеді және туризмді дамыту жөніндегі көрсеткіштерін жақсартуға үлесі айтарлықтай. Қолөнершілер орталығын салу арқылы Түркістан облысы бойынша қөлөнершілердің басын қосып, өңірдің туристік әлеуетін қолөнер туындылары арқылы жылжыту ісі маңызды болып саналады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі мен асханасынан сыр шертетін, туристік ойын-сауық этно-кешеннің болуы туристердің қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Аталған жоба арқылы туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға, бюджеттік түсімдерін арттыруға өз септігін тигізеді.
Ежелгі заманда адамдар жазба, таңбаларды тасқа қашап жазса, бертін келе қазақ халқының жаны бейнеленген, өзінің баға жетпес мұрасын, белгілер мен нышандарын кілемге тоқып көрсеткен. Кілемдер – халқымыздың ұлттық рухының көрінісі. Халқымыз кілем тоқу ісіне қатты мән берген. Өзінің ішкі ойын, кең даланың ен байлығын, береке-бірлігі мен ынтымағын ою-өрнекке сыйғыза білген. Кілемдердің өрнектері бізге шеберлердің ішкі ойлары мен құпияларын ашады, сонымен қатар, оларды жасау уақыты мен орнын көрсетеді. Қазақ халқының философиясы мен дүниетанымын көрсететін жәдігерлерді сақтауға, туристік қуатын арттыруға, келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында, «Кілемдер мұражайы» жобасын Түркістан қаласында іске асыру – келешек ұрпағымыздың алдындағы маңызды міндетіміз болып табылады. Сондай-ақ алдағы уақытта, мұражайға қатысты бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінсе…
Түркістан қаласы қазіргі таңда туристік ресурстарға бай өлке, алайда қаламызға келетін туристердің саны көрші мемлекеттердегі қалалармен салыстырғандағы көрсеткіштері төмен. Осы орайда келу туризмін дамыту мақсатында, халықаралық туристік маршруттарға Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Өңірде халықаралық маршруттарға ену үшін инфрақұрылым жүйесі өткен жылдармен салыстырғанда жоғарғы деңгейде. Шаһарымыздың темір жол және тас жол даңғылында орналасуы, сондай-ақ ағымдағы жылда әуежайдың салынуы туристік алмасуды – трансферді оңтайландырады. Осындай керемет үлгіде салынған әуежайы бар киелі қалаға туристердің келуі әзірге көңіл көншітпейді. Ол үшін туризмді жетілдіру мақсатында шетелдік туристердің әуежай арқылы дүрмек-дүрмегімен ағылып келіп жатуы үшін саяхатталатын жердің жарнамасы (біздің шетелге асыққанымыздай, алдын ала барлық мәліметті біліп отыратынымыздай) көркем жасалса, көрсеткіштерін жақсарту үшін ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысандарды салудағы инвестициялық жобалар тізіміне аталған жобаның еңгізілуіне басшылық тарапынан ықпал етілсе. Өңірді халықаралық туристік бағыттарға енгізу мақсатында жоғарғы деңгейде мәселе көтеріліп, көрші мемлекеттердегі қалалармен (Бұхара, Хиуа, Самарқан, Ташкент, Ашхабад, Санкт-Петербург, Мәскеу, Баку және т.б.) тығыз байланыс жүргізіліп, Түркістан қаласын Халықаралық туристік бағыттарға енгізуге ықпал жасалса, «жұрттың Дубайдың ыстығын аңсағаны сияқты, Түркістанның шыжыған күнін аңсап, лек-легімен ұшақтан түсіп жатар ма еді» деген ой мазалайды. Ондай жағдайда, ел экономикасы көтеріліп, тұрмыс жағдайы бұрынғыдан да жақсарып, әлемдегі шағын да болса, туризммнен көтерілген бай елдердің қатарына қосылар еді. Ата-бабадан қалған жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз бізге осыны ұсынып тұр емес пе? Неге соны тездетіп, өз деңгейінде пайдаланбасқа?! Түркістан облысының туристік әлеуеті бұған жетіп артылатыны белгілі.
Қала халқы мен туристердің қозғалысына, орналастыру, тамақтандыру, тарихи-мәдени нысандар жайында ақпарат беретін оффлайн режимінде қызмет көрсетін 2GIS бағдарламасына Түркістан қаласын енгізудің маңызы зор. Компания ақпараттардың 95 пайызы міндетті түрде сәйкес келуі тиіс деген қағидамен жұмыс жүргізеді. Анықтамада әрбір ұйымның мекен-жайы, телефоны, жұмыс уақыты, интернеттегі мекен-жайы, ғимаратқа кіретін тұсы көрсетіледі. Одан бөлек, компанияның арнайы «визиткасында» көрсетілетін қызметтер түрі мен төлем жасау әдістері және тағы басқа қызметтер бар. Байланыс орталығының мамандары анықтамалықтағы ақпаратты жылына төрт рет жаңартып отырады.
2GIS оффлайн және онлайн режимінде жұмыс істейтін бағдарламасына Түркістан қаласын енгізу үшін қаржы қарастырып, инвесторларды тартуға ықпал етілсе. «2ГИС карталары аумақты жер серігімен түсіру арқылы суреттейді. Ал үш өлшемді ғимараттар бірнеше ракурстан алынатын суреттердің көмегімен жасалады. Түркістан қаласының туризмін дамыту үшін инфрақұрылымдарды дамытудың бір бөлігі ретінде маңызды жоба болып есептеледі. Әрине, аталған жоба қомақты қаражатты қажет етеді, кезінде қараусыз қалып, шаңы төбеге көтерілген осынау киелі қалаға соңғы үш жылда ерекше көңіл бөлінгендіктен, өз қасиетіне тез оралтқан жандарға әлі де қаражат құю, оны осындай халықтың қолжетімді, бақытты өміріне жұмсау түк те емес. Болмайтынның көз алдында тез болатынына түркістандықтардың көзі әлдеқашан жеткен!
Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.
Балтагүл Оспанова — Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі