Түркістан қаласында тұратын 3-ші сынып оқушысы Арғынбай Мағжан Ержанұлы бауырлас түрік елі шығаратын отандық электрлі көлік TOGG-тың Бурса қаласының Гемлик ауданындағы зауытын аралап қайтты. Көліктерге деген қызығушылығы ерте оянған Мағжан, алғаш шыққан күнінен бастап-ақ TOGG жайлы жаңалықтарды жібермей көріп келеді. Қазақ баласының Түркияның отандық өнімі TOGG-қа деген осы қызығушылығы түрік телеарнасының назарын да аударған болатын. Түркияның TRT арнасының Қазақстандағы тілшісі Түркістанға арнайы сапары барысында бала Мағжаннан сұқбат алып, қазақ баласының TOGGқа деген қызығушылығын түрік жұртына жеткізгенді. Бұл репортаж TRT Haber және TRT Avaz арналары мен TRT қазақша сайтында жарияланды.

Осы жаңалықтан кейін бала Мағжан TOGG-ты өз көзімен көру үшін әкесімен бірге Түркияға барып қайтты. Ұшақтан түскен бойда-ақ әуежайда TOGG-тың үшеуін көріп, қуанышқа кенеледі. Сол күні әкесінің досы Фатих Кескиннің TOGG T10X көлігімен қаланы қыдырып, түрік елінің отандық өнімімен жақыннан танысады. TOGG-пен Түркияның бірнеше қаласын аралаған Мағжан, түрік елінің осы отандық электрлі көлігін шығаратын зауытты көруге Бурса қаласына барады. Оларды TOGG зауытына кіріп, аралап көрулері үшін алдын-ала арнайы рұқсат алып қойған Айбарс Йылмаз мырза күтіп алып, Мағжанның көптен күткен арманын орындайды. Осылайша, түркістандық Мағжан TOGG зауытын көріп, Түркияның отандық көлігінің қыр-сырымен, ерекшеліктерімен танысады. Қазақ баласы зауыт қызметкерлерін өзінің TOGG жайлы білетін ақпараттарымен таң қалдырып, тәнті етеді.

Түркістандық бала Мағжан осы саяхаты барысында TOGG зауытымен қатар, Бурсада өздерін қонақ еткен Серкан Акын мырза және ұлы Кылычарсланмен бірге Bursaspor футбол клубы мен баскетбол клубына да барды. Футболшылар мен баскетболшылардың жаттығу залдары мен алаңдарын, жататын орындары мен спорт клубының ғимаратын аралап көрді. Өмер Кескин және Тансел Ышыккент мырзалар Мағжанды Bursaspor футбол клубының тарихымен таныстырып, футболшылардың жеткен жетістіктерін баяндап берді. Ал баскетболшылардың жаттықтырушысы Мұрат Таныш мырза болса, Мағжанға жаттығу залын аралатып, арнайы сый-сыяпат табыстады.


Сегіз жасар Мағжан болашақта көлік жасап шығаруды армандайды. Көліктерге деген қызығушылығы мен TOGG-ты көруге құштарлығының себебі де осы. Баланың ұшқыр қиялы мен асқақ арманына мән беріп, TOGG-қа деген қызығушылығына назар аударған түрік бауырларымыз Мағжанға өздерінің оң батасын беріп, арманының орындалуын тілеп шығарып салды.

@Ербақыт Нығмет

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*