Түркістан облысының барлық қала мен аудандарында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы басталған болатын. Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерінен тегін кеңес ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа да мамандар бар. Яғни, шалғайдағы тұрғындар да қаржылық сауаттылықты, алаяқтардан, оның ішінде интернет арқылы жасалатын арбаулардан сақтануды, жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерді, сондай-ақ  құқық қорғау төңірегінде туындаған сауалдарға жауаптарын алып, құқықтық мәдениет деңгейін және заңгерлік сауаттылығын арттыра түседі.

Кезекті рет Сарыағаш ауданында ұйымдастырылған «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясына 150-ден аса тұрғындар келіп, көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты жауаптар алған болатын.

« – Бүгін өз мәселемді мамандарға айтып, тиімді ақыл-кеңестер алдым. Акцияның өтетінін әлеуметтік желіден көріп, арнайы келген болатынмын, көңілімнен шықты. Қандай да бір сұрағың болса осы жерде барлық мамандар бар. Бір жерден бірнеше сауалға жауап ала алады екенсің, сол жағы ұнады. Мен кезінде интернет алаяқтардың құрбаны болған едім. Алайда, үлкен қаражат беруге дейін бармай, бұл бағыттағы мамандардың көмегіне жүгінгенмін. Абырой болғанда дер кезінде арбаушылардан алшақтап үлгердім. Негізі оңай жерден ақша табамын деген түсініктен аулақ болуы керек екен. Қазіргі қоғамды қаржылық пирамидалардың зардабын көріп жүрген адамдар қаншама. Сондықтан қаржылық сауаттылықты артырып, мамандардан білмегенімізді сұрап жатырмыз. Мұндай шаралар жиі ұймдастырылып тұрса, халыққа берері мол деп есептеймін. Айтарым, қазір қолымыздағы телефоннан да айласын жүзеге асырып жатқандар бар. Егер көп нәрседен хабарың болмай қателік жасасаң болғаны, арты өкінішке ұласады. Сондықтан барынша сақ болу керек екен. Жиыналыста осындай бағыттағы кеңестерді естідім.» – дейді Сарыағаш қаласының тұрғыны Альбина Сұлтанбекова.

«Халық заңгері» акциясы ҚР Үкіметінің қолдауымен өткізіледі. Ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Әділет министрлігі, «Zakon.kz» желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік билік органдары, сондай-ақ Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары. «Халық заңгері» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, қарапайым қазақстандықтардың алғысына ие болуда. Еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде ұйымдастырылған “Халық заңгері” жалпыреспубликалық акциясы Сауран ауданында да өткізілді. Аталған шарада құқықтық көмекке мұқтаж азаматтарға тегін кеңес берілді. Акция аясында аудан тұрғындарына Түркістан–Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының тәжірибелі заңгерлері — Құдасова Айсара және Шойбеков Ақжол қатысып, азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беріп, құқықтық мәселелерді шешу жолдарын түсіндірді.

« – Бұл акцияның берері мол. Халықтың барлығы дерлік заң мен құқық саласын жетік меңгере бермейтіні ақиқат. Сондықтан, кеңеске мұқтаж азаматтарға қолдан келгенше көмек беру маңызды деп есептеймін. Бұл қоғамның да сұранысы деуге болады. Себебі мамандарға келіп сауалына жауап іздегендердің қатары артып жатыр. Республика көлемінде ұйымдастырылатын акцияның мақсаты, жоспары да орындалып жатыр. Бастама азаматтардың көңілінен шығуда. Қазір шалыс бассаң, арты өкініш болатын заман ғой. Яғни, азаматтар көп нәрсені , оның ішінде заңдылықтарды білмеу арқылы қателіктерге бой алдыртып жатады. Бүгінде палатамыздың білікті, тәжірбиелі заңгері Айсара Құдасовамен бірге көптеген тұрғындарға бағыт бағдар, тәжірбие, кеңес бердік. Басым бөлігі құқықтық, қаржылық, отбасылық, жер мен баспанаға қол жеткізу тағы басқа секілді сұрақтар қойды. Негізі кейбір мәселелерде сыйбайластықтан басталған оқиғалар, алаяқтыққа ұласып жатады. Яғни, бір адам бір проблеманы оңай шешіп беремін деп бір адамнан ақша алады да, соңында арты дауға ұласады. Екі жақта ауызша ғана келісім болғандықтан дәлелдеу де, оны шешу жолдары да қиындай түседі. Зардап шегуші қаншама уақытын, төзімін сарп етеді. Міне мұндай жағдайлар, жалған ақпаратқа сенуден,  құқықтық және қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан болып жатады.» – дейді өңіраралық заң консультанттары палатасының тәжірибелі заңгері Шойбеков Ақжол.

Сондай-ақ, акцияға мемлекеттік сот орындаушысы мен жеке сот орындаушылары да қатысып, алимент өндіру, сот шешімдерінің орындалуы, мүліктік даулар және өзге де маңызды мәселелер бойынша кеңес берді. Көпшілік тарапынан мұндай бастаманың маңыздылығы атап өтіліп, “Халық заңгері” акциясы халық пен құқық қорғау құрылымдарының ашық әрі тиімді диалог алаңына айналғаны айтылды.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*