Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен заманауи үстел теннис орталығы қолданысқа берілді. Бұл жоба тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын оятып және салауатты өмір салтын ұстануына сеп болады. Орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.

«–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін!» – деді Нұралхан Көшеров.

ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып жатқанын айтты. Жетісайдағы спорт нысанынан чемпиондар шығарына сенім білдірді.
« – Соңғы жылдары Қазақстанда спорттың көптеген түрлері өркендеп, халықаралық деңгейде өз орнын қалыптастырып келеді. Солардың арасында үстел теннисі де ерекше қарқынмен дамып, бұқаралық спорт ретінде де, кәсіби деңгейде де танымалдылығын арттыра түсуде. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, спорт инфрақұрылымының кеңеюінің және жастардың қызығушылығының нәтижесі. Бүгінде еліміздің көптеген аймақтарында жаңа спорт кешендері, арнайы үстел теннисі орталықтары ашылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін және қолжетімді үйірмелер ұйымдастырылуда. Мектептер мен колледждерде бұл спорт түрін кеңінен насихаттау арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мән берілуде. Сондай-ақ ауылдық жерлерде де үстел теннисіне арналған залдар ашылып, шалғай өңірлердегі балалардың да кәсіби спортқа қадам басуына мүмкіндік беріліп жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар халықаралық турнирлерге тұрақты түрде қатысып, тәжірибе жинақтаған. Азия және әлем деңгейіндегі жарыстарға шығу – еліміздің спорт мектебінің нығайып, бапкерлер құрамының кәсіби деңгейінің өскенін көрсетеді. Спортшылардың жетістігі жас буынға үлгі болып, жаңа таланттардың қалыптасуына жол ашуда. Үстел теннисі – тек жарыс үшін ғана емес, денсаулықты жақсартатын, зейінді шоғырландыратын, жылдамдық пен ептілікті дамытатын спорт түрі. Сондықтан бұл спорт түрінің бұқаралық сипат алуы еліміздің жалпы спорттық мәдениетінің дамуына оң ықпал етуде. Қазақстандағы үстел теннисі қарқынды дамып, болашағы зор спорт түріне айналып келеді. Мемлекеттік қолдау, спорттық инфрақұрылымның жақсаруы, білікті бапкерлердің еңбегі мен жас спортшылардың ынтасы – осы бағыттағы негізгі қозғаушы күш. Алдағы уақытта да бұл спорт түрінің беделі артып, халықаралық деңгейдегі жетістіктер көбейетіні сөзсіз.» – деді ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов

Облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Сайыпқырандарға сәттілік тіледі.
Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан, құны 1 млрд теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, 30 орындық жатақхана мен асхана орналастырылған. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізуге болады.

Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын саланы дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер есебінен 5 спорт нысаны бой көтерген.

Ал, өткен жылы мемлекет қаржысына – 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны қолданысқа берілген. Биыл жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.