Еліміздің тек Оңтүстігінде өсетін аса құнды — «сасық кеурек» (Ferula L.),«мия» және «дермене» өсімдіктерінің жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл өзекті мәселені ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға жолдаған сауалында айтты.
» Экожүйеміздің негізі болып табылатын дәрілік өсімдіктерді қорғау және отандық фармацевтикада қолдану мәселесі қашанда өзекті. Мәселен, тек Оңтүстікте өсетін «сасық кеуректің» 10-нан аса түрі бар, оның барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Соған қарамастан, оның майын шет мемлекеттерге заңсыз шығару тиылмай тұр. Сасық кеурек Қытай, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан сынды елдерде үлкен сұранысқа ие және бұл елдерде өнімнің бір келісі 100-150 долларға бағаланады. Түркістан облысында сасық кеуректің майын дайындау үшін өндірушілер шетелден мыңдаған жұмыс күшін заңсыз тартып, шикі өнімді жаппай сыртқа шығаруда. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 14 тоннадан асып түскен. Болашақта аса бағалы бұл дәрілік өсімдік азайып қана қоймай, мүлдем жойылмасына кепіл жоқ. Себебі сасық кеурек 10 жыл ғана өмір сүреді және монокарпик, яғни 5-6 жылда бір рет қана гүлдейді. Ал, оның өнімін 8 жылдан кейін пайдалануға болады. Сасық кеурек тек құм және шөлді аймақтарда өседі. Оны түп-тамырымен құрту жердің тозуына, құмның көшуіне, табиғи экожүйенің күйреуіне әкеп соғады,» — деп мәлімдеді Қайрат Рахымұлы.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев қызыл мия өсімдігін де осы санатқа қосуға болатынын жеткізді. Қызыл мияның тамыры медицина, косметология және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады екен. Оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минерал тұздар бар. Сондықтан аталған өсімдікке Қытай, Корея және АҚШ-та сұраныс қызып тұр дейді Қайрат Балабиев.
«Бұл күндері арзан табысты көздегендер мияны түп-тамырымен қопарып жұлып, заңсыз саудалауға көшті. Ал, оның тамырын қазып алған соң, қызылмия қайтып шықпайды. 2016-2021 жылдары Оңтүстік Қазақстаннан 70 мың тонна мия тамыры шетел асырылған. Бұл болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына тап қылады деген сөз.
Тіпті қызыл мия құнды өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» да енбеген.
Дәрілік дермене жусаны да сирек кездесетін шипалық қасиеттері мол өсімдік. Ол да тек Түркістан өлкесінде өседі. Оның құрамында сантонин, майлар, ащы заттар, эфир майлары бар. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде қатары қатты сиреген.
Дәрілік өсімдіктер шикізатын заңсыз жинап экспортқа шығарушылар бюджетті айналып өтіп, «көлеңкелі экономикаға» тікелей жұмыс істеп жүр.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге бейжай қарайды. Осы күнге дейін заң бұзушыларға қарсы бірде-бір шара көрмеген.
Сондықтан, жоғарыда көрсетілген өсімдік түрлерінің жойылып кетуіне жол бермеу мақсатымен төменгі ұсыныстардың қаралуын сұраймын:
1. Мия өсімдігін Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне кіргізіп, «Қызыл кітапқа» енгізу мәселесін қарастыруды.
2. Сасық кеурек, дермене және мияның қорлары мен рұқсат етілген өндіріс көлемін анықтайтын зерттеу жүргізіп, қазіргі кезде өсімдіктердің қалған санына байланысты оларды жинауға, өңдеуге немесе өндіруге мүмкіндіктің бар жоғын анықтауды.
3. Осы зерттеу жүргізу барысында аталған дәрі өсімдіктерін жинауға, өндіруге және шикізатын экспортқа шығаруға уақытша тыйым салуды.
4. Өсімдік түрлерінің жойылу қаупі анықталған жағдайда, оларды жинауға толықтай шектеу қойып, жедел турде популяциясын көбейтуге бағытталған шараларды ұйымдастыруды.
5. Еліміздің Оңтүстік өңірлерінде фармацевтикалық өндірісте пайдалану үшін сасық кеурек және мия, дермене өсімдіктерін өсіретін арнайы плантацияларды салу мүмкіндігін ойластыруды.
Сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде жауап беруін сұраймын» — делінген, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Қ. Балабиев депутаттық сауалында.
Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*