Осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғашқы болып Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Игі дәстүрді кейінгі түлектерде жалғастырып, бүгін міне аталған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері қосылып тағыда бір мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 6 бөлмелі қорасы мен моншасы, сарайы қарастырылған баспана сыйлап отыр. Ортадан ақша жинап 8 млн. 6 жүз мың теңгеге алынған үйдің ішін қажетті жиһаз-техникалармен де ішінара жабдықтап берген.
Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді Кемелбековтар отбасына табыстады. Отағасы, әйелі және қызының мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Игі шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді.
Ауданның бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдіріп, өмірден өткен түлектердің сыныптастарының рухына құран бағыштады.
Шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыстады.
Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.
Бөлісу