Түркістан облысы халқы тығыз орналасқан өңірдің бірі. Оның ішінде Мақтаарал мен Жетісай аудандарында халық саны 300 мыңнан асады. Халық саны көп аймақта, тиісінше мәселелер де көп болатыны анық. Бұл, Мырзашөл өңіріндегі кейбір елді мекендердің, яғни шалғайдағы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға, олардың мәселесін дер кезінде шешуге келгенде қиындықтар туғызып отыр.Аталған мәселені Жетісай ауданының мәслихат депутаттары көтеріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұына арнайы өтініштерін де жолдаған.
Өтініш хатта, депутаттар 1997 жылы бір ауданға біріктірілген Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарын қайта тарихи қалпына келтіруді ұсынған. Халық қалаулыларының айтуынша, Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент, 7 ауылдық округ және 83 елді мекенді енгізу қажет. Сондай-ақ оның жер көлемі 64 435 гектарды құрайтын болады. Аталған ұсыныстың Мемлекет басшысына жолданғанын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында өткен брифингте Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов та растады. Сондай-ақ бұл бастаманы жергілікті депутаттармен қатар, тұрғындарда қолдап отырғанын жеткізді. Себебі, мұндай шешім қабылданса Мырзашөлдегі өзекті мәселелерді жеделдетіп шешуге мүмкіндік болады, дейді Медет Алмасбекұлы.
Жалпы, журналистермен өткен кездесуде Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы халықтың сеніміне ие болған аймақтарда партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша есеп берді. Медет Қасымов ауданның депутаттық корпусы 22 азаматтан жасақталғанын, оның 19 адамы — «AMANAT» партиясының фракциясы құрайтынын айтты.
«Сегізінші шақырылымда аудандық мәслихаттың 9 сессиясы өткізіліп, 58 мәселе қаралды. Сессияларда аудандық бюджетті қалыптастыру және оның орындалуы, дербес бөлім басшыларының және кент, ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебі, аудандағы қылмыстың алдын алу, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жұмыс барысы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімінің есебі туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Ал, ауданның депутаттары аймақтың өзекті мәселелеріне қатысты 101 депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын мәслихат басты назарға алды», — деді Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов
Сондай-ақ, брифингте сөз тізгінін алған Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев 130 мың адамға жуық халық тұратын ауданның мәслихат депутаттары ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешуге белсене кіріскенін жеткізді. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттар мәслихат құрылымындағы 3 тұрақты комиссияның құрамына еніп, әр сала бойынша айқындалған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін назарға алған.
«Жыл басынан бері 6 сессия өткізіп, маңызды мәселелерді реттейтін 52 шешім қабылдадық. Маңызды мәселенің бірі – аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды. Депутаттардың сүзгісінен өткен аудан бюджеті 14 млрд 759 млн.теңге көлемінде бекітіліп, оның 34,2% — әлеуметтік салаға, 23% — тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, энергетика саласына, 10,2% — көлік және коммуникация саласына, 32,6% — басқа да салаларға бағытталды. Депутаттық корпус тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 41 депутаттық сауал жолданып, оның 36-сы орындалған, кейбір өзекті тақырыптар бойынша түсініктеме берілген. Депутаттар жолдаған сауалдардың 44 пайызы ағын су, жол, абаттандыру, газ, электр энергиясы мәселелеріне арналса, 29 пайызы – жер қатынастары саласына, 12 пайызы – құқық қорғау саласына қатысты болды. Байланыс сапасын арттыру және құрылыс саласына қатысты барлығы 6 депутаттық сауал жолданып, орындалуы мәслихат бақылауына алынды»,- деді Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев.
Бөлісу