Биыл, алғаш рет ел астанасында «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы өтті.  3 мыңға жуық адам қатысқан маңызды  шараға Түркістан қаласынан да бір топ депутаттар  барып қайтты. Өзім де аталмыш форумның қатысушы ретінде зор әсер алғанымды айтқым келеді. Ел аманатын арқалаған әріптестерім жауапкершіліктің жүгін сезінді. Халық қалаулылары өздеріне ортақ міндеттерді талқылап, министрлерге сұрақ қойып, өзара пікір алмасты. Форумда сөз алған  «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды.

Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқанда, партия зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді, – деді ол. Сондай-ақ форумда аманаттық депутаттардың сайлауалды уәделерді орындауға тиіс екендері, ол мақсатқа жету жолында жергілікті әкімдіктерге тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керектігі де айтылды. Бұл ретте, мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең,  өңірдің дамуына ықпал ете алады, сондықтан әр халық қалаулысы елдікті басты нысана етіп, туған жерді түлету, халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту жолында аянбай еңбек етуі қажет.

Форумға арнайы қатысқан Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды тұғырнамасын және «AMANAT» партиясының бағдарламасын іске асыру Үкімет жұмысының негізі екенін атап өтіп, алдымыздағы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті ресурстардың барлығы бар. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мәслихаттардың да белсенді қатысуын талап етеді, – деді ол. Сондай-ақ Үкімет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінетініне тоқталды. Бұл дегеніміз қазақ халқының өзегі болған ауыл үшін мол мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Бір жағынан бұл іс-шараның басты мақсаты — аймақтардағы депутаттардың қарым-қатынасын нығайту екені де ескерілді. Форум барысында пленарлық отырыс өтті. Панельдік сессиялар болды. Өз ой-пікірлерімізбен бөлістік. Халықтың мұң мұқтажын Үкіметке жеткізуде – форумның берері көп. Бұл бұқара жүгін арқалаған халық қалаулыларына Үкімет басындағылармен өзара ашық диалог құруға, ел аманатын орындауға берілген мүмкіндік болды.

Ержан Қосмамбетов

Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты

 

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*