» Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек». Түркістан облысының әкімі Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды TAQ.KZ тілшісі.

Мұндай ескертулерді Дархан Сатыбалды кезекті көшпелі мәжілісте  айтып, өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін тапсырған.

«Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Сондықтан жауапты басқармалармен бірлесіп, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Аудан әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаған. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. «Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек.» — деді, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, көрші мемлекетпен шекаралас ауданның сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол екенін айтқан облыс әкімі, тамақ өнімдерін өндіру, туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі бойынша жоспарлар былтыр орындалмағанын мәлім етті.
«Елді-мекендердің айналасы күл-қоқысқа тола. Тазалық бойынша жұмыс күшейтілсін. Тазалық болған жерде – талап болады. Арман Айдарұлы, сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз. Ауданды дамыту жоспарын назарда ұстап, инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе қажетті шараларды қабылдаңыз» – деді облыс әкімі.
Ал, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 72,5 пайызға, туризм саласына тартылған инвестиция 71,1 пайызға ғана орындалды. Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі 14,6 пайызға кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмаған. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Сарыағаш ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданының жауапты басшыларына бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырмалар берілді. Сарыағаш ауданында 1125 салық салу нысаны мүліктерін 5 млрд. 824 млн. теңгеге бағалаған. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 85 млрд. теңгені құрап отыр, яғни 17 есе жоғары. Бұл – салықтың төмендеуіне әкеліп соғуда.
Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*