Түлкібас ауданы әкімдігі мен ҚР Журналистер одағының қолдауымен аудандық «Шамшырақ» газетінің 92 жылдық мерейтойының құрметіне аудан орталығының атаусыз бір көшесіне «Шамшырақ» атауы берілді. Бұл халықтың құлағы, тілі һәм көзі болған тарихы тереңде жатқан басылымға деген құрметтің ең үлкен белгісі. Көше атауының салтанатты ашылуына аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов, аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек және ардагер тілшілер мен аудан азаматтары қатысты.


Жиында сөз алған аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов.

-Жағымды жаңалықтардың жаршысы болып жүрген аудандық басылым «Шамшырақ» газетінің ұжымын кезекті қуанышымен құттықтаймын. Бұл тек газет ұжымының ғана емес, күллі оқырман мен ауданның қуанышы деп білемін.  Сіздерді қандай мақтау, марапатқа болсын лайық деп білемін. Өйткені,сіздер  қаламның күшімен, орақ тілдің өткірлігімен талай дүниелердің аяқталуына, біраз мәселенің шешілуіне тікелей себепкер болдыңыздар.  «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп Шер ағамыз сіздердің ерен еңбектеріңіздің теңеуін дөп басып айтқандай. Ауданымыздың айшықты жаңалықтарын жеткізуде талмай қалам сілтеп келе  жатқан еңбектеріңіз жандана берсін. Қаламдарыңыз ұшталып, жазарларыңыз таусылмасын. Шығармашылық шабыт, мол табыс тілеймін,- деп ізгі тілегін жеткізді.

Жиын барысында ел ағалары «Шамшырақ» көшесінің бойына ағаш егіп, көшенің абаттандырылуына өз үлестерін қосты. Айта кетейік, «Шамшырақ» газетінің ұжымы тарапынан көше бойында орналасқан барлық үйге «Шамшырақ» атауы көрсетілген ангшлактар мен нөмірлер ілінді.

Тамыры тереңде жатқан басылымда «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұттың, абайтанушы, бауыржантанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлының, сатирик ақын Алпысбай Боранбайұлының, ақын Әбдібек Аралбайұлының тырнақалды туындылары жарыққа шығып, оқырмандарына ұсынылған болатын. 1931 жылы «Социалистік егінші» атауымен жарыққа шыққан басылымда Мархабат Байғұт, Қуантай Аршабаев, Амангелді Ізтілеуов, Қазбек Кейкиев, Сайдулла Саттарханов, Біләл Құлбек, Мұрат Пірәлиев, Әбдісаттар Әлібаев, Кендебай Айтқұлов, Арысбай Айтаманов, Орынтай Көмеков сынды тілшілер еңбек еткен.

Ауданның ақпарат айнасы  бола табылатын басылымда сараптамалық, ақпараттық, талдамалық материалдар жарияланып, халық арасындағы ең өзекті мәселелер де көтеріліп келеді. Тұрғындар тарапынан түскен алғыс та, ұсыныс та назардан тыс қалмайды. Аудан ақпаратын талдап, сараптап халыққа түсінікті етіп жариялап жүрген басылымның бүгінгі легі кейінгі толқын жастармен толыққан. Ұлттық және халықаралық дәрежедегі оқу орындарының түлектері дәл осы тарихи басылымда еңбек етуде.

Аға буынды алыстатпай жас буынға көптеген мүмкіндіктер беріп, заманауи бағытта жаңашылдықтармен толығып отырған редакцияның бүгінгі жетістігі басшының орасан еңбегінің арқасы. Алдағы уақытта редакция тағы да жаңашылдықтармен толығып, жаңа бастамалардың жаршысы болады деген сенім білдіреміз.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*