Биыл, қазақтың қоғам қайраткері, шешен, үш жүздің төбе биі Төле Әлібекұлының туғанына 360 жыл толды. Айтулы датаға орай Түркістан облысының әр аудан-қалаларында елді бірлік пен бейбітшілікке, жастарды адамгершілікке және парасаттылыққа тәрбиелейтін және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үндейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай игі шаралардың бірі  Төлеби ауданында өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында «Төле бабамыздың өмір жолы мен шешендік сөздері» атты тақырыпта өткен интелектуалды сайысқа түрлі этнос өкілдерінің жастары қатысты. Басты мақсат аудан аумағындағы түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, құрметтеу, сондай-ақ, қазақ әдебиетіндегі түрлі ақын-жазушылардың Тәуелсіздік жайында жырлаған шығармалары арқылы өскелең ұрпақ бойына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке баулу, болашақ ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей отырып жастардың сөз шеберліктерін шыңдау және олардың арасынан талантты, дарынды жастарды анықтау. Сондай-ақ Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, «Жеті жарғы» авторларының бірі, шешен Төле Әлібекұлының өмірін келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады.
 
Осы тұрғыда, Төлеби бабамыздың өмір жолы мен қазақ халқының ауызбіршілігін нығайтуға қосқан үлесі жайында айтылған тарихи деректерге тоқталсақ.
Төле Әлібекұлы бала күнінен әкесіне еріп жүріп, ел көрген, жұрт таныған, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған, ерек ұл болып өседі.  Әкесі Әлібек ортасына сыйлы шешен би болған деседі. Бала Төле он бес жасқа толғанда, анасы дүниеден озыпты. Сол шақтан бастап ол билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен елге танылады. Туралықты тұғыр еткен Төле биді халық арасында «Қарлығаш әулие» деп те атап кеткен екен. Аңыз бойынша Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған.
Төле Әлібекұлы Ұлы жүздің бас биі болған. Қазыбек би, Әйтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланып, ел ішілік, ел аралық дауларды шешкен. Қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Сондай-ақ ол Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығаруға зор еңбек сіңірген ұлы тұлға. Әйгілі Абылай ханның ел тізгінін ұстайтын тұлға болып қалыптасуында да Төле бидің рөлі ерекше болған.
Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде елдік мүдедегі істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосып, жыл сайын өтетін бүкілхалықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысқан.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйытқы болып, шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясат жүргізген. Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің еңбегі орасан.
1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытты. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға ықпал жасауын өтінгені айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші боп барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады.
Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанды. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салды. Ресей мен Қазақ хандығы арасында байланыс орнатып, қарым-қатынасты дамытуға да үлес қосты.
Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарушылардың бірі де — Төле би. Он жетінші ғасырда Қазақ хандығына ыдырау қаупі төніп, Тәуке хан елдің ауызбіршілігін нығайту үшін жаңа шараларды қолға алады. Қазақ қоғамына мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ететін жаңа заңдар жүйесі қажет еді. Тәуке хан үш жүздің игі жақсыларын жинап, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген заңдар жинағын қабылдайды. Олардың арасында атақты Төле би де болған.  «Жеті жарғы»  бойынша ел ішінде көтеріліс жасап, бүлік шығарғандар мен түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық жасағандарға қатаң жаза қолданылып, біртұтас, бірлігі бекем мемлекетті сақтауға септігін тигізген.
Міне, дәл осындай қазақтың қоғам қайраткерін насихаттай отырып, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруды мақсат еткен интелектуалды сайысқа аудан аумағынан 5 білім ордасының шәкірттері сынға түсіп, бар өнерлерін ортаға сала білді. Ал, сайыстың нәтижесі бойынша Әл-Фараби атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары жүлделі І-орынды иеленді.
   
Ал ІІ-орынға Сұлтан-Рабат жалпы орта мектебінің оқушылары лайық деп танылса, №16 Ш.Уалиханов ЖОББМ-нің оқушылары ІІІ-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, IV орынды Жеңіс ЖОББМ-нің оқушылары, V орынды М.Х.Дулати ЖОББМ-нің оқушылары иемденіп, сайысқа қатысушы жеңімпаздар арнайы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар, іс-шараға оқушыларды дайындаған мектептің жетекші мұғалімдері аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Қойбағаров пен аудан әкімінің орынбасары С.Дүйсебаевтың арнайы алғыс хаттары табысталды.
Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*