Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының аудан, қалалардағы халық алдында есеп беру кездесулері жалғасын табуда. Кезекті жиын Арыс қаласында өтті. Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланың тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қала әкімдігінің салалық бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдар басшылары, қала халқы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова жүргізіп отырды. Алғашқы сөз депутат Е.Қосмамбетовке беріліп, ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Кейіннен халық қалаулылары арыстықтардың ауыз сумен, электр энергиясымен қамту сынды көкейкесті сұрақтарына жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов Арыс қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуына тоқталып, бүгінде облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының басшылығымен облысқа инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласын дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.
“Мемлекеттің қаражатына жасалған жұмыстарды тізбектеп ауылға газ, жарық, ауыз су, жол жеткіздік деп мақтанудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл тірліктер онсыз да бюджеттен бөлінетін қаржымен шешімін табады. Депутаттың ең басты әрекеті өз ауылдарына инвестиция тарту, демеушілер табу және кәсіпорындар салып, халыққа пайдасын тигізетін жұмыс орындарын ашумен бағаланады. Егер осындай істерді жүзеге асырған азаматтар болса, міне сол нағыз халық қалаулысы деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар тек әкімнің міндеті болмауы керек. Аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары да белсенді болуы қажет деп есептеймін”,- деді Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Арыс қаласының халқымен кездесуде
“Сондықтан ескі әдістерді, өтірік есеп беретін жиындарды қысқартайық. Керісінше ел болып, теміржолшылар мекені, тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланайық”,- деді мәслихат төрағасы.
Кездесуден соң, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жеке қабылдау өткізіп, қала тұрғындарының мәселелерін тыңдады.Жеке қабылдауда қала тұрғындары көтерген барлық мәселелерді бақылауға алып, қала әкімдігіне тиісті ұсыныстар енгізді.