ДЕПУТАТ — ТУҒАН ЖЕРІНЕ ДЕМЕУШІ

Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының аудан, қалалардағы халық алдында есеп беру кездесулері жалғасын табуда. Кезекті жиын Арыс қаласында өтті. Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов  тоғыз жолдың торабында орналасқан қаланың тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қала әкімдігінің салалық бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдар басшылары, қала халқы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуді Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова жүргізіп отырды. Алғашқы сөз депутат Е.Қосмамбетовке беріліп, ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Кейіннен халық қалаулылары арыстықтардың ауыз сумен, электр энергиясымен қамту сынды көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Кездесуді қорытындылаған облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов Арыс қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуына тоқталып, бүгінде облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының басшылығымен облысқа инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласын дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.

 

“Мемлекеттің қаражатына жасалған жұмыстарды тізбектеп ауылға газ, жарық, ауыз су, жол жеткіздік деп мақтанудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл тірліктер онсыз да бюджеттен бөлінетін қаржымен шешімін табады. Депутаттың ең басты әрекеті өз ауылдарына инвестиция тарту, демеушілер табу және кәсіпорындар салып, халыққа пайдасын тигізетін жұмыс орындарын ашумен бағаланады. Егер осындай істерді жүзеге асырған азаматтар болса, міне сол нағыз халық қалаулысы деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар тек әкімнің міндеті болмауы керек. Аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары да белсенді болуы қажет деп есептеймін”,- деді Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов Арыс қаласының халқымен кездесуде

Расында, Мемлекет басшысы елге, өңірлерге инвестиция тарту, сол арқылы әлеуметтің әлеуетін көтеруді міндеттеп отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының басшылығымен бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
“Сондықтан ескі әдістерді, өтірік есеп беретін жиындарды қысқартайық. Керісінше ел болып, теміржолшылар мекені, тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланайық”,- деді мәслихат төрағасы.
Жалпы Арыс қаласына 2023 жылы түрлі сала бойынша 50 нысанға 6 миллиард 588 миллион теңге бөлінген екен. Оның ішінде: республикалық бюджеттен – 920 миллион, ұлттық қордан — 2 миллиард 655 миллион, облыстық бюджеттен — 2 миллиард 997 миллион теңге қаралған. Осылай деп баяндаған облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Қосмамбетов депутат өз туған жеріне демеуші бола білуі тиіс екенін атап өтті. Сондықтан, қаланың экономикасын көтеру үшін кәсіпкерлік саласын өркендетуге ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, Ержан Қосмамбетов Арыс қаласының өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген азамат. Ол, тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандарды ел игілігіне беріп, тұрғындардың талап-тілегін орындауды да басты назарға алған. Жалпы, тұрғындар осындай есеп беру кездесуін өткізген депутаттарға алғыстарын білдіре отырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кездесуден соң, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жеке қабылдау өткізіп, қала тұрғындарының мәселелерін тыңдады.Жеке қабылдауда қала тұрғындары көтерген барлық мәселелерді бақылауға алып, қала әкімдігіне тиісті ұсыныстар енгізді.

Бөлісу

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг рецепта




Рейтинг*