Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің көшпелі отырысы болып өтті.
Кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың жетекшілігімен өткен жиынға Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Кеңес мүшелері Парламент Мәжілісінің депутаттары Абзал Құспан, Мұқаш Ескендіров, Нұрлан Әуесбаев, Қайрат Балабиев, «Генералдар кеңесі» РҚБ Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Өміртай Бітімов, партияның Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің директоры Дәурен Бижуманов және осы департаменттің инспекторы Венера Есілбаева қатысты.
Кеңестің жұмыс жиынына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Мұрат Төлеубаев, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Тапеев, Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Берік Меңдыбаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысып, күн тәртібінде талқыланған мәселелер жөніндегі деректермен танысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша хабарлама жасаған Кеңес мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша құқыбұзушылықтар мен қозғалған қылмыстық істердің 2022 және 2023 жылдардағы динамикасын айтты. Партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындаушылық деңгейін саралап көрсетті. Жергілікті атқарушы органдарда, оның ішінде аудан әкімдіктері мен облыстық басқармалар кесіндісінде сыбайлас жемқорлық тәуекелділігін төмендету, оның профилактикасын жүргізу, ведомстоаралық комиссияның хаттамалық шешімдерінің орындалуы, білім беру, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жер қатынастары салалары бойынша сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарының тиімділік деңгейін бағалау нәтижесімен таныстырды.
Өзге де қоғам белсенділері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.
Көтерілген мәселе бойынша Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауап беріп, жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу және жою жұмыстары барысын баяндады. Тұрғындарға ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің жекелеген салаларында тәуекелдерді анықтау, олар бойынша орнықты қоғамдық бақылау жүйесін түзу арқылы ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімде адами факторды мейлінше төмендетуде қызметтерді автоматтандыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді. Түркістан облысының әкімі бұл бағытта орнықты ұстаным білдіріп отырғанына тоқталып, өңірдің білім беру жүйесін жемқорлықтан тазартуда ауқымды жұмыс қолға алынғанын жеткізді.
Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамда өте өзекті мәселе екенін айта отырып, Түркістан облысының көлемінде бұл келеңсіздікті жою бағытындағы қол жеткізілген кешенді жұмыс көрсеткіштері жөнінде ақпар берді. Нәтижесінде соңғы үш жылда жемқорлық деректері бойынша тіркелген қылмыстық істер төмендеп жатқанына назар аударды. Білім беру жүйесіндегі бюджет қаражатының талан-таражға түсуінің жолын кесу, заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару, табиғи ресурстарды қорғау, жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін анықтау мәселелерінде нәтижелі жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеп, олар қоғам тарапынан жылы қабылданып жатқанын, оң қоғамдық пікір қалыптасып отырғанын жеткізді.
Кеңес төрағасы Ерлан Саиров алқалы жиынның мақсаты – жазаға тарту емес, жемқорлық сынды келеңсіздікті жоюға үлес қосу екенін назарға алды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап, шешуде азаматтық белсенділермен жұмыс жүргізіп, саяси салмағы бар «AMANAT» партиясының қызметіне, ол қабылдаған шешімдерге тиянақты қарауға шақырды.
Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*