Мемлекет басшысы Қазақстанның қалыпты дамуында қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер билік пен халық диалогы арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал екенін атап көрсеткен болатын. Ұшқыр уақыт, замана желі – әлемдегі геосаяси ахуалды жыл сайын емес, күн сайын өзгертіп жатыр. Бұлжымастай көрінген халықаралық қатынастар, қоғамдық құндылықтар, әлеуметтік, адами байланыстар түбегейлі сынға түсуде. Осы тұста, Президенттің жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен кешенді реформаларға бастау боларлық тарихи маңызға ие. Бұл жолдауда қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің нақты шешімі табылғаны, көкейкесті сұрақтарға жүйелі жауаптар берілгені, халықтың талап-тілектері барынша ескерілгені анық байқалып тұр. Жалпы алғанда, Президенттің жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгерістер енгізілуі тиіс екен. Әсіресе мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесін реформалау, ашық және мөлдір сайлау жүйесін құру, партиялық құрылысты демократиялық жолмен жетілдіруге бағытталған Президенттің саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болуда.

Қазақстанда бұрын орын алған суперпрезиденттік басқаруды тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа кезеңде күшті Парламентке сүйенетін президенттік басқаруға өту – халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрудың сара жолы. Бүкіл биліктің президенттің қолына шоғырлануы – қауқарсыз парламент, дәрменсіз үкімет пен солқылдақ сотты туындатып, биліктің үш тармағының Президенттің аузына қарап, шарасыз отыруына әкеліп соққаны белгілі. Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай келеңсіздік жойылатынын, әр билік тармағы өзінің құзыретіне сай қызмет жасауы қажет екенін қадап айтты. Сонымен қатар, Президенттің туыс-тумаларының мемлекеттік саяси лауазымды қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдардан  шеттету отбасылық-кландық сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің кепілі болмақ.

Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін қағазбастылық бюрократиядан арылтуға бағытталған арнайы жарлығы жедел саяси шешімдер қабылдауға, тиімді әрі нәтижелі мемлекеттік басқаруға жол ашпақ. Ал Президенттің, Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті мен Конституциялық сот төрағаларының, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының ешбір партияның қызметіне араласпауы, партияларды ресми тіркеу талаптарының жеңілдетілуі саяси бәсекелестікке арқау болары сөзсіз. Мұның барлығы қоғамда көптен бері көтеріліп жүрген, бірақ шешімі табылмай келе жатқан саяси мәселелердің алдыңғы қатарында еді. Президент ұсынысымен Парламент Мәжілісінің үштен бір бөлігінің мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлануы азаматтардың бәсең сайлау құқығын жүзеге асыруға жол ашып, сайланбалы органдарға өзін-өзі ұсынуына кең мүмкіндіктер ашады.

«Ұлт пен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу менің міндетім деп білемін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, Президенттің жолдауында ақиқат пен әділдікке сүйенбей, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін байқадық. Ендеше ең алдымен билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін әділеттің ақ жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықтан арылып, ел тәуелсіздігін мәңгі сақтап, байтақ еліміз бен жеріміздің бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналса деген тілегі көкейімізге үлкен сенім ұялатты.

@Ералиев Сайдирасулхан Акбарханұлы

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*