Аудандық мәдениет үйінде «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 46 жұмыс беруші мекемеден 140 бос жұмыс орыны ұсынылды. Бос жұмыс орындарының ішінде білім саласы мен аудан аумағында орналасқан кәсіпорындарға қатысты сұраныс көп болды. Атап айтқанда, қазақ тілі және әдебиеті, ағылшын тілі, математика және химия пәндерінің мұғалімдеріне бос жұмыс орындары бар.
200-ге жуық азамат жәрмеңкеге келіп, әр түрлі сала бойынша жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Жұмыс беруші мекемелердің басшылары мен өкілдері келген тұрғындарға жұмысқа орналасудың шарттарын түсіндіріп, Мансап орталығының қызметкерлері жәрмеңкеге қатысушы азаматтарға мемлекеттен қарастырылған қолдау түрлері туралы ақпарат берді.
Айта кетейік, Түлкібас ауданында Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша тапсырмасы да жүйелі түрде іске асып келеді. Биыл, бұл бағытта 7 айдың көрсеткішімен ауданда 600 ден аса азамат жұмысқа орналасқан болатын. Сонымен қатар, «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында өткізілген жәрмеңкеде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында субсидияланатын уақытша жұмыс орындары және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы да айтылды. Жұмыс іздеп жүрген азаматтарға «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық порталы (enbek.kz) арқылы бос жұмыс орындарын іздеу мүмкіндіктері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыс орындарына қатысу тәртібі түсіндіріліп, бағдарламаға қатысуға шақырылды.
Жалпы, Түлкібас ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясындағы барлық бағыттар бойынша 5588 адамды кешенді жоспарға сәйкес жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде Ұлттық жоба шеңберіндегі жұмыстар өз деңгейінде орындалып келеді. Бұл бағытта 3 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылғандар қатарына қосылған. Оның ішінде «Әлеуметтік жұмыс» орындарына, «Жастар практикасына», «Алғашқы жұмыс орны» жобасы мен «Күміс жас» жобасына, «Ақылы қоғамдық» жұмысқа жолданған тұрғындар өз қызметтерін аброймен атқарып жүр. Ал, тұрақты жұмысқа 750 ге тарта азамат жолданып, еңбек етуде. Ауданда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантты алып, өз кәсібін бастаған тұрғындар да аз емес. Ол азаматтар өзінің табысын арттырумен қатар, аудандағы бірқатар тұрғындары да жұмыспен қамтуда. Олардың қатарында наубайхана, тігін шеберханасы, медициналық мекеме, әсемдік орталықтары мен шаштараз ашып, бизнесін өркендетіп отырған кәсіпкерлер де бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бағытында бірқатар азаматтар таңқурай, құлпынай, қияр өсіріп өнімдерін еселесе, ал мал шаруашлығында ірі қара және жылқы басын көбейтіп жүрген шаруа иелері де кездеседі.
Бұдан бөлек, Түлкібас ауданында мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 300 ге жуық адамға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар практикасына, 2 азамат күміс жас жобасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 45 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 190 азамат «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына, 15 тен аса азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант алған және 20 азамат деректер қорындағы бос жұмыс орнына жолданыпты.
Бөлісу