Түлкібас ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында, кешенді жоспардың барлық бағыттары бойынша 5588 адамды  жұмыспен қамту жоспарланған. Жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 7 айдың көрсеткіші бойынша 2755 адамды құрап отыр. Бұл туралы Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Байбатшаев Ерсұлтан Жаңабайұлы мәлімдеді.

Орталық басшысының айтуынша, жалпы жұмыспен қамтылғандардың ішінде «Әлеуметтік жұмыс» орындарына 203 азамат жолданса,  «Жастар практикасына»115 азамат жолданған. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 43 азамат жолданып, олар өз қызметіне кірісіпті. Сондай-ақ,  «Күміс жас» жобасына 71 азамат жолданса, «Ақылы қоғамдық» жұмысқа 821 азамат орналасқан.

— «Бүгінде ауданда 7 айда 741 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Жаңа жұмыс» орнына 56 адам жолданды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша 608 азамат жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант 44 азаматқа берілді. Бұдан бөлек, ауданымыздағы мүгедектігі бар еңбекке қабілетті 283 адамға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Оның ішінде 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат жастар практикасына, 2 азамат күміс жас жобасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 45 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 190 азамат «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына, 15 азамат жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант алған және 20 азамат деректер қорындағы бос жұмыс орнына жолданды», деді Түлкібас аудандық Мансап оралығының басшысы Ерсұлтан Жаңабайұлы.

 

 

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еңбек нарығын цифрландыру, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалау, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамтуды арттыру үшін басқа да ауқымды іс шаралар қарастыру бойынша нақты міндеттерді айқындап берді. Яғни, еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Дәл осы бағытта, 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап, Түркістан облысының аудан, қалаларында еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін 20 орталық құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары, енді мансап орталықтары болып қайта құрылып отыр. Қазіргі таңда, аталған мекемелер «Ұлттық жоба» аясында ұйымдастырылатын жұмыстарды жүзеге асыруда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңадан құрылған еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі қызметін де бекітті. Олар:

— Жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімдерін қамтамасыз ету; өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру; жұмыспен қамтудың барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жасау; жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру; жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз азаматтарды тіркеу; халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілеттік мемлекеттік органдарды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.

Қазіргі таңда, Түлкібас ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейін бағдарламасын» іске асыру, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты да басты назарда. Түлкібас ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Аудандық Мансап орталығының басшысы мемлекет осындай қолдауларды жасап жатқанда, азаматтар еңбек етуге ұмтылуы керек екенін айтады.

— «Біздің ауданда еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз. Біз, барынша көмектесуге, жол көрсетуге дайынбыз. Орталықтың негізгі мақсаты «Ұлттық жоба» арқылы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту болып табылады. Бұл орталық жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем береді, кейбіріне уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын да қоса атқарады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.  Негізі, халықтың басым бөлігі мамандығы бойынша еңбек жалақысы жоғары тұрақты жұмыспен қамтылуды қалайды. Ал, ауылдық жерде қыруар қаржы алып, жалақының жоғары болуы екіталай. Ондай мамандықтар бірен-саран. Сол себепті «маған жалақысы жоғары жұмыс қажет» деу орынсыз. Барға қанағат етіп, жұмысыңды жасап, қосымша кәсіп ашып, оны да талапқа сай жүргізіп отырсаң, соның өзі бақыт деп білемін», — дейді Ерсұлтан Байбатшаев.

 

Айта кетейік, бүгінде электронды еңбек биржасының арнайы сайты бар. Порталдың басты жұмысы- жұмыс іздеу және персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң болып табылады. Енді, жұмыс беруші өзінің бос жұмыс орны туралы ақпаратты электронды еңбек биржасында жеке кабинеті арқылы беріп, бос жұмыс орындар бойынша мәліметтерді ұсыну туралы міндетті заңнама қағидаттарының іске асырылуын жеңілдетеді. Жалпы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы Ұлттық жобалардың бірыңғай платформасында жұмыс орнын табуға көмектеседі. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға өтінім бере алады.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*