2024 жылы Түркістан облысында жалпы 1 038 870 түп түрлі тал көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 522 935 данасы — көктем айларында егілсе, күз айларында — 515 935 дана көшет егілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1,5 миллион көшет отырғызу көзделген.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді-мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет егу жоспарланған. Бұл жайында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуәлиев брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында біршама жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.

-«Жасыл аймақ» апталығында атқарылатын жұмыстар негізінен елді мекендерді тазалау, әктеу, сырлау, көшет егу, ағаш бұталау, түптерін қопсыту, суару жүйелерін реттеу, қоршауларын қалпына келтіру бағытында жүргізіледі. Бір күнде бір гектар орман — ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-200 келі оттегін шығарады. Тіпті бір ағаш — 3 адамның тыныс алуына жеткілікті оттегін бөледі. Жүргізіліп жатқан көшет егу жұмыстары өңіріміздің экологиясын жақсарту, тұрғындардың денсаулығын түзеу бағытында үлкен маңыздылыққа ие-, деді Қайрат Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, өткен «Киелі мекен» апталығының қорытындысын Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков баяндады.

-15-20 сәуір аралығында өткен апталық кезінде облыс көлемінде 22 мыңнан астам азамат атсалысып, 496 техника тартылды. Жалпы 226 көлемді іс-шаралар өтті. Нәтижесінде облыстағы 1 410 көшенің бойлары тазаланып, 7 816 дана ағаш отырғызылды. 16 508 дана ағаш әктеліп, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланды. Сондай-ақ, 346 саябақ пен скверлер, 244 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 176 шақырым көпір, өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары, 517 көпқабатты тұрғын үй аумақтары мен аулалары, жертөлелері тазаланды»- деді.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*