Төлеби ауданында елдің ынтымағы мен бірлігіне, тұрақтылығына бағытталған маңызды іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Осындай игі істердің жоғарғы деңгейде өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері де атсалысып жүр. Ақ жаулықты аналар әрқашанда аудан аумағындағы түрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізуде. Бұл бағытта Төлеби аудандық аналар кеңесі қандай маңызды  міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері асыл аналардың қатысуымен қанша іс-шара өткізілді?  Осы және өзге де өзекті сауалдармен Төлеби аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Айдаркүл Рахишоваға хабарласып, арнайы сұхбат жүргіздік. Маңызды ақпарат, мол деректер айтылған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Айдаркүл Айтбайқызы біздің ұсынысымызды қабылдап, қажетті ақпараттармен бөлісуге келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Сұхбаттың алғашқы сұрағын Аналар кеңесінің негізгі міндеттерімен таныстырып өтуден бастасақ?

-«Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі болып табылады. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап, әрбір шағын елді мекендерінде де жүзеге асырады. Кеңестердің құрамында көп балалы аналар,  үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар да бар. Бүгінде еліміздегі Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпаққа тәрбие беретін өзіндік мектепке айналды деуге болады. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысып келеді. Мүшелікке кіргісі келетін аналардың да саны артып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие. Келешек ұрпақты басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қарауға, өркениетті елдің талаптарын орындайтын азамат ретінде тәрбиелеуге тиіспіз. Әрбір азаматтың бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз. Сондықтан Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе деп айтуға болады.»

-Енді, Төлеби ауданы бойынша айтып өтсеңіз. Аналар кеңесі биылғы қызметін неден бастады? Негізі бағыт пен жоспарларды бекіту мәселесі қалай болды?

«Төлеби ауданында Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасап отыр. Біз жыл басында, 2023 жылғы жұмыс жоспарын талқылау, бекіту бойынша дөңгелек үстел өткіздік. Ол отырыстың мақсаты былтырғы жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, биылғы жылдың жұмыс жоспарын нақтылап, алдағы мақсат – міндеттерді айқындау болды.  Отырыстың күн тәртібінде  жылдық жоспарды талқылап және мүшелерін жаңарту мәселелерін қарадық, сонымен қатар жиынға қатысушылардың ұсыныс – пікірлерін де тыңдадық. Осылайша жаңа бастамалар мен алдағы атқарылатын жұмыстарды нақтылап алдық.

 

— «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, ең алдымен аналардың келешек үшін, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында атқарған қызметтеріне тоқталуды жөн деп отырмыз?

— Өте дұрыс айтасыз, Отанды сүю отбасыдан. Бұл тұста бірінші ата-ананың, екінші саналы ұрпақ болып қалыптасу үшін білім ордалары мен оқу орындарының беретін тәрбиесі маңызды. Аудандық аналар кеңесінің мүшелері де негізгі басымдылықты осындай мекемелермен тығыз байланыс орнатуға арнап келеді. Мысалы, жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі және Көксәйек елді мекеніне қарасты Төлеби жалпы орта мектебінің ұйымдастыруымен, жастар мен жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыспен, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жоғарғы  сынып  оқушыларымен түсіндірме  жұмыстары жүргізілді. Кездесудің негізгі мақсаты — жастарды теріс діни ағымдардан, зорлық –зомбылықтың, ерте жүктіліктен, нашақорлық пен ішімдіктен және де қылмыс пен құқықбұзушылықтан бойларын аулақ ұстауға, сондай-ақ жастарды имандылыққа тәрбиелеу болды.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің студенттерімен «Тәрбие тал бесіктен басталады» атты семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Төлеби АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны А.Боташева, Ленгір қаласы емханасының психолог маманы З.Кульжанова және А.Шертаева, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызыметкерлері қатысты. Іс-шара барысында мамандар студент қыздарымыздың болашақ ана болу, тәлім тәрбиелік ұғым, адамгершілік, сыпайлық, зиянды әрекеттерден аулақ болу жайында толыққанды айтып өтіп, көңіл сергітетін ойындар ойнатты.

Одан бөлек Аналар кеңесі мен Ленгір қаласы №8 кәсіптік-техникалық колледжінің бірлесе ұйымдастыруымен, жылдық жоспарға сәйкес студенттер арасында «Отбасы-аялы алақан мекені» атты тәрбие сағаты болып өтті. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесінің мүшелері мен колледж студент жастары, оқытушылары қатысты. Ондағы басты мақсат отбасы құндылықтарын, дәстүрлерін жаңарту ата-ана мен бала арасындағы және отбасы мүшелерінің бір-біріне жақсы қарым-қатынастарын орнату, қамқоршыларға құрмет әрі қолдау көрсету,адамгершілік қасиеттер қалыптастыру болды. Бұл тәрбие сағаты жастарды өз ұлтының  әдеп-ғұрыптарын,салт-дәстүрлерін қастерлейтін, өз ойын ашық жеткізетін, өзіндік пікірін білдіре алатын, ата-ананы,отбасын,өмір құндылықтарын құрметтейтін тұлға болуға үндеді.

Дәл осы бағытта Ленгір қаласындағы  №9 Түркістан көпсалалы техникалық колледжінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жопарға сәйкес студенттер арасында «Мейірімділік-анадан, әдептілік-данадан » атты тәрбие сағатты да болып өтті. Тиісінше, шараның мақсаты — тәрбиеленушілерді адамгершілікке, қарапайымдылыққа әдептілікке,кішіпейілділікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды  ажырата  отырып, әдептілік  әліппесін бойына дарыту. Тіл байлығын дамыту, таным белсенділігін арттыру болды. Тәрбие сағатында жастарға үлгі өнеге көрсетерлік ғибратты сөздер айтылып, аталған тақырыптар бойынша пікірлер ортаға салынды.

Қазақ халқы қашанда қыз тәрбиесіне аса мән беріп келген. Оған, «Қызға қырық үйден тыйым салу» мәтелінің түсінігі дәлел.  Міне осыны ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесі мен Тасарық ауылдық округі, «Т.Тоғызбаев» атындағы жалпы орта мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен, жылдық жоспардан тыс оқушылар арасында «Қыздың ары – ұлттың ары» атты тәрбие сағатын өткіздік. Тәрбие сағатында қазақ халқының ұлттық болмысын сақтай отырып, қыздарға жат қылықтарды ажырата білуге, олардың денсаулығына, ұлт болашағына, рухани байлығына, тәрбиесіне келтіретін зияны туралы түсінік берілді. Сонымен қатар, қыздарды ішкі және сыртқы жан дүниесімен әдемі де, арлы болуына шақырдық.

Бүгінгі таңда, жастар мен жасөспірімдердің санасына ұлттық салт-дәстүрді сіңіре білуде өте маңызды істердің бірі.  Бұл бағытта біз  жылдық жоспардан тыс Зертас елді мекеніне қарасты, Қ.Мамытов атындағы жалпы орта мектебімен бірлесе, оқушылар арасында «Салт- дәстүрім- таусылмайтын байлығым» атты тәрбие сағатын ұйымдастырдық. Шараға Төлеби аудандық Аналар кеңесі мүшелері мен мектеп оқушылары және оқытушылары қатысты. Ақ жаулықты аналарымыз оқушыларға қазақ халқының салт — дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, баланың бойына адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үлгі етуді насихаттады.

Өздеріңіз білетіндей Төлеби ауданында түрлі этнос өкілдері тұрады. Десекте, олардың қазақ халқына деген құрметі, сыйластығы ерекше. Тиісінше әр ұлттың дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне біз де құрметпен қараймыз. Осындай мақсатта Қазақстан  халқы  Ассамблеясы  жанындағы  Төлеби  аудандық  Аналар кеңесі  және  Көксәйек елді мекеніне қарасты Төлеби жалпы орта мектебінің бірлесе ұйымдастыруымен,  бекітілген кестеге сәйкес оқушылар арасында  сынып аралық   «Достық күні»  атты ұлттардың салт дәстүрін дәріптеу мақсатында іс – шара өткіздік.  Халқымыз достық, ынтымақтастыққа әрқашан ерекше мән берген ғой.  «Қырғыз, қазақ-бір туған», «Өзбек-өз ағам», «Түбі бірге түрікмен» деп қырғыз, өзбек, түрікмен және өзге де ұлттарды ынтымақтастыққа үндедік. Бірлік – халық салты. Халқымыздың бірлік салты отбасынан басталып, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады деген ұғымы осы шарада кеңінен айтылды.

Сөзімнің басында атап өткенімдей, Отанға деген сүйіспеншілік отбасыдан басталады. Жанұяда берген тәрбиенің орны бөлек. Сондықтан оны ұғындыра білу де маңызды екенін айттым. Мысалы, Сұлтан рабат жалпы орта білім беретін мектебінде оқушылар арасында «Отбасы – бақыт мекені!» тақырыбында іс-шара өткіздік.  Іс-шараның негізгі мақсаты: бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру; бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата — ана тәрбиесі, өнегесі және ата — ана баланың бас ұстазы екенін түсіндіру. Отбасы мүшелерінің арсындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым- қатынасты қалыптастыру болды.

Сондай-ақ 4 маусым–Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «Мемлекеттік рәміздер–қасиетті құндылығымыз!» атты тақырыппен Аналар кеңесінің  жылдық жоспарына сәйкес, түрлі этнос жастары арасында дөңгелек үстел мәжілісі болып  өтті. Шараға ақ жаулықты аналарымыз, колледж  ұстаздары және студенттер қатысты. Жастарды Қазақстан Республикасының Рәміздерін құрметтеуге, патриоттық рухта тәрбие сіңіруге, отанымызға сүйіспеншілікпен қарауға шақырдық. Бұл да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің бекем болуына мол септігін тигізетін шаралардың бірі болды деуге болады.

Осындай патриоттыққа тәрбиелейтін іс-шараның тағы бірі Төлеби ауданы Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжі және Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай «Тіл – ең асыл қазына» тақырыбында іс-шара болып, жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге үндедік. Бұл кездесудің де мақсаты азаматтарға ана тілін сүюге, ана тілін ардақтай білуге тәрбиелеу болатын.

— Ұлттың ұлы тұлғаларын дәріптеу, олардың өмір жолы мен еңбегін насихаттау бойынша да аналар кеңесі бірқатар шараларды ұйымдастырыпты. Жас өрендерге өнеге болған шараларды атап өтсеңіз?

— Жыл басында Қазақстан  халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен бастау алған шаралардың бірі, ол — Ленгір қаласына қарасты №2 Ш.Уалиханов  жалпы орта білім беретін мектепте өткен «Классика жауһарлары» тақырыбында керемет кездесу болды. Жоғарғы сынып оқушылары қатысқан іс-шарада Мұхтар Әуезовтың өмір жолымен жазушылық қызметінен, шығармашылығынан мағлұмат берілді. Жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу. Оқушылардың өзіндік ізденіс жұмыстарына баулу, ой-өрісін, рухани жан дүниесін байыту. Ойын ашық білдіру, еркін сөйлеу дағдыларын жетілдіру сынды маңызды тәсілдер осы кездесуде жүзеге асты. Оқушылар Мұхтар Әуезовтың шағармашылығымен жақынырақ танысты.

Сондай-ақ, Орталықтандырылған  №1 Қалалық  кітапханасымен бірге «Бір  ел –бір  кітап  2023»  акциясы  аясында,  «Жазушы Төлен  Әбдіктің  кітаптарын  оқимыз»  атты  тақырыпта  кездесу  болып өтті. Аталған кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық  Аналар кеңесінің мүшелері және  №2 Ш.Уалиханов  атындағы жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушылыры мен оқытушылары  қатысты. Кездесудің мақсаты ұлттық әдебиетіміздегі  ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, рухани  мұрамызды сақтау, сондай — ақ  жастарға  рухани — адамгершілік және патриоттық  тәрбие беруге бағытталды.

Төлеби  ауданына қарасты, Алшалы елді-мекенінде орналасқан Ә. Молдағұлова атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінде, биылғы бекітілген жылдық жоспарға сәйкес,  31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» тақырыбындағы іс-шара ұйымдастырдық. Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби  аудандық филиал басшысы Е. Айтжанов, Аналар кеңесінің мүшелері, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың ерлігін қазіргі жастардың санасына сіңіру, егемендікті қадірлеуге шақыру сынды жақсы пікірлер айтылды жиында. Өткеннен сабақ алу, арыстармыздың өмірі мен жасаған ерен істерін білу әрбір азаматтың борышы деп білемін. Одан бөлек, Леңгір қаласына қарасты, «Lenger Polytechnic» колледжінің ұйымдастыруымен,   Қазақстан халқының тілдері мерекесіне орай мемлекеттік тілде жалпы қазақстандық ашық диктант жазу шарасы өтті. Шараның мақсаты жыр пырағы — Мағжан Жұмабаев туралы деректерді оқу, шығармалары арқылы түсініктерін кеңейту және білімдерін одан әрі қалыптастыру. Зейінін, ойлау жылдамдығын, есте сақтау қабілетін дамыту. Елін, жерін сүюге тәрбиелеу болды.

—  Қашанда қайырымды істердің ортасынан табылатын ақжаулықты аналамыздың қамқорлығына Төлебиліктердің алғысы қандай?

— «Ана деген бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Расында ақжаулықты, жүректері мейірімге толы жандар, яғни аналарымыз әрқашан демеуді қажет ететін адамдарға,оның ішінде қыз-келіншектерімізге  қамқорлығын аяған емес. Кез келген уақытта оларға қолдау білдіріп, түрлі іс-шараларда, мерекелерде құрметтеп, игілікті тірліктеріне қолдау білдіріп жүреміз. Мысалы біздің кеңестің жылдық жоспарына сәйкес, кәсіпкер аналардың қатысуымен «Әйел — ана, әйел — кәсіпкер, әйел — басшы» үй шаруасындағы әйелдер тақырыбында семинар-тренинг өткіздік.

Семинарға ауданымызға танымал жас кәсіпкер  Есеналиева Жанеркені шақырдық. Ол көпшілікке өз кәсібі туралы айтып берді.Тәжірбиесімен бөлісті. Отбасының ұйытқысы және табысты әйел бола білуде бақыт қой.  Аналар кеңесінің төрайымы ретінде кәсіпкер ананың жұмысымен танысып, ақ батамды бердім.

Ал, еліміздегі өте маңызды мерекелердің бірі, алғыс айту күніне орай, ардақты аналарымыз, яғни кеңес мүшелерімен бірге Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елді мекенінің тұрғындарына, жалғыз басты зейнеткер кісілерге күнделікті тұрмысқа қажетті азық — түлік заттарын алып бердік. Зейнеткер апаларымыздың иығына орамал жауып тәттілер ұсындық. Апаларымыз ақ батасын беріп, шексіз алғысын білдірді.

Сондай-ақ, дәл осы  Алғыс айту күні мерекесінде  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Киелітас ауылдық округі, Достық елдімекеніне қарасты «Рауан» балабақшасында «Туған жерге мың алғыс» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шара барысында басты құндылығымыз ел тыныштығы мен қазақстандықтардың ауызбіршілігі сақталуына еңбек етіп жүрген азаматтар мен барша округ тұрғындарына алғысымызды жеткіздік. Оларда құрмет көрсетіп, осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқандарына шексіз алғыстарын білдірді. «Рауан» балабақшасының бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, ауданымыздың белсенді этнос өкілдері халық арасында ән шырқап, аудан тұрғындарына тәттілер ұсынды. Міне, бұлда біздегі ауызбіршіліктің нағыз үлгісін көрсетеді.

Менің де бұл күні қуанышқа кенелген сәтім болды. Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы мен аудандық мәдениет үйі және этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «1 наурыз — Алғыс айту күні» мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде арнайы мерекелік іс-шара өтті. Ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене қатысып, өңіріміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы жолындағы қажырлы еңбегімді бағалап, Аналар кеңесінің төрайымы ретінде мені  және түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі К.Рустемовті алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар мерекеде ауданымыздың белсенді этнос жастары халық әнін шырқап, концерттік қойылымдарын көрсетті.

Ал, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесінде Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының ұжымы  аудандық  Аналар кеңесінің мүшелерін, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, этносаясатты жүзеге асыру бағытында беделді жұмыс атқарып жүрген бірқатар азаматшаларды атаулы мерекесімен құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Бәріміз керемет қуанышқа кенелдік.

Ұлыстың ұлы күнінде Киелітас ауылдық округі, Жыланбұзған елді мекенінде Төлеби аудандық өзбек және күрді этномәдени бірлестіктерінің ұйымдастыруымен, ауқымды мерекелік іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараға Төлеби ауданының белсенді, беделді азаматтары мен ақсақалдары және Жыланбұзған елді мекенінің тұрғындары қатысты. Өзбек және күрді драма театрының өнерпаздары бұл күні әннен шашу шашып, көпшілікті билетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көптен бері осындай тартымды шараға шөліркеп қалған тұрғындар серпіліп, жақсы көңіл күймен тарқасты. Сондай-ақ, бізде наурыз мерекесін «ETNO – AYYL» саябағында кең көлемде, жоғары деңгейде атап өттік.  Келген қонақтарға ақ батамызды бердік.  Ұлыстың ұлы күнінде аналарымыз әсем әуен орындап,барша қонақтарға  мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты неке және отбасы деп тани отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Неке — ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ. Жаңадан отау құрған отбасыларға Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындыра білу, және де отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында Адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметті» секторымен бірге «Отбасындағы зорлық – зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында жас отбасылармен кездесу өткізіліп, жаңа өмірге қол ұстасып қадам басқан 5  жұпқа  салтанатты  түрде  неке  қию туралы куәліктері табыстадық. Бұл қайырымды шара, жаңа өмірге қадам басқан жас отбасылар үшін үлгі, өнеге болды. Жақсы пікірлер айттық. Оларда ризашылықтарын білдірді.

Төлеби аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірге,  Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесінің тәрбиеленушілеріне тәттілер мен  балмұздақ үйлестіріп, қайырымдылық  іс-шарасын өткіздік. Аталған іс-шара барысында Аналар кеңесінің мүшелері өздерінің ыстық ықыластары мен алғыстарын білдіріп бата берді. Сонымен қатар, «1 маусым — балаларды қорғау күні» мерекесіне орай, Ленгір қаласына қарасты «Алина» бөбекжайында «Бар мейіріміміз балада» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шараға  «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева және Аналар кеңесі мен ата-аналар қатысты. Іс-шарада «Алина» бөбекжайының бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік қойылымдарын көрсетті.

Сондай-ақ,  Төлеби ауданының орталық «Нұр» мешіті  және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби  аудандық Аналар кеңесі  «Мектепке жол» Республикалық қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы, қиын жағдайға тап болған отбасыларында тәрбиеленіп отырған 60 оқушыны мектепке қажетті оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз етті. Акцияның мақсаты–аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету болды. Достық елді мекеніне қарасты, №16 Ш.Уалиханов атындағы жалпы  орта мектебімен бірге, дәл осы бағыттағы «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы 11 отбасыны мектепке қажетті оқу құрал жабдықтарымен қамтамасыз еттік.

Қарияларымыз біздің қазынамыз ғой. Оларға қандай құрмет көрсетсекте жарасады. 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, қарттарды ұлықтау мақсатында үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата — бабамыздан келе жатқан салтымыз бағытында  «Қоғамдық келісім» мекемесінің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаевамен, кеңес мүшесі Сыздық Сәуле апамызбен бірге ұйымдастырып,  Қалалық әжелер алқасының төрайымы Есенова Гүлбазар апамызға және қала аумағындағы бірқатар қарияларға барып, сый сияпатын көрсетіп мерекемен құттықтадық. Асыл аналарымызға көңіл бөлсек, одан асқан бақыт жоқ. Ауданның азаматтары да ақжаулықты аналарды бағалай біледі. Әрқашанда елеп ескеріп, құрметтейді. Мен аналар кеңесінің атынан бірлігі жарасқан Төлебиліктерге алғыс айтамын.

— Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби  аудандық Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен ерлі — зайыптылардың ажырасуының алдын – алу және отбасылық құндылықтарды сақтау, аудандағы түрлі этностардың бейбіт өмір сүруі бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді екен. Бұл бізді де өте қуантады.  Асыл, ақжаулықты аналарымыздың осындай игі істері елдің ынтымағы мен берекесін арттырып отыр. Оған өзіңіз айтқан осындай ауқымды шаралар дәлел. Сондықтан, аналар кеңесінің барлық мүшесіне тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Төлебидің төрінде ауызбіршіліктің символы болып, аман-есен жүре беріңіздердер деп тілейміз.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*