Жыл басынан бері республикада қызылша ауруымен 11 жағдай тіркелді. Оның төртеуі — 14 жасқа дейінгі екпе қабылдамаған балалар,-деп хабарлайды ТАQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов өңірде әзірге жағдай тұрақты екенін айтады.  Аурудың алдын алу мақсатында жергілікті емханада екпе жасатуға болады.
«Қызылша — ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Көбіне балалар арасында жиі кездеседі. Қызылшаға шалдыққан адамда алғашқы кезеңде дене қызуының көтерілуі, көздің қабынуы, жөтелдің пайда болуы, ауыз қуысының бөртуі сынды белгілері пайда болады. Қызылша аурушаңдығының эпидемиялық маусымы — күз-көктем мезгілдері. Қызылшамен және қызамықпен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі», — деді Нұрбек Садықбекұлы.
Ал, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева қызылша аурының алдын алу бойынша былай деп кеңес береді.
«Аталған сырқатпен ауырмау үшін қызылшаға қарсы екпе алу керек, сондай-ақ бөлмені жиі желдетіп тұру қажет. Халық көп шоғырланған орындарда бетперде киіп жүрген дұрыс. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы симптомдары пайда болған кезде дәрігерге қаралып, дәрігер нұсқауларын орындау ләзім. Ата-аналарға айтарымыз, 17 жасқа дейінгі балаларыңыз қандай да бір себеппен екпе қабылдамаған болса, қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алуға шақырамыз! Қызылша ауруы асқынған жағдайда бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалитке әкелуі мүмкін», — деді Салтанат Өсетілләқызы.
Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*