Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев су тасқынына байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады.
Солтүстік, Батыс, Шығыс және орталық Қазақстанда күн жылынып, қар еріп, өзен-көлдер тасып, тоң боп қатқан жерге сіңбей бірқатар ауылдарды су басты. Бұны төтенше жағдай деуге келмейді. Себебі, бұл апат солтүстікке де көктемнің ерте келетінін, демек, әр маусымға мерзімді дайындық жүргізу керектігін дәлелдеді. Өкінішке қарай, аймақтар су тасқынына да дайын болмай шықты.

Салғырттық танытқандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сөгіс жариялап, төтенше жағдайды өз бақылауына алды.

Былтыр Семейде орман өртенгенде де ешбір стихиямен күресуге қауқарсыз екенімізге көзіміз жетті. Содан кейін республикалық бюджеттен өрт сөндіру қызметін қажетті құрал-жабдықпен жабдықтауға қыруар қаржы бөлінді. Алайда, алыстағы ауылдарға сол комплектацияның түгел жеткеніне күмән бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында да, халыққа арнаған Жолдауларында да табиғи жолмен келген су ресурстарын тиімді басқару әрі пайдалану, каналдарды, дренаждарды қалпына келтіру, қосымша су қоймаларын салу сияқты маңызды мәселелер көтерілген. Арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі де құрылды. Су көздерін экологиялық зерттейтін мамандар жұмыс істеу керек еді. Бір жылда татымды тірлік тындырмаған, жарты айда не жарытады?

Төтенше жағдайлар министрлігі ше, тек төтеннен қауіп төніп, төтенше жағдай орнағанда қимылдап, апаттың алдын алумен қашан айналысады? Қазір көктем мезгілі. Күн райы осылай жылынып, жауынды-шашынды бола берсе, апаттың атасы алда келе жатыр деген сөз. Өйткені, елімізге көрші мемлекеттерден келетін өзендер бар, өздерінде су артығымен жинала бастаса, бізге қарай жөнелтеді. Бұл жағдайда қайтпек керек?

Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Нидерландының қырық жыл бойы салған дамбасының арқасында, мұхиттың толқынынан сақтанып жатқаны әлемді мойындатқаны былай тұрсын, су тасығанда су бетінде де қалқып тұра беретін тұрғын үйлер мен фермалар, кәсіпорындар құрастырып қойған.

Ал, жапондар 13 жыл жасаған резервуар мен коллекторға тасқын суды құйып алып, 38 млн адам тұратын Токио жұртын апаттан аман сақтандырып жатыр.

Жалпы, түрлі табиғи суларды басқару әрі реттеуде дүниежүзі неше түрлі технология мен жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Ал, біздің құзырлы министрліктер мен атқарушы биліктің, қала берді ғалымдардың жайбасарлығы, жыл сайын қаншама ауылдың су тасқынынан зардап шегуіне жол беріп отыр. Бұл жолдар мен ғимараттардың сапасыздығын, кей жерлерде жолдың жоқтығын көрсетіп берді. Апатты аймақтарда елмен бірге жүрген әріптестердің айтуынша, техниканың да, қайықтардың да, тіпті резеңке етіктердің жеткіліксіздігін айтуда.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, төмендегідей ұсыныстарды:

1) Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту, мемлекет қорғауындағы аумаққа жатқызу нормативтерін енгізуді;

2) тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан 100 шақырым қашықта салу және қырға қоныстандыруды, ауылдардың сәулетін реттеуді;

3) ауыл маңынан өтетін өзендердің табанын тазалауды, одан шыққан құмды көктемгі су тасқынынан сақтану шаралына, яғни, бөгеттерге пайдалануды;

4) Ертіс, Жайық, Есіл, Нұра, Тобыл, Еділ, Іле, Шу, Сырдария сияқты және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін және ауылдарды басып қалмауы үшін жасанды арналар немесе өзендер жасауды, солар арқылы аса қауіпті аумақтарда табиғи суларды айдайтын су қоймаларын салуды;

5) Кеңес өкіметінің кезінде жұмыс істегендей су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыруды;

6) өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз етуді;

7) құтқарушылар қызметінің штаттық бірлігін көбейтуді;

қалалар мен ауылдарда ирригация, кәріз, дренаж жүйелерін әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасауды және жауған жаңбыр, еріген қар суының арықтар арқылы, өзен, көлдерге немесе каналдарға құятын етіп құбырлар тарту жобасын жасауды;

9) барлық қалалар мен ауылдарда қардан тазалау техникасы мен су сорғыш көліктерімен қамтамасыз етуді;

10) топан суды бөгейтін бөгеттер мен дамбаларды, резервуарларды көбейтуді, минералды жолақтар сияқты өзен жағалауларынан және ауылдардың айналасынан ен далаға ағып кететін арықтар қазып қоюды Үкіметке жолдаймын.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*