2 млн 116 мың халқы бар Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1780 тарихи және мәдени ескерткіші орналасқан. Оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 40 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1336 алдын ала тізімдегі нысан бар. Түркістан облысы орталығында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тарихи маңыздылығына орай ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген халықаралық маңызы бар бірегей сәулет туындысы.

«Айғақ» телеарнасының «Turkistan TOURISM» атты тарихи-танымдық бағдарламасы 2 сағат бойы Түркістан облысының  білім ордаларында көрсетілді. Бағдарлама авторы, мемлекеттік «Дарын» жастар республикалық сыйлығының лауреаты, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің гуманитарлық ғылымдар бойынша Академиялық комиссияның мүшесі, «Айғақ» Телерадиокомпаниясының редактор-журналисі Салтанат Тойболова.

Шара барысында мектеп оқушыларына  туған жеріміздің туризм саласындағы жетістіктері кеңінен таныстырылып, ақпараттар берілді.

Түркістан облысының барлық аймақтары тарихи және мәдени нысандарға, табиғи демалыс орындарына бай. Айталық Түркістан мен Кентау қалалары және Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол болса, ал, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі өркендеген. Оған қоса Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Бағдарламаның түсірілімінде аталмыш нысандардың барлығы кеңінен қамтылып, маңыздылығы түсіндірілген.

Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» жобасын айтуға болады. «Қасқасу» тау-шаңғы базасы Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында салынып жатыр. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне енгізілген. Бұл жоба Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаның сыртқы инженерлік-инфрақұрылым соммасы – 3 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобаны іске асыру кезеңі 2021-2023 жылдарға арналған. Жоба толығымен жүзеге асырылып, тау-шаңғы базасы мен курорт іске қосылған кезде мұнда 5000-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Түркістан облысының туристік инфрақұрылымының қарқынды дамуы – мемлекеттік саясат пен жергілікті басқарудың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Жаңа жобалар, артқан туристік ағым және рекордтық инвестициялар өңірдің Қазақстандағы туризм орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан Түркістан облысындағы туризм саласын дамыту бағытында Жол картасы әзірленіп жатыр.  Жол картасында туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан, қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*