«Өнерлі өлке»: Ұлттық салт-дәстүр дәріптелді

Сарыағаштықтар шараның алғашқы күні Этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністерін көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қонақтар қазақ халқының өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатқан қолөнер бұйымдарының әсемдігіне, сан алуан өрнегімен адамдарға рухани ләззат сыйлаған дүниелерге тәнті болды. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады.

Солардың қатарында тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, дамып, көркемдігімен көз тартып, кейінгі ұрпаққа дәріптеліп келеді. Сарыағаш ауданының қолөнер шеберлері де табиғат сұлулығын өнер туындыларына арқау етіп, тоқыма тоқу өнерін көпшілікке насихаттай білді.

 

«Жалпы, тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан, ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған қадірлі өнері деп айтуға болады. Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды: осы тоқу үстіндегі түрлі түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамыта түседі. Бүгінгі таңда халқымыздың ежелден желісі үзілмей келе жатқан көне де, ізгі дәстүрі жас ұрпақты ұлттық қолөнерге баулуда ерекше маңызға ие. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тіршілікпен қатар, сол заманның ортақ қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі екені анық. «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап табуда. Өз ұрпағының “сегіз қырлы, бір сырлы”өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен халқымыз асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа үйретіп келеді. Сарыағаштықтар да мәдени күндер аясында қазақтың тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүр мен мәдениетін, әдет-ғұрып таныстырып, этноауылда ерекше орта қалыптастырды»,- дейді мәдениет майталмандары.

 

Сондай-ақ, бұл күні ұлттық тағам түрлері де таныстырылды. Ежелден-ақ қазақ халқы үшін ақ дастарханнан және дәмнен үлкен нәрсе болмаған. «Ас адамның арқауы» деп есептеген қазақтың ұлттық дастарханында бұрыннан қолданылған тағамдардың негізгі түрлерін еттен, сүттен, қымыздан, сарымайдан, құрттан және мал өнімдерінен әзірлеген. Сондай-ақ осы тамақ түрлерінің емдік қасиеттері де жетерлік. Мәдени күндер аясында ұннан пісірілген ұлттық тағамдардың бірі бауырсақ таратылып, дәнді дақылдардан ашытып жасалған сусын боза да дастарханға қойылды. Сонымен қатар, ет қазақтың бұрыннан келе жатқан ұлттық тағамдарының бірі. Мерейлі шарада еттен жасалатын тағам түрлері де ұсынылды. Жалпы, ұлттық тағамдардың ішінде әсіресе ет өте құнды болып саналады. Өйткені оның құрамынан адам ағзасына қажетті пайдалы заттың барлығын табады. Сол себепті етті баптап сақтау мен дер кезінде дастарханқа қоюдың маңызы зор.

 

«Айта кетейік, қазақ халқы бұрыннан етті көп мерзімге сақтаған. Соғым етін сақтаудың түрлі әдісі бар. Мәселен, кейін жас сорпа дайындау үшін малдың еті, әсіресе қол етін бүтіндей аязға қатырып тастайды. Етті қатырған уақытта ыстық не жылы күйінде салқынға шығармай суық жерде сорықтырып барып, шығарған. Кейін әбден қатқан соң барлығын етханаға жиналып, еттің дәмі кетпес үшін күнге және желге тигізілмей сақталған. Ал, етті сүрлеу деп етті кептіріп алуды айтады. Әдетте еттің сұрпы жағы ғана яғни, қазы-қарта, жал-жая, омыртқа мен төс еттер сүрленген. Ал бас, сирақ, өкпе-бауыр, ішек-қарын сүрленбейтінін айта кетейік. Әсіресе Солтүстік өңірлерде тұратын қазақтар етті сүрлеу мақсатында ыстайды. Ал Оңтүстік аймақтағылар көбінесе батыстағылар етті ыстамайды. Тек тұздап сүрлейді. Сүрленетін еттер негізінен онша қалың қақталмайды және оларды біріне-бірін тигізбей, араларын жел, түтін еркін тиетіндей етіп іліп қояды. Ыстап сүрленген ет толық тобарсыған уақытта арнайы шошалаға іліп, астына түтін салып, есігін жауып тастайды. Етті ыстауға тобылғы, қараған, арша, шырша секілді отынға жағылады. Егер түтін көп сіңіп қалса, ет онша дәмді болмайды. Тек құрым татып кетеді. Бастысы бұған да аздаған шеберлік қажет. Жаз кезінде етті сүрлеу үшін оны алдымен жұқалап қақтайды. Кейін киіз үйдің іргесіне көлеңкелі жерге іліп тастайды. Кейде жас етті тұздайды және отқа бір қайнатып, кептіріп те алады. Сондай-ақ жаздыгүні шыбын-шіркей қонбас үшін етке күнбағыс не мақта майын   жағып қояды және қара бұрыш себеді.

Сонымен қатар жал да ұлттық тағамдардың бірі. Оны жылқының желке майынан әзірлейді. Жаңа сойылған жылқының жалы ұзын етіп тілінеді әрі тұздалады. Кейін оны ыдысқа салып, үстіне ащы тұздық құяды. Және салқындау орында сақтайды. Шамамен бір-екі күн өткен соң ұшы үшкір пышақпен болмаса бізбен теседі және жіп өткізеді. Кейін іліп қояды. Он сағаттай кептіреді. Әсіресе оны түнде салқын жел соғатын орында кептірген жөн. Жалпы жаяны сүрлеп те, ыстап та сақтай береді. Жаяны пісірер алдында алдымен салқын сумен шайып алу қажет. Кейін қазандағы қанжылым суға салып дайындайды. Оны баяу отта пісірген дұрыс. Дайын болғаннан кейін арнайы ыдысқа салып, салқындатады. Салқындаған соң жұқалап турайды және табаққа сәндеп орналастырады. Ал үстіне дөңгелектеп жуа салынады. Негізінен жалды ыстық күйінде жеген дұрыс. Алайда ол тым майлы болғандықтан салқын тағам ретінде беріледі. Ал қадірменді меймандарға жаямен бірге туралып ұсынылса, оны жал-жая деп те атайды», -дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Бейскенкүл Молдабекқызы.

 

Сондай-ақ этноауылда ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі құрт жасау әдісі де көрсетілді.«Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі және құт деп білген. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағамдар әзірлеп, дастарқанның молшылығын жасаған. Яғни қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлеу де қазақтың салтында бар үрдіс. Ал, сүттен жасалған ұлттық тағам  ретінде кеңінен қолданатын тағамының өте көне түрінің бірі ол — құрт.

«Құртты ежелгі замандарда қалыптасып, дамып, бүгінгі күндерге дейін өз қасиетін жоғалтпай, жақсы сақталған ұлттық тағам ретінде пайдаланып келеміз. Халқымыздың бүгінгі күні бізге жеткен құртының түрі көп. Құрт  күнделікті өмірде тағамның бір түрі ретінде, немесе басқа тағамдардың дәмін келтіру үшін  қолданылатын  тағам десек те болады. Құрт – сүттен  жасалған ұлттық тағам. Құрт – сөзінің мағынасы да құрғатылған, кептірілген сүт деген мағынаны береді. Бұл тағам ақуыздарға өте бай, адам денсаулығына өте пайдалы. Құрттың адам денсаулығына өте пайдалы екенін бұрынғы ата-бабаларымыз біліп, құртты үнемі пайдаланған екен. Мал бағуға кеткенде қалталарына құрт салып алған және күнделікті тағамдарға қосып ішкен немесе құртты езіп ішкен, сондықтан ол кісілер көп ауырмаған, дәрі-дәрмек пайдаланбаған. Ертеректе тіс дәрігері де болмаған, ата-бабаларымыздың тістері ауырмаған.  Атап айтқанда, адамның тісінің қалыптасуына құрттың пайдасы зор екен. Егер бала жастайынан құрт жеп өссе оның тісі өткір, қатты,  ауырмайтынына көз жеткіздім.  Құрт, ірімшік жеп, қымыз, айран, сүт ішкен баланың денсаулығы  мықты болады екен. Құртты адам алыс сапарға шыққанда пайдаланса,    қарны  ашпайды, шөлдемейді, ал самолетпен ұшқанда құрт құлақтың бітпеуіне және жүрек айнымауына көп ықпал етеді екен. Сонымен қатар, құрт дәрумендерге бай, адамның ас қорытуында әсері өте жоғары , атап айтсақ кейбір ас қорытуға арналған дәрілерге пара-пар сияқты. Ал қыста құртты езіп ішсең ол тамаша қорек болады , әрі адам суыққа тоңбайды екен..  «Құрт – қыстың қымызы» – дейтіні сондықтан болса керек.»,- дейді сарағаштық ақ жаулықты аналар.

Ұлттық тағамдардан бөлек, бұл күні ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Яғни асық ату, қой көтеру және садақ атудан да сайыстар ұйымдастырылды.  Асық ату — ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Қазақ халқы мал шаруашылығына бейім болғандықтан қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.Қазақ баласының есепке жүй­рік­тігі, міне, осындай ойындар­ды ой­наудан қалыптасқан. Асықты еш­кім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Оның жақсы сал­мақ­ты түрлерінен сақа жасайды. Қазақта «қой асығы болғанмен, қолыңа жақсы сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт» деген мақал бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін «сақадай сай» сөз тіркесі де кездеседі.

Қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысын да қазіргі ұрпақ жылы қабылдайды. Этноауылда өткен «қой көтеру» ойыны да көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» деп  айтқандай ойындар бойынша сайысқа түскен қатысушылар бір-бірінен тай салмады. Әсіресе қой көтеру ойыны жоғары деңгейде өтіп, барша жұрттың қызығушылығын арттырды.

Одан бөлек, садақ ату сайысы да қыза түсті. Садақ ату – мергендік спортының бір түрі десек, бұл әдіс-тәсіл қазақ халқы үшін жат дүние емес.  Бұл спорт біздің қанымызда бар. Дәстүрлі садақ ату – бұқаралық спортқа бейім спорт түрі. Мұны ұйымдастыруға садақ пен оқ және алаң болса жеткілікті. Сарыағаштың ағайын да мергендік өнерінің өрісін кеңейтіп, нысана көздеудің қыр сырын дәріптей білді.

Ұлттық спорттық ойын түрлерінен, атап айтсақ, қошқар көтеру, алыптар сайысы, асық ату, ләңгі тебу, садақ ату, қазақ күресі сынды түрлі тағы басқа ойындардың жеңімпаздарына сыйлықтар да үлестірілді.

Бұл күні, Сарыағаш ауданының жетістіктері туралы кітап және фото көрмелері, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі де жасақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Түркістандағы Сарыағаш ауданының мәдени күндері, яғни «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған іс-шара қатарынан екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Керуен сарай» туристік кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала- концертке Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев арнайы қатысып, келген көрерменге алғысын білдірді. Концерт барысында «Еркетай» би тобы, «Саялы Сарыағаш» этно- фольклорлық ансамблі, «Назар тобы», Фархат Ескенеев, Глафира Богатова, Нұрлыбек Бұқарбай, Нұрсейіт Шырынхан, Дастан Шәріпбай, Бекзат Есалы, Ержан Исақов, Әлжан Шекербеков, Сәнім Исакқызы, Сая Бектұрсын, Хабиба Бауыржанқызы, Мадина Асқарова және тағы басқалар өнер көрсетті.

Айта кетейік, фестиваль мақсаты ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту болып саналады. Өнер байқауы жаз бойы өткізіліп, күз айларына дейін жалғасады.