Үкімет инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жалғастырады

Үкімет ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті реттеу және қорғау есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін жалғастырады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет Ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауданы және тарифтерді реттеу есебінен инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды жалғастыратынын айтты. Осындай әрекеттердің арқасында Қазақстанда 2023 жылғы жылдық инфляция жылына 20,3%-дан 9,8%-ға дейін төмендегені және 2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 8,4%-ды құрағаны атап өтілді.

«Үкімет жағдайға мониторинг жүргізеді әрі әлеуметтік маңызы бар өнім түрлері бойынша экономикадағы бағаларды тежеуге бағытталған шаралар қабылдайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу үшін қысқы және көктемгі маусымаралық кезеңге қарай жеткілікті көлемде қалыптасқан жаңа өнім қоры шығарылатын болады. Тұрақтандыру қорларының, сауда объектілерінің қоймаларында және ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 29 негізгі түрі бойынша 826 мың тоннадан астам азық-түлік сақталады. Бұл қорлар сақтау мерзімдерін ескере отырып үнемі толықтырылып отырады және еліміздің қажеттіліктерін бірнеше айға қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ жаңа жылдық мерекелер қарсаңында бағаның ықтимал өсуін тежеу үшін қосымша шаралар қабылдануда. Өңірлерде тұрақты ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Қысқы кезеңде және маусымаралық кезеңде бағаны одан әрі тұрақтандыру үшін ақпан айының басында тұрақтандыру қорларынан көкөністерді босатуды бастау жоспарлануда, бұл нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз етуге және баға ауытқуларының алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Өңірлік комиссиялар бағаның өсуіне талдау жүргізеді, өнімсіз делдалдар анықталады және сауда үстемесінің асып кету фактілері қаралады. Аталған комиссиялардың қызметі осы жылы бақылау-фискалдық және күштік органдарды тарту есебінен күшейтілді. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықты көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында жақын шетелден ерте көкөністерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастырылады. Бұдан басқа, сауда саласында бизнеспен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.

Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдап жатыр

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәлсихатында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта нарығындағы ахуал мен оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері туралы мәлімдеді.

Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір ауытқулар байқалып, ұлттық валюта бағамы әлсірегені атап өтілді. Осыған байланысты, азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдауда. Нұрлан Байбазаров ұлттық валютаның бағамының түзетілуі тек сыртқы фундаменталды факторлардың ықпалынан туындаған құбылыс екенін атап өтіп, олардың негізгі үшеуіне тоқталды:

▪️соңғы айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі;

▪️мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі;

▪️Ресей рублінің әлсіреуі.

Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін ескере отырып, рубль бағамындағы ауытқулар теңге бағамына әсер етуі мүмкін.

«Мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті – азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, олардың әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар», — деп атап өтті Н. Байбазаров.

ЖОЛДАУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары жайында айтылған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында 50 жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылды. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталған. 330 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.