Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттады

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Әбдірайым Мұса Сайранбайұлын «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Сондай-ақ, Мұса Әбдірайымға ақшалай сыйақы табысталды.

52 жастағы азамат жолаушы ретінде Алматы халықаралық әуежайының ұшуға дейінгі тексеру аймағына кірген қылмыскердің қолындағы пышағын тартып алды. Батылдық пен шапшаңдықтың арқасында ол әуежай қызметкерінің өмірін сақтап қалды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына орасан зор көңіл бөліп, құрмет көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біздің елде әрқашан бейбіт аспан, келісім мен өркендеу болсын!», — Мұса Әбдірайым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтауы

Қымбатты ханымдар!

Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – сұлулық пен мейірімділіктің символына айналған шуақты мереке.

Халқымыз ежелден анасын ардақтап, қыздарын қадірлей білген. Көптеген аруларымыздың есімі төл тарихымызға алтын әріппен жазылған.

Қазір Қазақстанда әйелдер түрлі кәсіппен айналысып, бизнесте және қоғамдық қызметте зор табысқа жетіп жүр. Олар биік белестерді бағындырып қана қоймай, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Барлық әйелдердің адал еңбегі ең жоғары бағаға лайық. Осы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы аналар мен арулардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін.

Мемлекет әйелдердің құқықтарын қорғауға және барша азаматтың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасауға әрдайым баса назар аударады.

Жанашырлық, жауапкершілік, жасампаздық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген әйелдер қауымы еліміздегі ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға зор үлес қоса береді деп сенемін.

Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін!

t.me/aqorda_resmi