Бүгін, «Kеруен сарай» кешенінде «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өңірдің туристік маусымы ашылды. Облыстың туристік әлеуетін, инфрақұрылымын жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс тұрғындары мен саяхатшылар қатысты.
Туристік маусымның ашылуында көрермендерге ерекше шоулар ұсынылып, ұмытылмас әсер сыйлады. «Jana lep» шығармашылық ұжымы қазақтың ұлттық әндерін орындап, көпшілікті сүйсіндірді. Сондай-ақ заманауи әуендер шырқалды. Туристер мен түркістандықтарды таңғалдырған мерекеде тарихи тұлғалар мен кейіпкерлер енгізілген керуен жүріп өтіп, балалар ұлттық ойындарды ойнады. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы сынды ойшылдар жұртшылықпен қауышты.
Туристік мерекеде 2,5 тонна наурыз көже пісіріліп, жүртшылыққа ұсынылды. Көже 150 теңгеден сатылып, жиналған барлық қаражат балалар үйіне қайырымдылық ретінде беріледі. Қонақтар мен түркістандықтар наурызкөжемен ауыз ашып, бір-бірін мерекемен құттықтады. Сиқыршылар қойылымы көрсетіліп, барабан шоуы ұйымдастырылды. Тамақты жылдам жеуден жарыс және қолөнершілердің шоулары өтті. Әсем әндер шырқалып, би биленді.
Айта кетейік, аймаққа келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Түркістан Қазақстанның және бүкіл түркі әлемінің ең ірі туристік орталықтарының біріне айналуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристер саны 500 мыңнан асты. Ал біркүндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Сондай-ақ 2024 жылдың III тоқсанында орналастыру орындарында демалған туристер саны 235 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12%-ға өсті. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңның қабылдануы – өңір үшін тарихи оқиға. Бұл бастама Түркістанның туризм саласындағы әлеуетін одан әрі нығайтуға және дамытуға зор мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Архив за день: 20 марта, 2025
«ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ АСТАНАСЫ» ФОРУМЫНДА ТАРИХИ ШАҺАРДЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Бүгін Түркістан қаласында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» республикалық туристік форумы өтті. Маңызды шараға Орталық Азия елдерінің және еліміздің туризм саласындағы бизнес және ірі компания өкілдері, сарапшылары мен қолөнершілері қатысты.
Шара Түркістанды түркі әлемінің орталығы ретінде алыс-жақын елдерге танытуға, қаланың туристік әлеуетін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Республикалық форум аясында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: дамуы мен болашағы» атты пленарлық отырыс ұйымдастырылып, Италиялық-Қазақстандық сауда қауымдастығының вице-президенті Олжас Шынтаев модераторлық етті. Форумда Түркістанның әлемдік туристік картасында өз орнын алуы үшін жаңа идеялар мен стратегиялық шешімдер ұсынылды. Жергілікті билік, кәсіпкерлер және халықаралық серіктестер өзара пікір алмасып, ой бөлісті.
Басқосуда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркістан облысының туристік әлеуетіне тоқталып, жан-жақты ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
– Бұл форум – еліміздегі және облысымыздағы туризмнің дамуын жаңа деңгейге көтеру, өзекті мәселелерді талқылау және болашақ мүмкіндіктерді қарастыру алаңы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді» деді. Өңірімізде облы әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасымен туризм саласын дамытуға басымдық берілген. Түркістан облысы – тарихы терең, мәдени мұрасы бай, туристік әлеуеті зор аймақ. Бүгінгі таңда өңіріміздің дамуына серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – туризм. Облыста туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, өңірдің туристік әлеуетін дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру басты назарда. Сондай-ақ, қонақүйлер мен демалыс орындарын салу, инвестиция тарту және жаңа туристік маршруттарды құру арқылы туристерді тарту жұмыстары да жүргізілуде. Түркістанның туристік әлеуетін дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Біз бұл бағытта мемлекеттік қолдауды күшейтіп, кәсіпкерлермен, инвесторлармен және туризм саласындағы мамандармен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайынбыз. Баршаңызды Түркістан облысының туризм саласының өркендеуіне белсенді атсалысуға шақырамын! – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Жиында Түркістандағы Түркия Республикасының Бас консулы Илкер Пак та құттықтау сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс «Түркістанның ішкі және келу туризмін дамытуда тиімді стратегиялық шешімдер» тақырыбындағы панельдік сессияға жалғасты. Онда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңының тетіктері және жоспарлар» тақырыбында, Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева «Түркістан облысында қытайлық туристердің сұранысын арттыру жолдары: Қытай нарығымен жұмыс істеу стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар Түркістан облысының туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов «Түркістан облысының туристік әлеуеті және даму бағыттары» туралы ақпарат берсе, «SkyWay» туристік компания басшысы Әсем Қозбағарова «Дестинацияларды ілгерілету: Туризм маркетингіндегі жаңа тәсілдер мен стратегиялар» бойынша, «Qazaq Oner» орталығының негізін қалаушы, қолөнер шебері Айгүл Жансерікова «Қолөнер және туризм: Жергілікті өнердің туристік тартымдылығын арттыру» тақырыптарында баяндап, қатысушылармен пікір алмасты.
Туризм саласы бойынша былтыр облыстың негізгі капиталына 79,2 млрд.теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 48%-ға артты. Биыл өңірде «Қолөнер қалашығы», «Күлтөбе» қалашығы жобасы, «Arena Aquatica Turkestan», «Yassy Hall and Apartment», «Platinum» қонақ үйлері және тағы басқа туристік инвестициялық жобалар іске асырылуда. Түркістан қаласында аквапарк және белсенді демалыс аймақтары бар бес жұлдызды қонақүй құрылысы басталады.
2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл мәртебе өңірдің халықаралық аренада танылуына және туристік ағынның артуына ықпал етті. 2025 жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңның қабылдануы – өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін тарихи оқиғаға айналды. Түркістанның жаңа мәртебесі оның инфрақұрылымын, мәдениетаралық байланыстарын және экономикалық жағдайын жақсартуға айтарлықтай әсер етпек.
НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚОНАҚҮЙЛЕРДІҢ БӘРІ ТУРИСТЕРГЕ ТОЛДЫ
Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң қабылданды. Бұл маңызды құжат облыстың туристік әлеуетін арттыруға, жаңарған шаһардың әлемдік деңгейде танылуына жаңа серпін бермек.
Бүгінде тарихи шаһарға шет мемлекеттерден және еліміздің басқа өңірлерінен келушілер саны күрт артуда. Қазірдің өзінде қонақүйлердегі жатын бөлмелердің 90%-ға жуығы толған. Мерекелік демалыс күндерге барлық қонақүйлердегі төсек-орындар толық брондалған. Сонымен қатар 21 наурыз күні Алматы-Түркiстан-Шымкент-Ташкент-Самарканд пойызымен 250 турист келеді деп күтілуде. Туристерге 68 орналастыру орыны, 1372 бөлме, 3048 төсек-орын келушілерге қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар әуе билеттері толық сатылуда.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында E-qonaq бойынша қалаға келген шетелдік туристер саны 1310 адамды құрады. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы берген мәлімет бойынша қаңтар-ақпан айында 47 мыңнан астам келушi тіркелген. 2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл мәртебе өңірдің туристік ағынының артуына ықпал етті. Өткен жылдың наурыз айында қалаға келушілердiң саны 79,8 мың адамды құраған. Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына байланысты бұл көрсеткіштердің тағы да арта түсері анық.
Айта кетейік, облыста 235 орналастыру орны және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 128,6 мың адам, тарихи орындарға 880,1 мың адам саяхаттаған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі