ТҮРКІСТАНҒА «ЖІБЕК ЖОЛЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПОЙЫЗ БАҒЫТЫМЕН 300 ТУРИСТ КЕЛДІ

Наурыз мейрамына «Жібек жолы» халықаралық пойыз бағытымен Түркістанға 300-ден аса турист келді. Саяхатшылар Түркістан қаласының көрікті орындарын аралап, Наурыз мейрамын тамашалауды жоспарлап отыр.

Олар Түркістанның тарихымен, мәдениетімен танысады. Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығын аралап, Қожа Ясауи кесенесіне зиярат етеді. Сондай-ақ қаланың жаңа сәулет нысандарын, атап айтсақ, «Жастар» саябағын «Керуен сарай» кешенін аралайды.

Айта кетейік, өткен жылы «Жібек жолы» туристік пойызы өз жұмысын бастаған болатын. Бірнеше күнге созылатын саяхатта туристер Алматыдан бастап, Түркістан, Ташкент, Самарқанд және Шымкент қалаларын аралап, туристік орындарымен танысады.

Түркістанда туристік маусым 19 наурызда ресми түрде ашылды. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында E-qonaq бойынша қалаға келген шетелдік туристер саны 1310 адамды құрады. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы берген мәлімет бойынша қаңтар-ақпан айында 47 мыңнан астам келушi тіркелген. 2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл мәртебе өңірдің туристік ағынының артуына ықпал етті. Өткен жылдың наурыз айында қалаға келушілердiң саны 79,8 мың адамды құраған. Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына байланысты бұл көрсеткіштердің тағы да арта түсері анық.

Өңірде 235 орналастыру орны және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 128,6 мың адам, тарихи орындарға 880,1 мың адам саяхаттаған.

 

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ТҮРКІСТАНДА ТАҒЫ 348 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурыз мейрамы қарсаңында түркістандықтар қуанышқа кенелді. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған 348 отбасына «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен пәтер кілттерін табыстап, тұрғындардың қуанышын бөлісті. Баспана иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасатынын айтты.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Бүгін біз ерекше қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Өзіміздің бауырларымыз, тұрғындарымыз қоныс тойын тойлайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғындарды баспанамен қамту жұмысын күшейтуді тапсырды. Өңірде осы бағытта ауқымды жұмыс жүруде. 2024 жылы шаһарда 961 отбасы баспаналы болды. 2018-2024 жылдар аралығында кезекте тұрған 3519 тұрғын баспанамен қамтамасыз етілген. Ипотекалық және жеке үйлер де тапсырылуда. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Таяуда еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Енді қаламыз, облысымыз бұдан да жоғары қарқында дамиды. Ал бүгін, Наурыз мерекесі қарсаңында тұрғындарға жаңа баспаналар табысталуда. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам. Біз алдағы уақытта да тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырамыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
Осы күні Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тарапынан қала аумағынан сатып алынған 5 қабатты 348 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, 168 баспана көпбалалы отбасыға, 180 пәтер әлеуметтік әлсіз топ санатына жататын азаматтарға табысталды. Аймақ басшысы тұрғындармен бірге жаңа пәтерлерді аралап көрді. Қоныс тойын тойлаған азаматтар қуаныштарымен бөлісіп, алғыстарын білдірді. Баспана кілттерін табыстау рәсімі алдында қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі өткізіліп, концерттік бағдарламаға ұласты. Киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамы да атап өтілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА НАУРЫЗНАМАНЫҢ ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН ЖАРЫСТАР ӨТІП ЖАТЫР

Түркістан облысында Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз Ұлттық спорт түрлерінен барлық аудан-қалаларда жарыстар өтіп жатыр. Шара аясында бүгін Бәйдібек ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру секілді дәстүрлі ойындардан сайыс өтті. Спорттық жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, арнайы диплом мен сыйлықтарға ие болды.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданында мектеп оқушыларының қатысуымен ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Додада қазақ күресі, ләңгі тебу, асық ату сынды жекелей жарыстармен қатар, арқан тартыс сынды командалық ұлттық спорт түрлері ұлықталды. Жастарды спортпен шұғылдануға дағдыландыру, ұлттық ойындар мен салауатты өмір салтын насихаттау, ойын кезінде өзін-өзі басқару арқылы қайсарлық пен батылдықты мақсат еткен шараға оқушылар белсене қатысты.
Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданында жастардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында тағызқұмалақ ойынынан жарыс өтті. Аудандағы Жаңабазар ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа мектеп оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Үздік деп танылған оқушыларға сый-сыяпаттар берілді.
Еске сала кетейік, Наурызнама онкүндігі – қайырымдылық пен мәдени іс-шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның әр саласын қамтитын мерекелік кезең. Ұлттық спорт күні – қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту мен насихаттауға арналған.