“ТҮРКІСТАН-САМАРҚАНД” БАҒЫТЫНДАҒЫ ӘУЕ РЕЙСІ АШЫЛДЫ

“Түркістан-Самарқанд” әуе рейсі өз жұмысын бастады. Астана қаласынан басталған әуе бағыты Түркістан арқылы Самарқандқа ыңғайлы транзитпен ұшуға мүмкіндік алып отыр. Жаңа әуе рейсі аптасына 2 рет, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Билет құны бір бағытқа 23 500 теңгеден басталады.

Жаңа бағыт – Қазақстан мен Өзбекстанға, туристік қалалар Түркістан мен Самарқандқа саяхаттауға аса ыңғайлы болмақ. Туристер үшін ерекше мүмкіндіктер ашады. Аталған бағыттағы әуе рейстерін “Qazaq Air” әуекомпаниясы жүзеге асырады.

Айта кетейік, жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық рейстерден Ыстамбұл, Абу-Даби мен Эль-Кувейтке, ал республикаішілік Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына тұрақты әуе рейстері ұшады.

КЕНТАУҒА ҚАРАСТЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТАБИҒИ ГАЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛЫП ЖАТЫР

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жоғарғы қысымды газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес, жалпы газ құбырының ұзындығы 12,5 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда 4,5 шақырымына газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, Хантағы ауылын толық табиғи газбен қамтамасыз етілу жоспарлануда. Жалпы Кентау қаласында 18 000 абоненттің 15 319 абоненті, яғни 85% табиғи газ жүйесіне қосылған. Сонымен қатар, жуырда Шоқтас және Байылдыр ауылдары табиғи газ жүйесіне қосылған.

ТҮРКІСТАН: АРЫСТАҒЫ БАЙЫРҚҰМҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында көптен күткен қуаныш болды. Қала орталығынан ең шалғай орналасқан ауылдастардың тұрмысын жеңілдететін табиғи газ жүйесі іске қосылып, салтанатты түрде алғашқы алау жағылды.

Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, мердігер мекеме өкілдері, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Шаһар басшысы байырқұмдықтарды қуанышты сәтпен құттықтап, бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.

Жалпы, Байырқұм ауылы — тарихы терең, Сырдария жағалауындағы іргелі елді мекен. Ауылға газ жеткізу жобасы аясында ұзындығы 24,01 шақырымдық газ құбыры тартылды. Жоба бойынша 506 абонент немесе 3,5 мыңнан астап тұрғын табиғи газға қол жеткізіп отыр.

Енді Байырқұм ауылында тұрғындар көмір жағып, күл шығарып әуре болмайды. Таза әрі тиімді отын – табиғи газ әр шаңыраққа жылу мен жайлылық сыйлайды. Бұл – отбасылар үшін тек тұрмысты жеңілдету ғана емес, сонымен қатар уақыт пен қаражатты үнемдеудің де мүмкіндігі.

Салтанатты шара барысында ауылда алғашқылардың бірі болып үйіне газ қосқан Баймахан Арапбайұлын қала әкімі мен сала мамандары арнайы барып құттықтады. Зейнеткер табиғи газдың қосылуын зор қуанышпен қабылдап, бұл ел игілігі үшін жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да бұл игі істердің жалғасын табарына сенім білдіріп, қуаныштарын білдірді.

Алдағы уақытта Байырқұмнан кейін Жиделі, Көкжиде, Аққала елді мекендері де кезең-кезеңімен табиғи газ жүйесіне қосылатын болады.

 

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ТАШКЕНТТЕ ӨЗБЕК ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Ташкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жобасы аясында ТМД Экономикалық кеңесінің 105-ші отырысы мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің алғашқы «Аймақтар форумы» өтті.

ТМД елдерінің жоғары лауазымды өкілдері бас қосқан Экономикалық кеңестің кезекті отырысына елімізден ТМД Экономикалық кеңесіндегі Тұрақты өкілі Бекетжан Жұмаханов пен Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастаған делегация құрамында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен еліміздің өңірлерінен барған 50-ге тарта қазақстандық табысты компаниялардың өкілдері қатысты. Форумда Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова баяндама жасады.

Форумда мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтуге бағытталған негізгі құжаттар – әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйелерін үйлестіру, халық денсаулығын қорғау, жеңіл өнеркәсіпті дамыту және ауыр машина жасау саласындағы ынтымақтастыққа қатысты тұжырымдамалардың жобалары мақұлданды. Өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жаңа жобада сауда-экономикалық, инвестициялық, өндірістік-технологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. «BMB Holding» және «Uz Trade» компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіліп, агроөнеркәсіптік кешен мен жеміс-көкніс өнімдерін жеткізу салаларындағы ынтымақтастықтың мәселелері сөз болды.

Шара соңында маңызды меморандумдар жасалды. Олардың арасында Жетісай ауданы әкімдігі мен «Samarkand Irrigation System» компаниясы арасында меморандумдарға қол қойылды.