Депутат: ЖИ-жаңа ұлттық идея!

Жасанды интеллект – жаһандық бәсекеге қабілетті ететін басты құрал

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды. Тиісінше, елімізде қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде таныту үшін жұмысты жаңа тәсілдермен жүргізу керек.
Мемлекет басшысының бұл бастамасы Жаңа Қазақстанды одан әрі дамытуға ықпал етері сөзсіз. Өйткені, жасанды интеллект – елдің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық тұрғыдан дамуына мол мүмкіндік беретін стратегиялық құрал. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ 2030 жылға дейін әлемдік жалпы ішкі өнімді 15 трлн долларға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сондықтан Қазақстан да осы үрдіске ілесу керек. Сондай-ақ, бұл технология мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, қағазбастылықты, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы шығындарды азайтуға ықпал етіп, бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қызметтер мен инфрақұрылымның сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, әлеуметтік саланы жетілдіру, экологиялық бақылауды күшейту, қауіпсіздік және құқықтық жүйені жетілдіру сынды бағыттарға серпін сыйлайды.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан Республикасы қазір жасанды интеллект саласын дамыту бойынша әлемдік деңгейдегі көшбасшы елдер қатарына кірмейді. Дегенмен мемлекет бұл бағытқа ерекше көңіл бөліп, нақты стратегиялық қадамдар жасап жатыр. Мемлекет басшысының Жолдаудағы сөздері мен бастамасы соның бір дәлелі.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – бүгінде Қазақстан жасанды интеллекттің әлемді индексінде 121 елдің ішінде 58-орында тұр. Бұл көрсеткіш елімізде ЖИ саласына деген қызығушылық артқанын және инфрақұрылымның біртіндеп дамып келе жатқанын аңғартады. Негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан орташа деңгейде тұрғанымен, қолданбалы жобалар саны көбейіп келе жатыр екен. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге 2021 жылы Қазақстан Үкіметінің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ЖИ-ді дамыту бағыттарын белгілеуі, 2023 жылы «Жасанды интеллектті дамыту» тұжырымдамасының әзірленуі, мәліметтерді жинақтау, сақтау және өңдеу инфрақұрылымының жаңартылып жатқандығы оң әсерін тигізуде. Осы ретте білім беру және кадр даярлау, зерттеу, мемлекеттік басқару салаларына ЖИ енгізілсе, өзге де салаларда түрлі сынақтар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қала инфрақұрылымы және қаржы секторындағы қауіпсіздік бағыттарына ЖИ енгізуге басымдық берілген.
Себебі, сөз басында айтқанымыздай, жасанды интеллект – елді жаңа индустриялық деңгейге көтеретін, тиімді басқаруға жол ашатын, халықтың өмір сапасын арттыратын басты заманауи құралдардың бірі. Оны дұрыс бағытта дамыта алсақ, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігі арта түседі.

Нұржан Сейтжанов,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Ауыл шаруашылығын дамыту – елдің әл-ауқатын көтерудің бір жолы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде елді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытуға ықпал ететін көптеген бастаманы көтерді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын өркендету ісіне де кеңінен тоқталып, озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметке нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Президенттің айтуынша, мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру үшін соңғы жылдары көптеген реформа жүргізді, жүргізіп те жатыр.

– Қомақты қаражат бөлініп жатыр, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын да айтты. Бұл жұмыстарға атсалысып жатқан отандық және шетелдік инвесторлар салған қаржы көлемі 2 миллиард доллардан асады. Нәтижесінде, үш мыңнан астам жұмыс орны ашылып, өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданбақ.
– Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Оларды жұртшылық жақсы біледі. Бұл кәсіпорындар цифрландыру тәсілдерін жаппай енгізу арқылы өндірістің тиімділігін әлдеқайда арттырып жатыр. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн, – деді Президент.
Дегенмен, Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы бойынша Орталық Азияда жетекші елдердің бірі саналады. Бұл сала елдің экономикалық, әлеуметтік және азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар, бағдарламалар және инвестициялар іске асырылып жатыр.
Бүгінде еліміз дүниежүзіндегі ең ірі астық экспорттаушы 10 елдің қатарына кіреді. Бидай, ұн, майлы дақылдар мен ет өнімдерін әлемнің 70-тен астам еліне экспорттап жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстары цифрландыру мен автоматтандыру, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік және экологиялық таза өнім бағыттарына негізделген. Жеке инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасалып, шетелдік инвесторларға да мүмкіндік берілуде. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары – егіншілік бойынша көш бастап тұрса, Түркістан, Алматы, Жамбыл өңірлері – көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерімен танымал. Ал Батыс өңірлер – мал шаруашылығына бейімделген.
Мұның бәрі Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында айқын нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан, әлеуеті әлі де зор мемлекет екендігін аңғартады. Цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану және инвестициялық климатты жақсарту – бұл саланы жаңа белеске шығарудың басты бағыттары.

Жәнібек Сүлейменов,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Бюджетті тиімді басқару – болашаққа деген сенімді инвестиция

Кез келген мемлекет тұрақты түрде дамуы үшін бюджет саласын тиімді жолдармен басқаруы қажет. Бұл Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың да негізгі бағыттарының бірі. Сәйкесінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында ел экономкасы үшін маңызды, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс екендігін нықтап айтты. Мемлекет басшысының сөзінің сүйенсек, бұл тұрғыда әсіресе инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн.

— Жалпы, инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішінде болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады, — деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға қажетті болса сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тарту керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керектігін айтты. Себебі, аталған банктер экономикаға несие бергеннен гөр,і қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді екен.
Президенттің айтуынша, Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет.
— Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын, — деді Мемлекет басшысы.
Жолдау барысында Президент өңір басшыларының қаржыны тиімсіз жобаларға жұмсайтынын айтып, сын тақты. Соның салдарынан әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға көшетін адамдардың саны көбейіп, әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалатын қаражат көлемі бюджет кірісіне қарағанда әлдеқайда жылдам көбейіп жатқан көрінеді. Оған қоса, мектептер мен медициналық нысандардың жүктемесі артып, орын тапшылығы туындап жатыр екен.
Жалпы, бүгінде Қазақстанның бюджетіне салмақ салып отырған мәселелер бұдан да көп. Сондықтан бюджетті тиімді басқару – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екендігін ұғынуымыз қажет. Сонда ғана еліміздегі экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік салаларды дамыту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аймақтарды тең дәрежеде дамыту ұзақмерзімді даму стратегияларын жүзеге асыру сынды жұмыстардың жемісін көре аламыз.
Бюджетті тиімді басқару – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды іс қана емес, жарқын болашаққа салынатын сенімді инвестиция болып саналады. Сол себепті, осы бағытта атқарылатын жұмыстарға келешегінен мол үміт күтетін елдің азаматтары ретінде баршамыз атсалысуымыз қажет.

Мағауия Тұрысбеков,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,
бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы.

Білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың жаңа стандарты

 

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Садықбекұлы Нышановтың қатысуымен “Жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілген білім беру ұйымдарындағы тамақтанудың жаңа стандарты” тақырыбында брифинг өтті.

Брифинг барысында келесі маңызды ақпараттар айтылды:
• Мектеп асханаларында тұз мөлшері 5 есеге дейін азайтылады;
• Қантты сусындар мен майлы, қуырылған тағамдар мәзірден алынып тасталады;
• Балаларға арналған ас мәзіріне жаңа піскен көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің үлесі арттырылады;
• Тамақ дайындау әдістері — қайнатып пісіру, буға пісіру, бұқтыру тәсілдерімен шектеледі;
• Ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептер мен буфеті жоқ білім беру ұйымдарында “Ланч-пакеттер” қолданылады.

Бұл жаңа стандарт балалар арасында семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың алдын алуға бағытталған.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аталған стандарт еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында толық қолданысқа енгізілді.