Жуырда Мемлекет басшысының ауыл әкімдерімен өткен кездесуіне қатысып, тәжірибе алмасып қайтқан Алатау ауылдық округінің әкімі Ділдабаев Айсұлтан Ділдәбаев ауылдың болашақ дамуы жайында нақты жоспарларымен бөлісті. Ол алдағы уақытта да ауқымды жобаларды жүзеге асырып, ауыл экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту және салық түсімін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Әкімнің айтуынша, бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның дамуына және тұрғындардың әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етпек.

« – Президенттің ауыл әкімдерімен кездесуі – ауыл дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан маңызды қадам болды. Бүгінде ауыл – елдің тірегі, экономиканың негізі, ұлттық болмыстың алтын діңгегі. Сондықтан ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту – мемлекет саясатының басым бағыты болып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының ауыл әкімдерімен арнайы кездесу өткізіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдауы – елдің ауылдық аймақтарға деген ерекше назарын көрсететін маңызды әрі тарихи қадам деп айтуға негіз бар. Кездесу – тәжірибе алмасудың тиімді алаңы. Президенттің ауыл әкімдерімен жүздесуі жай ғана формалды жиын емес, тәжірибе алмасудың, нақты проблемаларды ашық айту мен шешу жолдарын бірге іздеудің алаңы болды. Әр өңірдің жағдайы әртүрлі, ауылдардың мүмкіндігі мен қиындықтары да сан алуан. Сол себепті жергілікті басшылардың ұсынысын тікелей Мемлекет басшысының алдында айтуы – басқару жүйесінің ашықтығын, халыққа жақындығын көрсетеді. Ауыл мәселелері – мемлекеттік деңгейдегі міндет. Кездесу барысында көтерілген негізгі мәселелер қатарында ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, ауыз су, жол, жарық, газ мәселесін түбегейлі шешу, ауыл шаруашылығын қолдау және субсидиялау, инвестиция тарту мен шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын көбейту, жастарды ауылда қалдыру мен әлеуметтік нысандарды көбейту, сонымен қатар білім мен медицина сапасын арттыру туралы да айтылды. Бұл бағыттардың барлығы ауылдың болашағы үшін аса маңызды. Президент осы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін айрықша атап өтті. Ауыл әкімдерінің беделі мен жауапкершілігі жылдан-жылға артып келеді. Президенттің олармен жеке кездесу өткізуі – ауыл әкімдеріне үлкен сенім мен міндет жүктейді. Енді әрбір әкім халықпен етене жақын жұмыс істеуге және тұрғындардың мәселесін дер кезінде шешуге, жаңа жобаларды іске асыруға, ауылды көркейтуге нақты үлес қосуға тиіс. Бұл – ауыл басшыларына берілген мүмкіндіктің де, артылған жауапкершіліктің де көрінісі. Президенттің ауылға ерекше көңіл бөлуі – стратегиялық қадам. Өйткені ауылда еңбек бар, өндіріс бар, туризм бар, табиғи ресурс бар. Ең бастысы – ауылда бірлік бар, елдік бар. Сол әлеуетті дұрыс пайдалану – жергілікті басшылардың, тұрғындардың және мемлекеттің ортақ міндеті.» – дейді Алатау ауыл округінің әкімі Айсұлтан Ділдәбаев.
Расында, Президенттің ауыл әкімдерімен кездесуі – ауыл мәселесін биік деңгейде талқылап, нақты шешімдер қабылдауға жол ашқан маңызды оқиға болды. Бұл кездесу ауыл өмірін жақсартуға, жергілікті басқаруды күшейтуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған үлкен қадам деп айтуға болады. Ендігі міндет – сөзден іске көшу, көтерілген мәселелерді нақты нәтижемен дәлелдеу.

Бұл бағытта ауылдың жас әкімі инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті. Сонымен қатар алдағы уақытта дәл осы Алатау ауыл округінде Түркістан облысына кеңінен танымал «Береке» корпорациясы тәтті су өндіретін зауыт ашуды жоспарлап отыр. Жоба толық қолдау тапқан жағдайда, ауыл тұрғындарының басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылып, округтің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті одан әрі нығая түспек.