Бүгінде ауылдың әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту ең өзекті міндеттердің бірі. Осы мақсатқа жетуде ең сенімді құрал – шағын және орта кәсіпкерлік. Себебі шағын кәсіп ауыл экономикасына серпін беріп қана қоймай, жұмыс орындарын көбейтіп, тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік туғызады. Ең алдымен, шағын кәсіп – ауылдағы жұмыссыздықты азайтудың тиімді жолы. Шаруашылық, мал және егін өнімдерін өңдеу, сүт, ет, нан өнімдерін өндіру, шағын шеберханалар ашу, қызмет көрсету саласын дамыту – мұның бәрі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, тұрақты табыс көзін қалыптастырады. Жастардың ауылдан көшуін тежеп, туған жерде еңбек етуге ынталандырады. Екіншіден, шағын кәсіп ауыл экономикасын әртараптандырады. Бұрын тек мал немесе егінге ғана тәуелді болған ауыл шаруашылығы бүгінде туризм, қолөнер, агроөңдеу, логистика, сервистік қызметтер арқылы кеңейіп келеді. Бұл ауылға жаңа технология, жаңа мәдениет, жаңаша ойлау әкеледі. Сонымен қатар, шағын кәсіптің дамуы инфрақұрылымның жақсаруына, жол, байланыс, қызмет сапасының артуына ықпал етеді.
Мемлекет тарапынан да қолдау бар: жеңілдетілген несиелер, гранттар, оқыту бағдарламалары, инфрақұрылымдық қолдау – мұның бәрі ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы – тұрғындардың ынтасы, еңбекке деген ниеті және жаңашылдыққа ұмтылысы.

Бұл бағытта Ордабасы ауданында мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған көптеген ауыл азаматтары өз кәсібін ашып, тұрмыстарын жақсартып келеді. Солардың бірі – Шұбар ауыл округінің тұрғыны Серік Манапұлы. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5% мөлшерлемемен 4 400 000 теңге жеңілдетілген несие алып, өз үйінде шағын тігін цехын ашқан. Кәсіпкер қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қажетті түрлі тұрмыстық тапсырыспен тігін өнімдерін дайындауда. Жобаның іске асуы отбасылық табысты арттырып, ауыл ішінде шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуда. Серік Манапұлы алдағы уақытта цехты кеңейтіп, қосымша тігін машиналарын алып, кәсіп ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындары үшін мұндай бастамалар шабыт беріп, кәсіп ашуға деген сенімін арттыра түсетіні айқын.

Ордабасы ауданында соңғы жылдары жылыжай шаруашылығында да жаңа серпін қалыптасты. Соның жарқын мысалының бірі ауданға қарасты Шұбарсу елді мекеніндегі – «Алан-Нұр» жылыжай кешені. Шаруашылықтың төрағасы Нұрлан Алимханов жылыжай ісіне 2017 жылы кіріскен. Алғашқыда 1 гектар аумақта тәуекелге толы тірлік бастады. Дұрыс жоспарлау мен үздіксіз жұмыстың арқасында шаруашылық жыл сайын кеңейіп, 2025 жылға қарай жер көлемі 4 гектарға жетіп, ірі өндірістік жылыжайға айналды. Бүгінде аумақтың аграрлық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр.

Бұл жолда мемлекет қолдауы да маңызды рөл атқарды. Кәсіпкер өз қаржысына қосымша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29,8 млн теңге көлемінде қолдау алып, кәсібіне инвестиция салды. Нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған тұрақты өндіріс орны құрылды. Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару технологиясы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып, бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы 4 гектардан жыл сайын 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс нарыққа шығарылады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты. Бүгінде жылыжайда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл бірегей кәсіптің өркендеуі- табанды еңбектің, батыл қадамның жемісі. «Алан-Нұр» жылыжайының жетістігі – жас кәсіпкерлерге үлгі. Қиындықты еңсеріп, заманға сай технологиямен жұмыс істеп, ауылда да табысты бизнес қалыптастыруға болатынын дәлелдейтін нақты мысал.

Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 ауылдық округте 749 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185 тұрақты жұмыс орны ашылып, 100-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан арылады деп күтілуде. Яғни, шағын бизнестің дамуы – әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Отбасының табысы артса, білім мен денсаулыққа көңіл көбейеді, ауылда мәдениет пен қоғамдық белсенділік жанданады. Шағын кәсіп иелері – ауылдың белсенді тобы, олар демеушілік жасап, әлеуметтік жобаларды қолдап, қоғамның дамуына үлес қосады.

Жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасымен өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша – 195, мал шаруашылығын дамыту бойынша – 175, құс шаруашылығын дамыту бойынша – 108, балық шаруашылығын дамыту бойынша – 71, кооперативтерді құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша – 62, өз кәсібін ашу бойынша 138 жобаны іске асыру көзделуде. Мұндай жобалар ауыл дамуының берік тірегі, экономиканың қозғаушы күші болып табылады. Оны дамыту – тек экономикалық емес, әлеуметтік әрі стратегиялық маңызды міндет.