Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Осы ретте Созақ ауданында етті бағыттағы мал басын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауданға 1 474 бас «Калмық» асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал әкелінді. Оның ішінде 1 245 басы аналық, 229 басы – өткен жылғы төлдер.
Шаруа қожалығы әкелінген мал басын ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылым жерге орналастыруда. Бұдан бөлек орман қоры жерінен 9000 гектар жайылым жерге келісім-шартқа отырған. Қазіргі таңда барлық мал ауданға тіркеліп, ветеринариялық есепке алынды.

Аталған ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында құрылған. Серіктестік ауданның жайылымдық әлеуетіне байланысты Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды мал шаруашылығын қарқынды дамытуды қолға алған. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара – етті бағыттағы, шөл және шөлейт аймақтарға және суыққа төзімді, жоғары өнімді мал түрі. Алдағы жоспарларымен бөліскен серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы бастамаларын да айтып берді.
« – Мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан негізгі кәсібінің бірі. Соның ішінде ет бағытындағы ірі қара тұқымдарын өсіру ауыл шаруашылығының маңызды саласы болып табылады. Осындай кең таралған әрі шаруашылыққа тиімді мал тұқымдарының бірі – «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара. Калмық тұқымы XVII ғасырда ойрат-қалмық тайпаларының көшпелі өмір салты барысында қалыптасқан. Бұл тұқым ұзақ уақыт бойы Еуразияның қуаң далалы аймақтарында өсіріліп, табиғи сұрыпталу нәтижесінде қатал климатқа төзімді болып қалыптасты. Кейіннен Ресей мен Қазақстан аумағына кеңінен таралып, жергілікті табиғи жағдайларға жақсы бейімделді. Калмық ірі қарасы дене бітімі мығым, сүйегі берік, бұлшық еттері жақсы дамыған мал болып саналады. Бұл тұқымның сиырлары орта есеппен 420–500 келі, ал бұқалары 700–800 келіге дейін салмақ тартады. Бұл кәсіпті 2020 жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда әкелінген мал толықтай ауданға тіркелді. Биыл мал басын тағы 1 500 басқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Аналық бастарын көбейтіп, аталық малды 4 жастан бастап экспортқа бағыттауды көздеп отырмыз. Биыл жыл басынан бастап ішкі нарық қажеттілігін өтеу мақсатында 10 365 келі ет өнімдерін өткіздік,» – дейді «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Мамытхан Әлімханұлы.

Калмық тұқымы – ет бағытындағы мал. Оның басты артықшылығы – төмен сапалы азықпен де тез салмақ қосуы. Бұзаулары өміршең, ауруға төзімді болып келеді. Жас мал 16–18 айлығында етке өткізуге жарамды салмаққа жетеді. Етінің сапасы жоғары, дәмді әрі нәрлі, шығымы 55–60 пайызды құрайды. Бұл тұқым Қазақстанның қуаң, шөлейт және далалы аймақтарына өте жақсы бейімделген. Калмық ірі қарасы ыстық жаз бен суық қысты оңай көтереді, жайылымда бағуға қолайлы және жем-шөп талғамайды. Сондықтан ол ұзақ жайылымдық кезеңі бар өңірлер үшін аса тиімді.

Бүгінде калмық тұқымды ірі қара Түркістан, Жамбыл және басқа да оңтүстік өңірлерде кеңінен өсіріледі. Бұл тұқым шаруалар үшін шығыны аз, пайдасы мол мал саналады. Сонымен қатар асылдандыру жұмыстары арқылы оның еттік өнімділігін арттыру бағытында ғылыми зерттеулер де жүргізілуде. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара – төзімділігімен, қарапайым күтімімен және жоғары ет өнімділігімен ерекшеленетін құнды тұқым. Ол табиғи жайылымды тиімді пайдаланып, сапалы ет өндіруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тұқым Қазақстанның мал шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарады. Аталған жобаның іске асырылуы Түркістан облысының және ауданның мал шаруашылығын дамытып, ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.