Түркістан облысы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолайлы, табиғи-климаттық жағдайы мен еңбек ресурсы мол өңірлердің бірі. Соңғы жылдары аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, соның ішінде күнбағыс майын өндіру саласына инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл сала ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруда да маңызды рөл атқарады. Өңірде майлы дақылдардың егіс көлемі жыл сайын артып келеді. Күнбағыс өсіруге қолайлы аудандарда заманауи агротехнологиялар енгізіліп, өнімділік көрсеткіші жақсарып отыр. Бұл өз кезегінде өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвесторлар үшін басты артықшылықтардың бірі – шикізат көзінің жақындығы мен тұрақтылығы.
Аталған бағытта, Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс майын өндіру цехының құрылысы жүріп жатыр. Бұл өндіріс Қазақстанда майлы дақылдарды қайта өңдеу көлемінің өсуіне және өңірдің экономикалық дамуына серпін беруі жоспарланып отыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 800,0 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғанда, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Индустриялық аймақ аумағынан кәсіпорынға 3 гектар жер телімі бөлінген.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев күнбағыс майын өндіру цехының құрылыс алаңында болып, құрылыс барысы мен іске қосуға дайындық жұмыстарымен танысты. Нысанның белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету қажеттігін айтып, сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеді.

« – Күнбағыс майын өндіруге салынған инвестиция тек кәсіпкер үшін ғана емес, өңір үшін де тиімді. Жаңа зауыттардың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын және орта бизнестің дамуына, өңірдің жалпы экономикалық өсіміне ықпал етеді.Түркістан облысында күнбағыс майын өндіру саласына инвестиция салу – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі стратегиялық маңызды бағыт. Бай шикізат қоры, мемлекеттік қолдау, дайын инфрақұрылым және экспорттық мүмкіндіктер бұл саланы инвесторлар үшін тартымды етеді. Күнбағыс майы – ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұранысқа ие өнім. Түркістан облысында өндірілген өнімді Қазақстанның өзге өңірлеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты көршілес елдерге, алдағы уақытта Қытай және Таяу Шығыс нарықтарына экспорттауға мүмкіндік бар.» – деді аудан әкімі.
Жалпы, Қазақстанда күнбағыс майының өндірісі соңғы жылдары өсіп келеді: елімізде жалпы өсімдік май өндірісі артты, оның ішінде күнбағыс майы да едәуір өскен. Бұл өсім алдыңғы жылдарға қарағанда 20–25%-ға дейін жыл сайын ұлғайып, ал экспорт көлемдері де кеңейіп келеді. Күнбағыс майын өндіру жобалары мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және өңдеуге арналған субсидиялар, өндірістік жабдықтар сатып алуға берілетін инвестициялық жеңілдіктер, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық аймақтарда жер телімдерін ұсыну, корпоративтік табыс салығы мен мүлік салығы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бұл қолдау шаралары инвесторлардың бастапқы шығындарын азайтып, жобаның өзін-өзі ақтау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Облыс аумағында құрылған индустриялық аймақтарда электр энергиясы, газ, су, жол сияқты негізгі инфрақұрылымдар дайын. Мұндай аймақтарда күнбағыс майын өндіретін зауыт салу уақыт пен қаржы үнемдеуге жол ашады. Сонымен қатар логистикалық тұрғыдан облыстың Орталық Азия нарықтарына жақын орналасуы өнімді тасымалдауды жеңілдетеді.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы аталған цехтың негізгі ғимаратының құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Күнбағыс майын өндіруге арналған заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды орнату және іске қосу-баптау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың І тоқсанында толық іске қосу жоспарланып отыр.