Тұрғындары көп шоғырланған Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылын электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында ПС «Атабай» 35/10 кВ қосалқы станциясына қуаттылығы 6300 кВА болатын жаңа трансформатор орнатылды. Аталған қосалқы станция арқылы 3765 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 295 кәсіпкерлік нысан бар. Жаңа трансформатордың іске қосылуы электр желісіне түсетін жүктемені азайтып, қуат тапшылығының алдын алуға және электрмен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінің тұрғындары облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың жеке қабылдауында болып, ауыл іргесіндегі жаңадан салынған аумақта 4 көшеге жол салып беруді, газ жеткізуді және электр қуатының сапасын арттыруды сұраған болатын. Қаралып жатқан мәселе бойынша Кентау қаласының әкімдігі аталған аумақты табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар басталғанын айтып, қажетті коммуникация жүйелері тартылғаннан кейін барып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жол салуға ұсыныс берілетінін мәлімдеді.

Ал, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, елді мекен тұрғындары электр жарығын өз бетінше тартып алғанын, ондағы трансформатор қабылданған нормативтерге сай болмағандықтан, электр жарығымен қамтушы ұйымның балансына алынбағанын жеткізген еді. Аумақтағы 40-тан астам тұрғын үй осы трансформатордан энергия алып отырғандықтан, одан тарайтын қуат сапасы төмен боп жатқаны айтылған болатын.

Аталған мәселеге байланысты Зұлпыхар Сансызбайұлы газбен қамту және жол салу мәселелері кезең-кезеңімен шешілуі жоспарланғанын айтып және тиісті мемлекеттік органдардың өкілдеріне, ауыл тұрғындарына қажетті трансформатор орнату, демеушілер есебінен ауылдың ішкі көшелеріне тас төсеу жұмыстарын атқаруды тапсырған.

Осылайша берілген тапсырма Кентау қаласы әкімдігі тарапынан өз мерзімінде орындалып, шешімін тауып отыр. Атап айтқанда, бұл қосалқы станциядан Қарнақ ауылы мен Құсшы ата елді мекені электр қуатын алады. Жаңғырту жұмыстары тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерлік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне де оң ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта да электр желілерін жаңарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*