Қазіргі таңда энергия ресурстарын үнемді пайдалану – ел дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі. Электр энергетикасы саласында энергия тиімділігін арттыруда қосалқы электр станцияларының рөлі ерекше. Олар электр энергиясын тасымалдау мен тарату барысында болатын шығындарды азайтып, тұтынушыларды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергия тиімді қосалқы станцияларды салу мен жаңғырту экономикалық тұрғыдан да тиімді. Электр желілеріндегі шығындардың азаюы бюджет қаражатын үнемдеуге, ал тұтынушылар үшін электр энергиясының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы нысандары тұрақты электр қуатына қол жеткізіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Аталған бағыттағы жұмыстар Төлеби ауданында жүйелі түрде атқарылып келеді. Қазіргі таңда «Алатау» электр қосалқы станциясының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар Ленгір қаласындағы Қазығұрт, Самал және Алатау шағынаудандарын жаңа электр жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атқарылған жұмыстарды бақылау мақсатында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов аудан аумағындағы бірқатар маңызды құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралады. Іссапар барысында Ленгір қаласындағы Қазығұрт, Самал және Алатау шағынаудандарында жүргізіліп жатқан инженерлік желілердің құрылыс жұмыстары, сондай-ақ «Алатау» электр қосалқы станциясының жай-күйі тексерілді.

Айта кетейік, «Алатау» электр қосалқы станциясын іске қосу және Алатау, Самал, Қазығұрт шағынаудандарын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері тұрғындар тарапынан аудан әкімі Еркеғали Амантайұлының жеке қабылдауында көтерілген болатын. Бұл мәселе бүгінде өз шешімін тауып отыр. Мамандардың айтуынша, заманауи жабдықтар арқылы энергия шығынын 20–30 пайызға дейін азайтуға болады.

« – Қосалқы электр станциясының негізгі міндеті – жоғары кернеулі электр энергиясын төмен кернеуге түрлендіріп, оны қауіпсіз әрі тиімді түрде жеткізу. Заманауи ҚЭС-терде қолданылатын жаңа буын трансформаторлары энергия жоғалуын едәуір қысқартады. Бұл өз кезегінде электр энергиясының өзіндік құнын төмендетіп, энергетикалық жүйенің жалпы тиімділігін арттырады. Энергия тиімділік саясатына сай қосалқы станцияларда автоматтандырылған басқару жүйелері кеңінен енгізілуде.Цифрлық бақылау жүйелері электр жүктемесін нақты уақыт режимінде бақылап, тұтыну көлемін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер апаттық жағдайлардың алдын алып, артық энергия ысырабын болдырмайды. Нәтижесінде желінің сенімділігі артып, энергия тиімділігі қамтамасыз етіледі.Қосалқы электр станциялары энергия тиімділік саясатына толықтай сай келетін стратегиялық инфрақұрылым нысаны болып табылады. Заманауи технологиялармен жабдықталған, автоматтандырылған және экологиялық талаптарға сай келеді.» – дейді мамандар.

Сондай-ақ аудан әкімі Ленгір қаласындағы кәріз тазалау ғимаратының құрылыс барысына да назар аударды. Қазіргі таңда қаладағы өзекті мәселелердің бірі – кәріз жүйесінің қуаттылығы. Жаңадан салынып, кәріз жүйесіне қосылған тұрғын үйлер санының артуына байланысты қолданыстағы жүйе қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмай отыр.

Аталған мәселені шешу мақсатында Ленгір қаласында «3-кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін Ұлттық қор есебінен қаржы қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Қондырғының тәуліктік қуаттылығы – 3 500 текше метр су өңдеуге есептелген. Сонымен қатар Ленгір қаласындағы №1 және №2 кәріз тазалау ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу мәселесі де қарастырылуда.