СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Созақ ауданында жаңа Конституция жобасына байланысты тұрғындармен кездесу-жиналысы өтті. Кездесудің басты мақсаты – ел дамуы үшін маңызды болып саналатын Конституциялық өзгерістер мен толықтыруларды халыққа түсіндіру және тұрғындардың пікірін тыңдау болды.

Жиынға “Ауыл” партиясының атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Сапарбаев Рыскелді Ұнсарыұлы қатысып, ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде Конституциялық реформалардың елдің саяси жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өз кезегінде депутат барлық сұрақтарға жауап беріп, алдағы өзгерістердің ел болашағы үшін маңыздылығын түсіндірді.

Жиын ашық форматта өтіп, халық пен депутат арасында еркін пікір алмасу алаңына айналды. Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері назарға алынатыны айтылды.