ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТОҢАЗЫТҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ КЕҢЕЙТІЛІП, ЖЫЛДЫҚ ҚУАТЫ 50 МЫҢ ДАНАҒА ЖЕТЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірде жүзеге асқан инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайы мен оларды одан әрі дамыту жолдары жан-жақты талқыланды.

Келіссөз барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорт көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, «UBC Group» компаниясының қатысуымен іске асқан жобалардың тиімділігін күшейту және оларды кеңейту мүмкіндіктері сөз болды.

Игорь Бурдыленко компания Орталық Азия нарығын тоңазытқышпен қамту, отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Кәсіпорын кеңейтіліп, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмысы жанданады. Осы ретте, «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі іске асырылу сатысына өтуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгені құрайды және өндірістік әлеуетті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 1900 шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік ғимарат салу көзделген. Аталған инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жабдықталып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады сонымен қатар, кәсіпорында қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 50 000 дана мұздатқыш шығаруға жетеді деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырмақ. Бұдан бөлек, жоба аясында 2 қосалқы өндіріс орнын іске қосу қарастырылған, бұл өндірістік тізбекті толықтырып, қосымша құнды арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері Өзбекстан және Қырғызстан елдеріне экспортталуда. Алдағы кезеңде экспорт географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан нарықтарына шығу көзделген.

Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Кездескен мәселелерді бірлесіп шешуге келісті.

Айта кетейік, былтыр Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC Group» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «Jasyl suyq Qazaqstan» зауыты іске қосылған болатын. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 40 мың сауда тоңазытқышын шығару жоспарланып, 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылған болатын. Жалпы 1000 жұмыс орнын ашу көзделген және осы бағытта жоба кеңейтіліп жатыр.