Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы

2026 жылғы 16 мамыр
Адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Мыналар мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып айқындалсын:

кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру;

оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту: цифрлық құралдарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңістіктер құру;

туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;

баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру;

ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттау.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) халықтың әртүрлі санаттары, оның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етсін;

2) жаңа форматтағы кітапханалар, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құруды, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистер ендіруді қоса алғанда, оқырман инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтамасыз етсін;

3) ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде насихаттауды, оның ішінде туындыларды сапалы аудару, басып шығару, оқырмандардың кең ауқымды аудиториясына тарату арқылы қамтамасыз етсін;

4) 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыруға кіріссін;

5) жасанды интеллектіні дамыту жағдайында 2026 жылдың соңына дейін Кітап оқу мәдениетін және кітап ісін насихаттаудың 2027 – 2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын (бұдан әрі – «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы) бекітсін;

6) 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлесін;

7) 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындасын;

8) 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құрсын;

9) жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне есеп берсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының    
        Президенті                                                          Қ.Тоқаев

https://aqorda.kz/kz/kitap-oku-madenietin-damytu-zhane-zerdeli-ult-kalyptastyru-zhonindegi-sharalar-turaly-164444

 

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*