Уақытша депутаттық комиссия «Сарыағаш айналма жолы» құрылысының барысымен танысты

Түркістан облыстық мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтың өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия жұмыс сапарын Сарыағаш ауданында жалғастырды.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған мәслихат депутаттары Ж.Сүлейменов, А.Үмбетәлиев, А.Салимов, Б.Басымбек, У.Рахиев, Н.Әжіметов, Ж.Қанаев, Б.Серманизов, Д.Егамбердиева, Е.Ералиев, Ж.Құрақбаев «Сарыағаш айналма жолы» құрылысынан Көктерек елді мекеніне және Сарыағаш қаласына шығатын транспорттық қиылыс құрылыс жұмыстарымен танысты.

Нысанды аралауға Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлім басшысы М.Тәжіханов, «ҚазАвтоЖол» компаниясының Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Т.Оразбеков, мердігер және жобалаушы ұйым өкілдері қатысып, депутаттарға құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі туралы ақпарат берді.

Депутаттар Сарыағаш қаласы мен Сарыағаш шипажайлары орналасқан Көктерек кентіне шығатын көлік айрықтарының қарастырылмауы тұрғындар мен демалушылардың қозғалысына, сондай-ақ көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне бірқатар қиындықтар туындататындығын жеткізді.

Осыған байланысты уақытша депутаттық комиссия тиісті мекемелерге «Сарыағаш айналма жолы» автомобиль жолы құрылысы жобасына Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне шығатын көлік айрықтарын салу мәселесін енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Халық қалаулылары өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру кезінде тұрғындардың қажеттілігі мен көлік ағынының болашақтағы өсімі жан-жақты ескерілуі қажет екенін атап өтті.

Уақытша депутаттық комиссия «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысымен танысты

Түркістан облыстық мәслихатының жұмыс жоспарына сәйкес, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтың өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия Мақтаарал ауданындағы стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Құрылыс жұмыстарымен танысуға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған мәслихат депутаттары Ж.Сүлейменов, А.Үмбетәлиев, Н.Әжіметов, Ж.Қанаев, Б.Серманизов, Д.Егамбердиева, Е.Ералиев, Ж.Құрақбаев қатысты.

Іссапар барысында депутаттар теміржол желісінің құрылыс алаңдарын аралап, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Сонымен қатар, құрылыс алаңында өткен кездесуге Жетісай ауданының әкімі С.Мамытов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Б.Анарбеков, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма басшысы Н.Нұрабаев, мердігер және жобалаушы мекемелердің өкілдері қатысып, жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді.

Аралау барысында депутаттар аталған жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, аудандағы халық саны мен көлік қозғалысының қарқынды өсуіне байланысты «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісіндегі аспалы көпірдің құрылысын екінші кезеңнен бірінші кезеңге ауыстыру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылындағы су ұңғымаларына қатысты мәселелер талқыланды

Сарыағаш ауданында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың төрағалығымен «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жолданған өтініште көрсетілген өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өтті.

Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары А.Умбеталиев, А.Салимов, Ж.Сүлейменов, У.Рахиев, Д.Егамбердиева, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Р.Асылбекұлы, аудандық полиция басқармасының бастығы Д.Нұсқабеков, облыстық салалық басқармалар мен департаменттердің басшылары және жауапты мамандары, «Рауан» ЖШС-нің директоры Е.Омаров, Дербісек ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары қатысты.

Кездесу барысында «Рауан» ЖШС өтініште көтерген мәселелер жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, кәсіпорынға қатысты жүргізілген тексерулер, Дербісек ауылындағы қоғамдық жиындар мен митингілердің ұйымдастырылуы және оған жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары, бюджет қаражатының игерілуі және ауыз су ұңғымаларының нақты пайдалану жағдайы талқыланды.

Аталған мәселелер бойынша Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері баяндама жасап, көтерілген мәселелер бойынша түсіндірмелер берді.


Сарыағаш аудандық полиция басқармасының бастығы Дербісек елді мекенінде өткен жиналыстар, бейнеүндеулер мен митингілер туралы, аудан әкімі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органның атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді.

Баяндамалар тыңдалғаннан кейін қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мәслихат төрағасы жиынды қорытындылап, Сарыағаш аудан әкімдігіне Дербісек елді мекенінің тұрғындарын және «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісін сумен қажетті көлемде қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізу туралы ұсыныс енгізді.

Сонымен қатар, «Рауан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заң аясындағы құқықтарын түсіндіре отырып, атқарушы органмен бірлесе жұмыс жасауды ұсынды.

Аталған ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатындығы хабарланды.

Жалпы, өзара пікір алмасу нәтижесінде тараптар аталған мәселелер бойынша ортақ келісімге қол жеткізді.

Депутаттар Мақтаарал және Сарыағаш аудандарындағы инфрақұрылымдық жобалар бойынша қорытынды жиын өткізді

Уақытша депутаттық комиссия Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Сарыағаш ауданында жиын өткізді.

Жиынды Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов жүргізді.

Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары Ж.Сүлейменов, А.Үмбетәлиев, А.Салимов, У.Рахиев, Ж.Қанаев, Д.Егамбердиева, Ж.Құрақбаев, Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев, Сарыағаш аудандық мәслихат төрағасы Р.Асылбекұлы, аудан әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары, Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компанияларының өкілдері, сондай-ақ мердігер және жобалаушы ұйымдардың мамандары және аудан тұрғындары қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы және «Сарыағаш айналма жолы» құрылысынан Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне транспортты қиылыстарды салу мәселелері жан-жақты талданды.

Алдымен, Мақтаарал ауданындағы «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы бойынша мәселе қаралып, мәслихат төрағасы аралау кезінде депутаттар көтерген мәселелер халықты толғандыратынын жеткізді.

Аталғандардың негізінде депутаттар «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясына «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің жобасында көзделген аспалы көпірлердің құрылысын екінші кезеңнен бірінші кезеңге ауыстыру және теміржолдан өтетін мал өткелдері құрылысын халыққа ыңғайлы етіп жүргізу туралы ұсыныстар енгізді.

Келесі кезекте, күн тәртібіндегі екінші мәселе «Сарыағаш айналма жолы» құрылысы қаралды.
Жиында депутаттар Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне шығатын транспорттық қиылыстар-айырма жолдардың болмауы қала тұрғындары мен курорттық аймаққа келушілердің қозғалысына, сондай-ақ көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне бірқатар қиындықтар туындатып отырғанын айтты.

Бұл мәселе бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиал директорының орынбасары Т.Оразбеков, жобалаушы мекеме «Integra Construction KZ» ЖШС-нің жоба жетекшісі И.Дагхан баяндама жасады.

Жиын соңында халық қалаулылары бұл мәселе бойынша Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудан әкімдігіне Көктерек кентіне траспортты қиылыстардың құрылысын жүргізуге қатысты техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеуді, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына «Сарыағаш айналма жолы» құрылысының жобасына Сарыағаш қаласы мен Көктерек кентіне траспортты қиылыстардың құрылысын жүргізуді енгізу туралы ұсыныстар берді.

Айта кетейік, отырыс қорытындысы бойынша енгізілген ұсыныстар хаттамалық тәртіппен тиісті мекемелерге жолданатын болады.