Қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы міндеттерді іске асыру жергілікті жерлердегі нақты жұмыстармен тікелей сабақтас.

Осыған орай, Сайрам ауданында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – Қарамұрт ауылындағы карьер аумағында жинақталған мұнай қалдықтарын шығару және арнайы өңдеуге жіберу жұмыстары. Бұған дейін аудан аумағындағы экологиялық мәселелерді шешу мақсатында Қарамұрт ауылындағы карьер аумағын мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары басталып, бұл іске арнайы техникалар жұмылдырылған болатын. Қазіргі таңда аталған аумақта жиналған қалдықтарды белгіленген тәртіппен шығару және оларды арнайы өңдеу орындарына тасымалдау кезеңі қолға алынды.

Сайрам ауданынан шыққан алғашқы жүк көліктері Қызылорда облысында орналасқан «Кендор» ЖШС мекемесіне жөнелтілді. Әрбір жүк көлігіне шамамен 25 тоннаға дейін мұнай қалдықтары тиелуде. Қалдықтарды арнайы орындарға шығару арқылы олардың қоршаған ортаға кері әсерін төмендету, топырақтың ластану қаупін азайту және аумақтың экологиялық жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі. Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын кеңінен дәріптеу қажеттігі атап өтілді. Бұл ретте экологиялық мәселелерді шешу тек республикалық деңгейдегі ірі жобалармен шектелмей, әрбір өңір мен елді мекендегі нақты проблемаларды жүйелі түрде шешуді талап етеді.

Қарамұрт ауылындағы карьер аумағын мұнай қалдықтарынан тазарту жұмыстары да осы ұстанымның жергілікті деңгейдегі нақты көрінісі деуге болады. Себебі экологиялық қауіпсіздік ең алдымен адам өмір сүретін ортаның тазалығынан басталады. Жердің, ауаның және су көздерінің ластануына жол бермеу – қоршаған ортаны қорғаудың негізгі талаптарының бірі.

Мұнай қалдықтары – қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін қауіпті қалдықтардың бірі. Сондықтан оларды белгіленбеген орындарда сақтамай, тиісті талаптарға сәйкес жинау, тасымалдау және арнайы өңдеу орындарына жеткізу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қарамұрт ауылындағы жұмыстардың басты мақсаты – экологиялық тәуекелдерді азайтып қана қоймай, ластанған аумақты кезең-кезеңімен тазарту арқылы тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Экологиялық мәселелерді шешуде мемлекеттік органдармен қатар, кәсіпорындар мен жергілікті қоғамдастықтардың жауапкершілігі де ерекше. Өндірістік және басқа да қалдықтарды дұрыс басқару, оларды қоршаған ортаға зиян келтірмейтін тәсілмен кәдеге жарату – тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі.

Мемлекет басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де үнемі назар аударып келеді. 2024 жылы басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ел көлемінде абаттандыру, көгалдандыру, аумақтарды тазарту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған көптеген шаралар жүзеге асырылды. Президент бұл бастаманың мәнін тазалықты бір реттік акция емес, қоғамның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналдыру қажеттігімен байланыстырған.

Сонымен қатар қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, қалдықтарды сұрыптау және полигондарды дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осы бағыттағы міндеттердің жергілікті жерде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Қарамұрт ауылындағы карьер аумағынан мұнай қалдықтарын арнайы өңдеу орындарына шығару – экологиялық қауіптің алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, жер ресурстарын қорғауға және елді мекендердің санитарлық-экологиялық ахуалын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мұнай қалдықтарын шығару және тасымалдау жұмыстары жалғасып жатыр. Процесс барысында қалдықтарды белгіленген талаптарға сәйкес тиеу, тасымалдау және арнайы өңдеу орындарына жеткізу мәселелеріне басымдық берілуде. Жұмыстар құзырлы мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында жүргізілуде. Экологиялық қауіпсіздік – бір күнде шешілетін мәселе емес. Ол жүйелі бақылауды, жауапкершілікті және нақты іс-қимылды қажет етеді. Сондықтан Сайрам ауданында Қарамұрт ауылындағы карьер аумағын тазарту бағытында қолға алынған жұмыстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейдегі маңызды жалғасы болып табылады.

Таза әрі қауіпсіз қоршаған орта қалыптастыру – қазіргі ұрпақтың ғана емес, келешек буынның алдындағы ортақ міндет. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір ластанған аумақты қалпына келтіру, өндірістік қалдықтарды қауіпсіз басқару және экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету – елді мекендердің тұрақты дамуына жасалған маңызды қадам.
