Мақтаарал ауданында халықты әлеуметтік қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның нақты бір көрінісі – Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елді мекенінде жаңа баспаналардың әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілуі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында елді мекенде 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Бүгінде сол баспаналардың алғашқы 52-сі «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Жаңа қоныс иелерінің қатарында әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасылар бар. Осылайша, ұзақ уақыт бойы баспана күтудегі отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды.

Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, жаңа баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады. Аудан басшысы тұрғын үйдің әр отбасы үшін маңызды әлеуметтік мәселе екенін атап өтіп, баспаналы болу – азаматтардың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды қолдау шараларының бірі екенін жеткізді.

«Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен жарқын болашағының негізі. Сондықтан, бүгінгі іс-шара көптеген отбасылар үшін жаңа өмірдің бастауы, көптен күткен арманның орындалған күні деп білемін. Жаңа қонысқа ие болып отырған барлық отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, дастархандарыңыз берекеге толсын! Жаңа үйлеріңізге құт-береке, ырыс пен ынтымақ орнасын! Балаларыңыздың күлкісі үзілмей, әр шаңырақта бақыт пен бақ-дәулет мәңгілік мекен етсін!» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Жаңа үйлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, тұрғын үйлерге табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су және кәріз жүйесі тартылған. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу және кірме жолдарды ретке келтіру жұмыстары да аяқталған.

Әр тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды. Үй ішінде кіреберіс, үш тұрғын бөлме, ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Бұған қоса, әр отбасыға 7 сотық жер телімі беріледі. Бұл ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықпен айналысып, бау-бақша өсіруге және отбасылық табысын арттыруға қосымша мүмкіндік береді.

Жаңа шағын ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта мұнда спорт және ойын алаңшаларын, сондай-ақ мәдениет үйін салу жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, елді мекендегі қоғамдық және мәдени ортаны қалыптастыруға жол ашады.

Сонымен қатар, Жаңажол ауылдық округі әкімінің аппараты Ақжол елді мекенінен жаңа тұрғын үйлер орналасқан Фирдауси елді мекеніне көшіріліп, ауыл әкімшілігінің ұжымы жаңа ғимаратқа орналасты. Бұл шешім елді мекеннің әлеуметтік және әкімшілік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал етеді.

Жалпы, Фирдауси елді мекеніндегі тұрғын үйлердің берілуі – халықты әлеуметтік қамтамасыз ету бағытындағы нақты нәтижелердің бірі. Әсіресе баспанаға мұқтаж көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың тұрғын үй мәселесінің шешілуі олардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді.

Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты – азаматтарға лайықты өмір сүруге қажетті жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа баспаналардың берілуі Мақтаарал ауданында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты жемісін көрсетеді.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*