Түркістан облысының Созақ ауданында уран өндіру саласының маңызды кәсіпорындарының бірі – «АППАК» ЖШС өз жұмысын өндірістік тиімділікпен қатар, еңбек қауіпсіздігіне, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына және жергілікті халықты қолдауға басымдық бере отырып жүргізіп келеді.

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы кәсіпорынға барып, «Батыс Мыңқұдық» кенішінің жұмысымен танысты. БАҚ өкілдеріне кәсіпорынның өндірістік қуаты, еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлерге жасалған жағдай, медициналық қызмет көрсету жүйесі және әлеуметтік бағыттағы жобалары туралы кеңінен ақпарат берілді.

«Батыс Мыңқұдық» кеніші Созақ ауданында орналасқан және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатын «АППАК» ЖШС құрамына кіреді. Кәсіпорынның құрылтайшылары қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, жапониялық Sumitomo Corporation және Kansai Electric Power Co., Inc. бар.

Мыңқұдық кен орнында уран өндіруге арналған келісімшарт 2005 жылы жасалып, 2035 жылға дейін қолданылады. Кеніш 2007 жылы іске қосылып, 2011 жылы жобалық қуатына толық шыққан.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Батыс Мыңқұдық» кенішінде жоспарланған 800 тонна уранның орнына 810,7 тонна уран өндірілді. Ал сары кек (ЗОУ) түріндегі дайын өнім көлемі жоспардағы 800 тоннаның орнына 805,1 тоннаны құрады. 2026 жылы 800,1 тонна уран өндіру жоспарланса, 2027 жылға арналған өндірістік жоспар 820,2 тоннаны құрайды.

Кәсіпорын қызметінің маңызды бағытының бірі – еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің денсаулығын қорғау. Бүгінде «АППАК» ЖШС-де ауысым алдындағы медициналық тексерулер толық автоматтандырылып, цифрландырылған. Бұл жүйе медициналық бақылаудың сапасы мен объективтілігін арттырып, жұмысқа жіберуге кедергі келтіретін медициналық қарсы көрсетілімдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорындағы медициналық қызметтің жоғары деңгейде ұйымдастырылуының нәтижесінде соңғы бес жыл ішінде жұмыс орнында денсаулық жағдайының күрт нашарлауына байланысты бірде-бір өлім жағдайы тіркелмеген. Бұл – өндірістегі қауіпсіздік пен медициналық алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінетінін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Сонымен қатар кәсіпорында қауіпті өндіріс қызметкерлерін алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретуге басымдық берілген. Халықаралық деңгейде мойындалған арнайы курстардан өткен екі нұсқаушы-жаттықтырушы дайындалған. Қазіргі таңда қауіпті өндіріс қызметкерлері алғашқы көмек көрсету бойынша қажетті оқудан толық өткен.

«Батыс Мыңқұдық» кенішінде қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануына да жағдай жасалған. Вахталық кент аумағында спорт залы жұмыс істейді. Мұнда корпоративтік турнирлер, спорттық жарыстар, денсаулық марафондары ұйымдастырылып, аурулардың алдын алу және алғашқы көмек көрсету бағытында дәрістер мен семинарлар өткізіледі. Қызметкерлерге психологиялық қолдау көрсететін корпоративтік психологтың жұмысы да жолға қойылған.

2026 жылғы 30 маусымдағы мәлімет бойынша «АППАК» ЖШС-де 423 адам еңбек етеді. Оның 372-сі тікелей «Батыс Мыңқұдық» кенішінде жұмыс істейді. Қызметкерлердің 66 пайыздан астамы Созақ ауданы мен Түркістан облысының басқа аудандарында тұрады. Бұл кәсіпорынның өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудағы рөлінің жоғары екенін аңғартады.


Кәсіпорын кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға да айрықша мән береді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Батыс Мыңқұдық» кенішінің 207-ден астам қызметкері әртүрлі бағыттар бойынша оқудан өтті. Олардың қатарында еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік, үнемді өндіріс, қаржылық сауаттылық, жасанды интеллект технологияларын қолдану, уранды бақылау және ядролық материалдарға қатысты арнайы бағыттар бар.

Жас мамандарды дамыту мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «IZBASAR» бағдарламасы аясында тағылымдамалар ұйымдастырылуда. Соңғы үш жылда «АППАК» ЖШС-де атом холдингіне қарасты басқа кәсіпорындардан келген бес жас маман тәжірибеден өткен. Бұл бастама жастардың өндірістік тәжірибе жинақтап, кәсіби құзыреттерін жетілдіруіне мүмкіндік беріп отыр.

Кәсіпорын қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды да тұрақты түрде жүзеге асыруда. Өндірістегі қауіпсіздік талаптарының бұзылуын нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік беретін бейнеаналитика жүйесі енгізілген. Сонымен қатар қызметкерге өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтатуға мүмкіндік беретін «ТОҚТА-карталар» жүйесі жұмыс істейді.

Қызметкерлер заманауи жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Вахталық кентте тамақтану және демалу бөлмелері, санитарлық-тұрмыстық орындар ұйымдастырылған. Ал өндірістік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мақсатында вахталық кентті 120 орынға кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, заманауи санитарлық-тұрмыстық корпус пен шамамен 1000 шаршы метр аумақта дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.

«АППАК» ЖШС үшін өндірістік көрсеткіштермен қатар, жергілікті халықты қолдау да маңызды бағыттардың бірі. Кәсіпорын жұмыс істейтін өңірлерде тұрақты түрде әлеуметтік және қайырымдылық жобалар жүзеге асырылады.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорын тарапынан бірқатар әлеуметтік бастама қолға алынды. Халықаралық әйелдер күніне орай еңбек ардагерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері мен көпбалалы аналар қатарындағы 30 әйелге азық-түлік себеттері табысталды. Наурыз мерекесі кезінде Созақ ауданының Степное, Шолаққорған және Құмкент елді мекендеріндегі мерекелік іс-шараларға демеушілік көрсетілді.

Сондай-ақ соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің 20-сына материалдық көмек көрсетіліп, Балаларды қорғау күніне орай Құмкент ауылдық округіндегі әлеуметтік осал топтарға жататын 54 балаға арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.

Кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласын да қамтиды. «АППАК» ЖШС жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттық міндеттемелері аясында Созақ ауданындағы әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттердің оқуына тұрақты түрде қолдау көрсетеді. Мәселен, 2025 жылы өңірден 41 студентке білім алуға қаржылай көмек берілген.

Ал 2026 жылдың екінші жартыжылдығында әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысу жоспарланып отыр. Бұл бастама аясында 60 отбасыға көмек көрсету көзделген. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жататын 50 отбасыны қатты көмірмен қамтамасыз ету және студенттердің оқуына қаржылай қолдау көрсету жоспарланған.

Жалпы, БАҚ өкілдерінің кәсіпорынға арнайы барып, өндіріс барысымен танысуы «АППАК» ЖШС жұмысының негізгі бағыттарын көзбен көруге мүмкіндік берді. Өндірістік көрсеткіштермен қатар, кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің денсаулығын қорғау, кадрларды дамыту, әлеуметтік қолдау және жергілікті қауымдастықпен өзара байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылатыны байқалады.

Бүгінде «АППАК» ЖШС үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру, адам капиталын дамыту және өзі қызмет ететін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына үлес қосу маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар кәсіпорынның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарына адалдығын көрсетеді.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*