Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндірісті жаңғырту, өнімді терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Бұл бағыттағы тапсырмалар мен бастамалар Түркістан облысында, оның ішінде ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары Сайрам ауданында нақты жобалар арқылы жүзеге асуда.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысын зерделеу мақсатында Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сайрам ауданындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында Манкент елді мекенінде орналасқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет комбинатының өндірістік мүмкіндіктері таныстырылды.

Аталған кәсіпорын – Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру және шикізатты дайын өнімге айналдыру жөніндегі саясатының өңірдегі нақты көріністерінің бірі. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнында жылқы, ірі қара және ұсақ мал еттері терең өңдеуден өткізіледі.

 

Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30-40 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік береді. 460 гектар аумақта орналасқан өндірістік кешеннің құрылысы өткен жылы аяқталған. Бір ауысымда мұнда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге жағдай жасалған.

Өндіріс орнының тағы бір ерекшелігі – өнімнің ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа бағытталуы. Кәсіпорында өндірілген өнімнің шамамен 50 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Бұл Түркістан облысының ет өндірісіндегі әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп қана қоймай, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамытуда тек өнім көлемін ұлғайтумен шектелмей, оның сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сайрам ауданындағы ет комбинатының қызметі ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін өзара байланыстыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Жұмыс сапары кезінде министр мен облыс әкімі өндіріс барысын қарап, кәсіпорын ұжымымен және шаруалармен кездесті. Кездесуде мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісін ұлғайту, өнім сапасын арттыру және экспорт көлемін көбейту мәселелері талқыланды.

Айдарбек Сапаров жауапты сала мамандарына өндірістік жобаларды сапалы іске асырумен қатар, кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті. Бұл – ауыл шаруашылығын экономиканың тұрақты әрі жоғары өнімді саласына айналдыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.

Бүгінде Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан. Ауданда мал шаруашылығы, егін шаруашылығы және қайта өңдеу бағытындағы кәсіпорындар жұмыс істейді. Ірі өндіріс орындарының дамуы жергілікті шаруалар үшін өнім өткізудің тұрақты арнасын қалыптастырып, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

«KAZ ECO MEAT» ЖШС-де қазіргі таңда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Өндірістің әрі қарай кеңеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.

Түркістан облысы жалпы республика көлемінде мал шаруашылығы мен ет өндірісіндегі жетекші өңірлердің бірі. Облыста мал бордақылау алаңдары мен заманауи ет комбинаттарының саны артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және экспортқа шығару арасындағы байланыс нығая түсуде.

Бұл ретте Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жаңа технологиялық деңгейге көтеру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі бастамаларының маңызы зор. Мемлекеттік саясаттың өңірде нақты жобалармен сабақтасуы ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз қалыптастырады.

Сайрам ауданындағы «KAZ ECO MEAT» кәсіпорнының жұмысы – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Өндірістік қуатты тиімді пайдалану, өнім сапасын арттыру және сыртқы нарықтағы үлесті кеңейту арқылы кәсіпорын өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жалғаса береді. Бұл – Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің Сайрам ауданында нақты істермен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*